Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Air Astana Airbus-тан 25 ұшаққа тапсырыс берді: Тағы 25-ін сатып алуға құқылы

Air Astana Airbus-тан 25 ұшаққа тапсырыс берді: Тағы 25-сін сатып алуға құқылыФото: wikipedia.org

Air Astana 25 дана Airbus A320neo ұшағына тапсырыс беріп, осы модельдегі тағы 25 әуе кемесін сатып алу құқығына ие болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Air Astana сатып алған су жаңа әуе кемелері туралы Қазақстан қор биржасы (KASE) сайтында жарияланды. 

Мәміле 26 ақпаннан бастап барлық ұшақтар толық жеткізілгенге дейін жалғасады. Құжатта компания 25 Airbus A320neo ұшағын нақты сатып алатыны және осы үлгідегі тағы 25 ұшақты алу құқығына ие екені жазылған.

Бұл құқық компанияға қажет болған жағдайда қосымша 25 ұшақты бұрын келісілген бағамен және белгіленген мерзімде сатып алуға мүмкіндік береді.

Еуропалық ұшақтардың құны – кем дегенде 550 миллиард теңге болмақ.



Air Astana Airbus компаниясымен нақты келісім жасап, 5 орта қашықтыққа арналған Airbus A320neo және 20 ұшақ Airbus A321NX жеткізуді жоспарлап отыр. Ұшақтар 2031-2034 жылдары жеткізілуі керек.

  • Airbus A320neo – ең көп дегенде 194 жолаушыға арналған, ұшу қашықтығы 6,3 мың шақырым;
  • Airbus A321NX – Airbus A321neo нұсқаларының бірі, ең көп дегенде 227 жолаушыға арналған, ұшу қашықтығы 7,4 мың шақырым.

Еске салайық, бұған дейін Air Astana алысқа ұшатын Boeing 787-9 Dreamliner 18 әуекемесін сатып алатынын жазған едік. Жаңа тапсырыс 2026–2027 жылдары жеткізілетін үш Boeing 787-9 ұшағына қатысты бұрынғы келісімшартты толықтырады, жалпы саны 18 ұшаққа жетеді. Ұшақтар 2032–2035 жылдары жеткізіледі, жалпы құны 7 миллиард долларға тең. Air Astana бас атқарушы директоры Питер Фостердің айтуынша, Dreamliner ұшағының ыңғайлы салоны, отын үнемділігі және икемділігі компанияға Орталық Азия мен Кавказдан Азияға, Еуропаға және басқа аймақтарға рейстерді кеңейтуге мүмкіндік береді.

Айым Болатқызы
Дүйсенбі, 02 Наурыз, 2026 14:14