Әкімбай қария Астанадағы қарттар үйіне келінімен сыйыспай келгенін айтты
О, тоба, сонау келмеске кеткен кеңес заманының өзінде қарттар үйіне бірен-саран қазақтар түсе қалса, «төбемізден жай түскендей» тітіркенуші едік. Тіпті, өкпені қысқан өтпелі кезеңнің қиындықтары тұмшалаған тоқсаныншы жылдардың өзінде бұл қарттар үйіндегі қазақтардың саны сегіз-тоғыздан асып көрген емес еді.
Енді не болды?! Болдық, толдық, төрт құбыласы түгел егемен ел болдық дегендегі жеткеніміз осы ма? Жарық дүние есігін енді ғана ашқан сәбилерімізді жетімдер үйінің босағасына тастап, тумай жатып ананың ақ сүтінен, қасиетті ана тілінен айырып, ұлтсыз, тексіз тірі жетім, мәңгүрт еттік. Халқымыздың қасірет, қайғысын да, қуаныш, қызығын да басынан өткеріп, елдің еңсесін тіктеген, жердің тұтастығын сақтаған, қиындықты қара нардай қайыспай көтеріп келген қарттарымызды қажыған шағында аты суық, ұлттық ұғымымызға жат қарттар үйіне қамадық.
Бір ғана Астана қаласына қарасты қарттар үйінде тоқсанға тарта қазақтар тұратын болса, әрбір облыстағы қарттар үйі, мүгедектер үйі деп қос-қостан саналатын әлеуметтік орталықтарда тұратын қандастарымыз қанша?! Уа, замандас, көңіліңді тасытып, жаныңды жадыратқан жетістігің осы ма? Жетімі мен жесірін жатқа телміртпейтін, ата-ананы құдіреттей қадірлейтін ата дәстүр, ұлттық қасиетің қайда?! Іші де, сырты да кіршіксіз, соңғы заманауи үлгімен жабдықталған қарттар үйін аралап келеміз. «Шапағат» Астана қалалық әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» деп аталатын осы мекеменің қызметкері, көпті көрген салиқалы азамат Еркін Дәуешов мекеменің жетістіктерін жіпке тізгіндей баяндап жүр.
Шындығында да елбасының салиқалы әлеуметтік саясатының нәтижесінде мұндағы қарттар мен мүгедектерге шынайы қамқорлық жасалған екен. Қарттар үйінің әрбір тұрғынын бағып-қағу үшін күніне 4 394 теңге, айына – 131 796, жылына 1 581 552 теңге қаржы жұмсалады екен…
Жұмақ апай
Өмір-ай, қалтылдаған қайығы бар, Қарттардың тек қартайған айыбы бар. Бақтырған мұңлықтарды Үкіметке, Көбінің үйде бала, зайыбы бар… Есігі жартылай ашық тұрған бөлмеден естілген мұңды әуен бізді елең еткізді.
«Жұмақ апай ғой, өлеңдетіп отырған», деді Ерекең жылыұшырай жымиып. «Жолыға- йық, кірейік» дедік біз де жартылай ашық есік алдында аңтарылып. «Мен мынау шежірелі Ереймен өңірінің тумасымын. Биыл міне, сексеннің сегізіне шығып отырған Дәмек Мұқышқызы деген апаларың мен боламын», деді ақ жаулығын төгілте жамылған кейуана мейірімді жүзінен ізгілік есіп.
– Менің әкем де, құдай қосқан қосағым Өмекең де өмір бойы басқарма болды. Тұрмыс тауқыметін тартқам жоқ. «Ішкенім алдымда, ішпегенім артымда» дегендей, жалғанды жалпағынан басып өттім. Тек жаратқанның бір перзентке зар қылып қойғаны болмаса… Мен жасымда жабысқан кеселдің кесірінен ғұмыр бойы құрсақ көтермей өттім. Ұзақ жылдар мына Сілеті ауданында кеңшар директоры болған жолдасым Өмірбай Қылышбаев сонау сексенінші жылдардың ортасында қайтыс болды. Мен ұзақ жылдар туған сіңлімнің қамқорлығымен бір бөлмелі пәтерде тұрып келдім. Осыдан тура төрт жыл бұрын қатты ауырып қалдым. Төсектен тұруға шамам келмей, аузыма су тамызатын жан болмады. «Бірге тумақ болса да, бірге жүрмек жоқ» екен. Қанша айтқанмен сіңлімнің өз үйі, өз күйі бар. Содан кейін ұзақ уақыт қабырғаммен кеңесіп, осы мекемеден бір-ақ шықтым. Бұл мекеменің қызметкерлеріне шексіз ризамын. Баладай күтеді. Президентіміз бен Үкіметіміздің шынайы қамқорлығының арқасында барлық жағдай жасалған, бейне бір «жұмақ» дерсің (Мекеме қызметкерлері әжейдің «бұл жер – жұмақ қой» деп жиі айтатын сөзіне орай Жұмақ апай дейді екен). Тек бұл жалғаннан перзентсіз өткен жалғыздығым болмаса… Кейуана кемсеңдеп, ілезде сулана қалған кәрі көздерін ақ жаулығының ұшымен сүртті.
– Ал жаңағы жыр жолдары кімдікі? Өзіңіз өлең жазасыз ба?
– Жоқ, қарағым. Бұл өлеңді осы қарттар үйінде тұрып, ертеректе қайтыс болған Мағауия деген қарт шығарған екен. Көңілім мұңға толған кезеңде осы өлеңді әуенге қосып, ыңылдайтыным бар. Дүние-ай, қиын екен қартайғансын, Қуаныш, қызықтарың ортайғансын. Бауыр ет балаңдағы безіп кетер, Қуарып қу ағаштай қалқайғансын. Өмір-ай, қалтылдаған қайығы бар, Қарттардың тек қартайған айыбы бар, Бақтырған мұңлықтарды Үкіметке, Көбінің үйде бала, зайыбы бар. Жаратқан жан емес ем тілге ұста, Батпай-ақ қойды-ау мынау күн де қысқа. Кімге де ата-анасын бағу парыз, Бұл сөзім болғай ұрпақ, елге нұсқа…
Келінге сыймай келдім
Шерлі әуенге ұласқан ұзақ жыр жолдарын естіген жанның ет жүрегі тебіренбей тұра алмайды екен. Мұндай жыр жолдарын тегін адамның жазбағаны анық. Өз жайын да, өзгенің қайғысын да бар болмысымен ұққан. Тағдыр тәлкегін көре отырып, өзгеге кінә артпайды. Қайғы-мұңын шерте отырып, ұрпаққа сабақ етіп, мұндайдың қайталанбауын қалайды. Ақылы теңіз, сабыры сарқылмас көл қазақтың нағыз қара нар қарттары ғой, бұл! Ал осындай қазыналы қарттарды, асқар таудай ата-ананы кірер есігі бар, шығар жолы беймәлім қарттар үйіне қамаған қандай жетесіздер?!
– Менің бес балам бар еді. Бір ұл, бір қызым қайтыс болды, қалғаны дін аман. Өзім үш жылдан бері осы жерде тұрып жатырмын, – деді өзін Әкімбай Сәтімжанов деп таныстырған ұзын бойлы, уақыт салмағынан сәл еңкіш тартса да, еңкеймеген еңгезердей қарт.
– Өзім Талдықорған өңірінің тумасымын. Ұзақ жылдар бойы Семейде, Жаркентте аудандық тұтынушылар қоғамында дайындаушы болып еңбек еттім. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін үлкен ұлдың қолында тұрдым, − деді Әкімбай қарт (кейіпкеріміздің өтініші бойынша аты-жөні өзгертілді) үзілген әңгімесін одан әрі жалғап.
− Талғар қаласына көшіп келіп, үлкен үй салып алдық. Ұлыма машина алып бердім. Барлық жиған-тергенімді сол ұлдың жолында жұмсадым. Бірақ «қиюы кеткеннің қисыны келмейді» екен. Қанша иілсем де келінге жақпай қойдым. «Отырсам опақ, тұрсам сопақ» дегендей, балама жаман атты қыла берді. Бір шаңырақтың астында тұрсақ та, өз тамағымды өзім істеп ішетін болдым. Бара-бара үш немеремді қарсы қойып, «сүтке тиген мысықтай» жеті бөлмелі үйге сыйғызбауға айналды. Ұлым да бұртыңдап, келіннің айтқанына жығыла берді… Әкімбай ақсақал әңгімесін тағы да үзіп, ауыр күрсінді. Жетпіске жете қоймаса да, ақсақалдың терең әжім торлаған аққұба жүзінен әбден қажығандықтың табы сезіледі. Ақсақалдың терең күрсінісінен-ақ осы әңгімені айтудың өзі қаншалықты ауыр екендігін аңғарғандаймыз.
– Өткен жылы осында мені іздеп ұлым келіп кетті. Артымнан іздеушім бар екенін сезініп, алғашқыда ерекше қуандым. Алайда, көп ұзамай, көңілім су сепкендей басылды. Талғардағы жеті бөлмелі үй менің атымда болатын. Ұлымның келген себебі, «сол үйді немерелерімнің атына шығарсаң қайтеді» деген өтініш екен. Менің жағдайымнан гөрі ұлымды үйдің мәселесі көбірек алаңдататынын көріп, қатты күйіндім. Амал қанша, «іштен шыққан шұбар жылан» ұлымның дегеніне көндім. Ол үйді өзіммен бірге о дүниеге арқалап әкетемін бе, немерелерімнің амандығының садағасы, – деп Әкімбай ақсақал немерелерін сағынғанын сездіріп, қабағын түйе түнеріп кетті…
21 жыл қапаста өткен ғұмыр
Күн сәулесі мол төгілген терезе алдында далаға телміріп, кәрілік жеңген тұрлаусыз тіршіліктен қажыған қарт отыр. Шуақты көктем төңіректі түгел бусандырып, тіршілік атаулыны қыбырлаған қимылға көшіріп, дүниені түрлендіре бастапты. Тек төрт қабырғаға қамалған қарт көңілі селт етер емес. Кәрі денесінен де жан кеткендей, қаққан қазықша қимылсыз қалыпты. Әлден уақытта ішкі тебіреністен шыққан өксік жасы ма, әлде алыс көкжиекке тесіле қарағаннан жанарларының жасаурағаны ма, әжім торлаған беттерін айғыздап аққан көз жасын қолының сыртымен сығып-сығып алды. Аяқ-қолы еркінен тыс дірілдеген қарт үш ұмтылып, орнынан зорға тұрды.
Қабырғада сүйеулі тұрған таяғын алып, тізелері икемге келмеген аяқтарын сүйрете басып, бөлме ортасындағы столдың үстінде ыбырсып жатқан қағаздарға қол созды. Шашылған қағаздардың арасынан әскери форма киген сымбатты жігіттің суреті қолына ілікті. Ол фотосуретті жаңа көргендей тесіле қалды. Ұшқыштардың әскери киімі денесіне жараса қонған, қияқ мұртты, сұңғақ бойлы сұлу жігіттің суретін аударыстыра ұзақ қарады. Мінсіз сымбатымен сүйсіндірген қара торы мұртты жігіт пен мынау таяққа сүйенген аппақ қудай шалдың арасындағы ұқсастықты іздегендей жансыз суреттен жасаураған жанарларын тайдырар емес. Иә, сексеннің сеңгіріндегі мына қалтыраған қарт пен ана суреттегі қылшылдаған сұлу жігіттің заты бір – 20 жылдан астам уақыттан бері осы қарттар үйінің тұрақты тұрғынына айналған Ғабдулбари Жәнібеков еді.
Бұл кісі мына Астананың іргесіндегі Астрахан ауданындағы Өндіріс ауылының тумасы болатын. Арғы аталары осы өңірдегі мыңды айдаған ауқатты адамдар болыпты. Өзінің атасы да Ақмола өңірінің орыс-қазағын «Байәділ-богатый» атанып, аузына қаратқан беделді адам болған екен. Ғабдулбари ақсақал кешегі кеңес заманында біраз жыл милиция қатарында қызмет атқарыпты. Одан кейін Целиноград әуежайында азаматтық авиация өрт сөндірушілерінің басшысы болып, ұзақ уақыт еңбек етіпті. Ұзын бойлы, батыр тұлғалы келбетіне көркі сай сымбатты жігіт заманында шалқып өмір сүріпті. Қылшылдаған жігіт шағында әйел затының көз жауын алғанға ұқсайды. «Барий келе жатыр» десе, ауылдың қыздары сыланып-таранып көзге түсу үшін көшеге шығады екен. Міне, осылай «жалғанды жалпағынан басып жүрем» дегенде, өмір шіркін өте шығыпты… – Менің осы қарттар үйіне тұрып жатқаныма 21 жылдан асты. Қазір міне, 82 жасқа келдім. Қарға адым жер қайғы болғанда, енді өмірдің қандай мәні қалды дейсің.
Адам қолымен істегенін, мойнымен көтеруі керек. Денсаулықтың бар кезінде «қатын жолда, бала белде» деп есіріп, талайлардың көз жасына қалдым. Заң жүзінде қосылған әйелім өзге ұлттың өкілі еді. Жалғыз баламызды жат қылып өсірді. Ажырасқанымызға да талай жылдың жүзі болды. Қазір олардың бар-жоғынан да бейхабармын. Барлығына өзім кінәлімін. Дүние қаз-қалпында тұратындай, бәрін белден басып, ертеңгі күнімді ойламадым. Амал не, бәрі кеш! Ешкімге қояр кінәм да жоқ. Тек мынау тар қапаста текке өткен 21 жыл ғұмырыма өкінемін, – деп кәрілік жеңген Ғабдулбари қария қалтырай сөйлеп, өксік ата еңкілдеп қоя берді… Қарттар үйінен көңіліміз құлазып шықты. Нұрын төге жарқыраған көктем күнінің де күпті көңілді көтере алар түрі жоқ. Заманауи озық үлгімен салынған салтанатты ғимараттар терезесінен телміре қараған қарттар бейнесі көз алдымнан кетер емес…
Жылқыбай Жағыпарұлы, «Егемен Қазақстан»
Тағы да оқыңыз:
Алматы облысында қарттар үйі қызметкерлерінің мүгедектерді қалай қорлап келгені әшкере болды
Қайыр сұрап күн кешкен шымкенттік қария қарттар үйіне орналасуды армандап жүр
Атыраудағы қарттар үйінде екі мүгедек жан ерлі-зайыпты атанды