Лоукостерден Air Astana рейсіне ауыстырылған жолаушыларға фильм көруге рұқсат бермей қойған
Фото: Коллаж Stan.kz
Air Astana рейсіне ауыстырылған FlyArystan жолаушыларына мультимедиялық жүйені қолдануға рұқсат берілмеген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Әлішер Төреғали есімді жолаушы Threads әлеуметтік желісінде жағдайды баяндады. Оның айтуынша, жолаушыларды FlyArystan рейсінен Air Astana-ға белгісіз себептермен ауыстырған. Сосын оларға FlyArystan рейсінен билет сатып алғандықтан фильм көруге тыйым салынған.
“Бізді Fly Arystan әуе компаниясының рейсінен Air Astana-ға белгісіз себептермен ауыстырды. Біз Fly Arystan әуе компаниясына билет сатып алғандықтан фильм көруге тыйым салынды. Менің түсінуімше, біз Fly Arystan рейсіне билет алғандықтан кеш ұштық”, – деп жазды ол.
Аталған жағдайға Air Astana әуе компаниясы жауап берді. Олар FlyArystan рейстерінде құлаққаптар жоқ болғандықтан, мультимедиялық жүйені пайдалануға рұқсат берілмегенін айтты.
"FlyArystan рейсі Air Astana ұшағына ауыстырылған жағдайда, жолаушыларға қызмет көрсету әуе компаниясының бюджеттік стандарттарына сәйкес жүзеге асырылады. Мультимедиялық жүйені пайдалану үшін арнайы құлаққап қажет. Алайда FlyArystan рейстерінде құлаққаптар берілмейді. Сондықтан бұл қызмет қолжетімсіз. Қолайсыздық үшін кешірім сұраймыз", – делінген жауапта.
Сондай-ақ олар ұшақтың ауыстырылуы мәжбүрлі шара екенін айтты. Ауыстыруға ұшақтың кешігіп келуі немесе техникалық ақаулар себеп болуы мүмкін екенін жеткізді.
Аталған жағдайға байланысты желі қолданушылары өз басынан өткен оқиғаны баяндады. Көпшілігі әуе компанияның біржақты ғана жұмыс істеп, жолаушылар тарапына мән бермейтінін баса айтты.
"Астана-Атырау бағыты бойынша 25 маусым күні техникалық себептерге байланысты Air Astana рейсі FlyArystan ұшағына ауыстырылды. Біз билетті Air Astana-дан арнайы алған едік. Себебі біз екі баламен ұштық. Мұндай жағдайға мультимедиялық жүйенің болуы маңызды. Бірақ FlyArystan ұшағында ондай жүйе мүлде болмады. Рейс 1 сағатқа кешікті, түсініктеме де берілмеді, ешқандай өтемақы да қарастырылмады. Неге сіздердің ережелеріңіз тек біржақты жұмыс істейді?!”.
"Құлаққап сіздер сияқты ірі әуе компаниясы үшін ұсақ нәрсе. Түркияда бізді Ajet (лоукостер) рейсінен Turkish Airlines-қа ауыстырды. Олар бізге толық қызмет көрсетті. Тамақ беріліп, бар жағдай жасалды. Билет арзан лоукостердікі болса да, Turkish Airlines үшін жолаушы маңызды. Ал @airastana құлаққап бермей, дұрыс сервис ұсынғысы келмеді".
"Бірде Lufthansa Амстердам–Базель бағыты бойынша рейске міндік. Олар жолаушыларды шағын, жеке ұшаққа отырғызды. Сонда да олар ештеңеден аянып қалмады. Бәрімен қамтамасыз етті. Құлаққап сияқты ұсақ-түйек үшін шағым айтпады".
"Бірде бізді Air Astana-дан FlyArystan-ға ауыстырды. Бірақ бұл туралы тіркеу кезінде берілген отырғызу талонына қарап білдік. Ол кезде мен ақылы орын сатып алып едім. Рейс ауыстырған кезде оны ешкім ескерген жоқ, ақшам да қайтарылмады".