"Әкесі ауыр демалып, беті боп-боз болып тұрды": Дана Нұржігіт марқұм Салтанат Нүкеноваға арнап жазба жариялады
Белгілі журналист Дана Нұржігіт әйелін ұрып өлтірген экс министрдің әрекетіне қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: https://www.instagram.com/dana_nurzhigit/
Айта кетейік, Қуандық Бишімбаев пен Бақытжан Байжановқа қатысты апелляциялық сот отырысы өтіп жатыр.
“Сот үкімі күшіне еніп, апелляциялық соттың шешімімен Бишімбаевтың жазасы жеңілдетілмейтін болды. Көктемде бұл процесс жүріп жатқанда мен бір ауыз сөз жазбадым. Пікір білдірмедім. Ештеңе. Біріншіден: сот процесі жүріп жатқан кезде ол жұмысқа кедергі келтіруге болмайды деп есептеймін. Этикалық тұрғыдан солай болу керек. Екіншіден: сол күндері, дәл сол ғимаратта жабық есік жағдайында мен қозғаған қылмыстық іс те қаралып жатты. Бишімбаевтың Салтанат жайлы айтқан сөздеріндей бықсық әңгіме құдды бір сценаристің қолынан шыққандай менің процесімде де маған қарата да айтылып жатты. Менің мұндай психологиялық-моральдық қысымнан неге сынып кетпегенімнің бір себебі:мен өмір көрген адаммын, менің балам бар. Маған босаңсуға болмайтын, күресіп, тойтарыс беруден басқа жол жоқ екенін түсінгенім. Оңай болған жоқ”, – деп жазды журналист.
-
Бишімбаевтың адвокаты сот үкіміне үш апелляциялық шағым түсірді
-
"Шындық ешкімге керек емес": Бишімбаев сот үкімімен келіспейтінін айтты
Сондай-ақ медиа маманы қыздарға кеңес айтып, абьюзер, тиран еркектердің өзгермейтінін айтты.
“Салтанат жас, “әлі-ақ үй болып кетерміз, қоятын шығар…”деген үмітпен өзінің жеке шекарасын босаңсытып, абьюзердің толық бақылауына түскенін, ерік, жігерінен айырылып жатқанын, баяғы Салтанаттың тірі өлікке айналып бара жатқанын аңғармай қалды. Бишімбаев сияқтылар адамды алдымен тұлға ретінде жоқ қылуға тырысады. Болмысын мансұқ етіп, жанын піскілеп, қанын теспей сорып аяғында өлтіріп тынады. Салтанатты бір жылға жеткізбей дәл солай сындырып барып,ақыры жанын алды. Қыздар, құрбылар,естеріңізде болсын! Ешқашан өзгермейді. Оның сізге жаны ашымайды. Ол өзіне сырт көз бола алмайды. Өзіңізді алдамаңыздар!
Сол күндері сот ғимаратының дәлізінде Салтанаттың әкесімен жолығып қалдым. Ол кісі мені танығандай көрінді маған. Ауыр демалып, беті боп-боз болып тұр екен. Орнымнан тұрып, “ Алла қуат берсін Сізге, аға! Қайғыңызға ортақпын. Бекем болыңыз!” дегеннен басқа сөз таппадым. Ол кісі басын изеді де сот залына қарай жүріп кетті. Неткен ауыр сынақ еді!”, – деп жазды журналист.
Еске салайық, бұған дейін Әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деп айыпталған бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев 24 жылға бас бостандығынан айырылған еді. Ал екінші айыпталушы Бақытжан Байжанов 4 жылға сотталды.