Ағынды суды жер қойнауына төккен: "Маңғыстаумұнайгаз" компаниясына 32 миллиард теңге айыппұл салынды
Маңғыстау облысының прокуратурасы "Маңғыстаумұнайгаз" компаниясына 32 миллиард айыппұл салынғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Мmg.isd.kz
Прокуратураның дерегінше, "Маңғыстаумұнайгаз" АҚ-ның қызметінде ағынды суларды жер қойнауына жіберу, сондай-ақ тиісті шектеу орнатпай бұрғылау қалдықтарын жинақтаумен байланысты өрескел заң бұзушылықтар анықталды.
"Прокурорлар қолданған шаралар барысында соттың 2024 жылғы 4 желтоқсанда шыққан қаулысымен компания Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 328-бабымен (Қоршаған ортаға жол берілетін антропогендік әсер ету нормативтерін бұзу) әкімшілік жауапқа тартылып, 31 миллиард теңге көлемінде айыппұл салынды. Сот актісі заңды күшіне енді. Сонымен қатар мұнай жылыту пештерінен қоршаған ортаға ластаушы заттардың шамадан тыс шығарылу фактісі де анықталды", – делінген хабарламада.
Аталған факт бойынша былтыр 11 желтоқсанда компания қосымша әкімшілік жауапқа тартылып, 1,2 миллиард теңге айыппұл салынды.
Еске салайық, бұған дейін Маңғыстауда компаниялардың бірі экологияға зиян келтіргені үшін өтемақы төлеуге міндеттелгенін жаздық. Маңғыстау облысының табиғат қорғау прокурорлары жер қойнауын пайдаланушы – "БузачиНефть" ЖШС газды жағу салдарынан мемлекетке келтірілген 2,2 миллиард теңге көлеміндегі экономикалық залалды өтеуіне шаралар қабылдады. 2024 жылдың 17 желтоқсанында мемлекет кірісіне 270 млн теңге сомасына алғашқы төлем түсті. Бұдан басқа, бұған дейін табиғат қорғау прокуратурасының қадағалау актісі бойынша болған апатқа байланысты экологиялық нормаларды бұзғаны үшін "БузачиНефть" ЖШС-не 362 млн теңге айыппұл салынды. Ол толық төленді.