"Ағашы қурап, жері құрғап жатыр": Түркістанда экс-әкім Шөкеевтің кезінде 9,3 миллиард теңгеге салынған демалыс орны неге қараусыз қалды?
Фото: Видеодан скрин
Түркістан облысында туризмді дамыту мақсатында құрылған "Шаға" жасанды көлі апатты жағдайда тұр. Бұрынғы әкім Өмірзақ Шөкеевтің кезінде салынған нысан қараусыз қалып, жері құрғап, ағаштары қурап қалған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Аталған жағажай Өмірзақ Шөкеев Түркістан облысының әкімі болған кезеңде (2019 жылдың ақпаны – 2022 жылдың тамызы) жүзеге асырылған. Бұл жердің "Шөкеев жағажайы" деген бейресми атау алуына сол себеп. 3 жыл бұрын әкім қызметінен кеткен Шөкеевтің есімі БАҚ беттерінде қайта атала бастады. Себебі соның кезінде 9,3 миллиард теңгеге салынған нысан бүгінде қараусыз қалып, бүлінген нысанға айналған. Жағажай күзетке алынғанымен, туристік-сауықтыру орталығы жұмыс істемейді. Оның аумағына кіру мүмкіндігі де шектелген.
Аталған жағдайға қатысты Stan.kz тілшісі Түркістан облысы әкімдігі мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінен мән-жайды сұрап білді.
Өңір әкімдігінің жауабы
Облыс әкімдігінің мәліметінше, бұл "Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2024 жылға дейінгі кешенді жоспары" аясында жүзеге асырылып жатқан екі кезеңді инфрақұрылымдық жоба.
Жобаның мақсаты – туризмді дамыту және аймақтағы су шаруашылығы мәселелерін шешу. Соның ішінде тасқын суларын жинау және ағызу.
“Түркістан облысының әкімдігі "Түркістан туристік-сауықтыру орталығының инженерлік инфрақұрылымын салу" жобасын іске қосты. Оның мақсаты – қала тұрғындары мен қонақтарының демалуына қолайлы жағдай жасау. Инвестиция тарту және көктемгі су тасқыны аймағында және көктемгі су басатын аймақта қызмет көрсететін жасанды көл салу арқылы туризм саласын дамыту”, – делінген әкімдік хабарламасында.
Жоба екі кезеңде жүзеге асырылады.
1-кезең:
- саябақ салу;
- Аумақты функциялық аймақтарға бөлу: белсенді демалыс аймағы, балалар ойын алаңдары, дене шынықтыру және спорт алаңдарын салу.
2-кезең:
- Инженерлік инфрақұрылымды салу (Шаға жасанды көлі);
- Көрші аумақты дамыту: жағажай, қайықтар мен моторлы қайықтар, серуендеу алаңдары, автотұрақ, фуд-корт, ойын алаңдары, амфитеатр салу.
Қазір екінші кезең бойынша жұмыстар орындалып, жасанды көл салынған.
Объектінің сипаттамаларына тоқталсақ:
- Жалпы ауданы: 81 гектар;
- Су бетінің ауданы: 65,5 гектар;
- Көлдің сыйымдылығы: 2,3 миллион метр куб;
- Каналдардың ұзындығы: 6,1 шақырым.
“2021 жылы жоба мемлекеттік сараптамадан оң қорытындысын алды (13.08.2021 ж. No19-0016/21). Барлық жұмыс авторлық және техникалық қадағалаумен, аккредиттелген мамандардың қатысуымен жүргізілді. 2022 жылы жағажай маусымын бастау үшін нысан екі бөлікке бөлінді. Біріншісіне жер жұмыстары, көгалдандыру, каналдар, тереңдету, жағалауды қорғау жұмыстары кірді”, – делінген хабарламада.
@photosinterr Как вам?
♬ 5000 - Ирина Кайратовна
Әкімдік мәліметінше, жағажай 2022 жылдың 15 маусымында пайдалануға қабылданып, операциялық ұйымның балансына берілген. Оны жүзеге асыруға 7,04 миллиард теңге бөлініп, игерілген. Оның ішінде құрылыс-монтаждау жұмыстарына – 6,6 миллиард теңге, жобалық-сметалық құжаттамаға – 215,7 миллион теңге, инженерлік-құқықтық жұмыстарға – 183,5 миллион теңге жұмсалған.
“Тексеру нәтижесінде жұмыс сапасына қатысты ескертулер анықталды. Мемлекеттік сатып алу туралы шартқа сәйкес, мердігер 5 жылдық кепілдікке ие. Міндеттемені орындамағаны үшін 1 126 374 теңге айыппұл салынды. Іс экономикалық сотқа беріліп, ол мердігерге кемшіліктерді (каналдар, ғимараттар, асфальт) өз қаражаты есебінен жойып, айыппұл төлеуге міндеттеді”, – делінген хабарламада.
Әкімдік мәліметінше, жасанды көл аумағына кіретін №2 учаскеге қоршау, абаттандыру, суару жүйесі жұмыстары соңына жейін жүргізілмеген.
“№2 учаскеге қоршау, абаттандыру, суару жүйесі, жарықтандыру, көпірлер, сорғы станциясы, көл маңындағы жолдар, К-3 каналы кіреді. Құны: 2,1 миллиард теңге. Қаржы тапшылығына байланысты жұмыс жүргізілмеді. Тергеу аяқталғанша нысанның жұмысы уақытша тоқтатылды. Сонымен қатар кез келген құрылыс-монтаж жұмыстары да тоқтатылды”, – делінген хабарламада.
"Шаға" көлінің пайдалану ерекшеліктері
Көл еріген суды қабылдап, Түркістан магистральдық каналына жіберу арқылы тасқын суларын реттеуге арналған.
- Сыйымдылығы: 2,3 миллион м³
- Жағажай маусымына арналған толтыру: 1,7 миллион м³
- Жылдық айналымы: 1,1 миллион м³
- Булану және сүзу: 0,7–1,3 миллион м³.
Сонымен қатар жасанды көл аквапарктерге және ескекші арнасын толтыруға пайдаланылады.
Ал Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің мәліметінше, департаментте "Шаға" жасанды көліне байланысты бюджет қаражатының мақсатсыз жұмсалуы бойынша қылмыстық істер тіркелмеген.