Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ақылы үйірмелерге қатысып, медаль алғаны жазылған": Қазақстандық ата-аналар eGov-та балаларының жалған секцияларға тіркелгенін анықтады

eGov.kz порталына кіру тәртібі өзгерді: 1414-тен SMS код керекФото: egov.kz

Қазақстандық ата-аналар eGov-тағы Bilim бөлімінде балалары туралы жалған ақпарат жазылғанына шағымданды. Айтуларынша, мұнда көп жылдан бері оқушылардың мемлекет қаржысына бірнеше үйрмелерге барып жүргені көрсетілген. Алайда іс жүзінде ондай үйірмелер мүлде ұйымдастырылмаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Желі жазбаларына сүйенсек, ата-аналар бұған дейін балалары туралы осындай деректер жазылғанын білмеген. 

“Жүйе бойынша балаи бейнелеу өнері мен волейбол үйірмесіне қатысады екен. Бірақ оның дене шынықтырудан босату туралы анықтамасы бар. Тағы жазда тілдік лагерьге барған болып шықты. Ал біздің ауылда ондай лагерь мүлде ұйымдастырылған жоқ. Бірақ құжат бойынша бәрі жұмыс істеп, балалар барып жүргендей көрсетілген”, 
“Сөйтсем, менің қызым да бірнеше жылдан бері тенниспен айналысады екен. Мектептен мұндай тіркеу қайдан щыққанын сұрасам, өздері де білмейді”,  
“Қызым түрлі музыкалық аспаптарда ақылы түрде оқиды екен. Ал жүйе бойынша ол Қарағандыда оқыған болып шықты. Негізі біз Өскеменде тұрамыз, Қарағандыға мүлде барған емеспіз. Тағы бір қызығы, жүйеде ол 2019 жылы бір спорттық жарысқа қатысып, алтын медаль алған”,
“Екі қызым мемлекет қаржысы есебінен ақылы үйірмелерге қатысады деп көрсетілген. Бірақ біз де, қыздарым да бұл туралы ештеңе білмейміз. Осыған байланысты Білім басқармасына өтініш жаздым”, – деді ата-аналар. 

Фото: Желі жазбасынан

Осы жағдайға байланысты Stan.kz тілшісі Оқу-ағарту министрлігінен жүйеде неліктен жалған ақпарат тіркелгенін сұрады.

“eGov порталындағы "Bilim" сервисінде орналастырылған мәліметтер білім беру ұйымдары енгізетін Ұлттық білім беру дерекқорындағы (ҰБДҚ) деректер негізінде қалыптастырылады. Аталған деректердің дұрыстығы мен уақытылы жаңартылуына білім беру ұйымдары жауапты. Деректердің өзектілігін қамтамасыз ету мақсатында Оқу-ағарту министрлігі жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен талдау жұмыстарын жүргізді.  Нәтижесінде кейбір жағдайларда Ұлттық білім беру деректер қорының жүйесіне мәліметтер уақытында енгізілмегендіктен, жүйеде ескі және өзектілігін жоғалтқан ақпарат сақталып қалған. Осыған байланысты білім басқармаларына Ұлттық білім беру деректер қорындағы мәліметтерді нақтылап, жаңарту тапсырылды. Егер қателіктер анықталса, жауапты тұлғалар қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылады. ”, – делінген хабарламада. 

Ведомство eGov порталындағы “Bilim” сервисінде ескірген немесе дұрыс емес мәліметтер анықталса, ата-аналар немесе заңды өкілдер ақпаратты нақтылау үшін білім беру ұйымдарына жүгіне алатынын түсіндірді.  

STAN.KZ
Сейсенбі, 10 Наурыз, 2026 16:15