Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ахметов пен Ермегияев ұрлаған ақша қалай қайтарылғаны белгілі болды

Сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін сотталған экс-премьер Серік Ахметов пен “ЭКСПО Астана” ҰК бұрынғы басшысы Талғат Ермегияев жымқырған ақшаны шетелге шығарған.

Бұл туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының басшысы Талғат Татубаев мәлімдеді, де хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

“Шетелдік әріптестермен ынтымақтастық орнатып, өз шекарамызды кеңейтіп жатырмыз. Бұл жұмыстың тиімділігіне заңсыз активтерді жылыстатуға қарсы бүкіләлемдік күрес септігін тигізіп отыр. Бүгінде аталған бағытта біраз нәтижеге қол жеткіздік.

Мәселен, экс-премьер Серік Ахметовтің ісі бойынша ұрланған ақшаның 360 миллион теңгесі Бірікккен Араб Әмірліктеріне шығарылған. Сол елдің құзырлы органдарымен өзара әрекеттесе отырып, бұл қаржыны анықтап, республикалық бюджетке қайтардық”, — деді Татубаев жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі халықаралық конференцияда.

Оның айтуынша, дәл осындай жағдай “ЭКСПО Астана” ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Талғат Ермегияев пен басқа да лауазымды тұлғалардың ісінде де анықталды. Жымқырылған қаржы бұл жолы Германияға шығарылған. Олар көрмені сылтауратып, 13 миллиард теңгені шетелдік фирмаға аударған.

“Осылайша ұрланған ақшаны жеке мақсатта пайдалануға тосқауыл қойылуда. Жемқорлардың активтерін бұғаттау мен анықтау жұмысы жалғасып, тәркіленген мүліктің мемлекет кірісіне айналғанға дейінгі процесс бақылауда болады. Біздің бастамамызбен мұндай активтерді әлеуметтік жағынан осал топтарға беру мәселесі пысықталып жатыр: балалар үйіне, көп балалы отбасыларға”, — деп толықтырды бюро басшысы.

Ол соңғы жылдары қылмыстың әшкереленуі едәуір ұлғайғанын, сотқа 6 мыңнан аса қылмыстық іс жолданғанын атап өтті.

“Әр қылмыстық іс жіті тексеріледі, себебі әр жағдайдың артында адамның тағдыры жатыр. Істің барлық мән-жайы бүге-шігесіне дейін анықталып, зерттеледі. Нәтижесінде күдіктілер өз кінәсін түсініп, қылмысын мойындайды, өз ісіне өкінеді. Тек биылғы жылдың өзінде қылмыстық істердің үштен бірі осындай тәртіпте аяқталды”, — деді Татубаев.

Қызмет кезеңі ішінде сегіз мыңнан аса жемқорлық фактісінің жолы кесілді, нәтижесінде үш мыңдай адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Келген шығын 60 миллиард теңгеден асады, оның жартысы өтелді.

Оқи отырыңыз:

Президенттің сынынан кейін  шенеуніктер шетел асқан қаржыны қайтаруға кірісті

Әнші Бүркіт түсірген фильм алғашқы аптада-ақ қыруар қаржы тапты

Жемқорлардың мүлкі көпбалалы отбасыларға таратылуы мүмкін

 

 

 

Талқылау