Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тарихындағы ең ірі тапсырыс: Air Astana компаниясы Airbus A320neo-ның 50 ұшағын сатып алмақ

Фото: wikipedia.org

Air Astana әуе тасымалдаушысы Airbus A320neo ұшақтар отбасының 50-ге дейінгі әуе кемесін жеткізуге қатысты екіжақты меморандумға қол қойды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Құжат 25 нақты тапсырыс пен 25 опционды қамтиды және алдағы әуе паркін жаңарту бағдарламасының негізі болмақ.

Тапсырыс құрамына Airbus A320neo және A321neo үлгілерінің үйлесімі енеді. Алғашқы ұшақтар 2031 жылдан бастап жеткізіле бастайды. Негізгі модель ретінде Airbus A321LR таңдалған. Бұл Air Astana Азия мен Еуропаға ұзақ қашықтықтағы рейстерді орындау үшін премиум санаттағы салонмен алғашқылардың бірі болып жабдықтаған үлгі. Соңғы жылдары компанияның A321LR ұшағын пайдалану тәжірибесі әлем бойынша осы типтегі жаңа операторлар үшін бағдарға айналды. Жаңа тапсырыс бұрын жарияланған жоспарларға қосымша болып табылады және акционерлердің мақұлдауын талап етеді.

Компания басшысы Питер Фостердің айтуынша, A320neo отбасының ұшақтар паркін кеңейту операциялық тиімділік пен қызмет көрсету сапасының жоғары стандарттарын сақтауға, сондай-ақ әуе тасымалдаушының тұрақты өсімін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

"A320neo отбасының әуе кемелері көп жылдан бері біздің флотта сенімділігімен танылып келеді, ал жаңа ұшақтар компанияның орнықты дамуына және ұзақ мерзімді табыстылығына ықпал ететініне сенімдімін", – деді Air Astana бас атқарушы директоры Питер Фостер.

Air Astana Airbus A320ceo ұшақтарымен 2006 жылы жұмыс істей бастады. Бұл ұшақтар Қазақстан ішіндегі және Орталық Азия мен Кавказ елдеріне рейстерде қолданылды. A320neo әуе паркіне 2016 жылы қосылса, 2019 жылы компания алғашқы A321LR ұшағын алды. Қазіргі таңда бұл ұшақтар алыс бағыттарда пайдаланылып келеді.

Қазір Air Astana тобының жалпы әуе паркі 62 ұшақтан тұрады, оның 59-ы Airbus A320 отбасының әуе кемелері. Бұл ұшақтар Air Astana рейстерінде де, сондай-ақ бюджеттік FlyArystan әуе компаниясының бағыттарында да қолданылады.


Қазақстандық әйел ұшақта апатты шығу есігін ашып жіберген: Енді 7 миллион теңге төлеуі тиіс


Жазда Алматы-Варшава тікелей рейсі ашылады


Еске салайық, бұған дейін Air Astana алысқа ұшатын Boeing 787-9 Dreamliner 18 әуекемесін сатып алатынын жазған едік. Жаңа тапсырыс 2026–2027 жылдары жеткізілетін үш Boeing 787-9 ұшағына қатысты бұрынғы келісімшартты толықтырады, жалпы саны 18 ұшаққа жетеді. Ұшақтар 2032–2035 жылдары жеткізіледі, жалпы құны 7 миллиард долларға тең. Air Astana бас атқарушы директоры Питер Фостердің айтуынша, Dreamliner ұшағының ыңғайлы салоны, отын үнемділігі және икемділігі компанияға Орталық Азия мен Кавказдан Азияға, Еуропаға және басқа аймақтарға рейстерді кеңейтуге мүмкіндік береді.

Айым Атамбаева
Сенбі, 22 Қараша, 2025 15:09
Талқылау