Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

АЭС салу бойынша қаулы, ЛГБТ насихатына тыйым, маймыл шешегінің өршуі: Тамыз айындағы маңызды оқиғалар

Тамыз оқиғаларға толы ай болды. Елімізде ЛГБТ насихатына тыйым салу туралы петицияны ішінара мақұлданып, АЭС салу туралы қаулы қабылданды. Сонымен қатар Олимпиада жеңімпаздары елге оралып, түрлі сый-сыяпатқа ие болды. Алайда маймыл шешегінің өршуі көпті алаңдатып қойды. Stan.kz ақпарат агенттігі бұл айда болған маңызды оқиғаларға шолу жасады. 

Қазақстан құрамасы Париждегі Олимпиаданы жеті медальмен аяқтады

Қазақстан құрамасы 2024 жылы Парижде өткен Олимпиада ойындарында жеті медаль жеңіп алды.

Жалғыз "алтынды" дзюдошы Елдос Сметов алды. Ол 60 келі салмақта өнер көрсеткен еді. 

Гимнаст Нариман Құрбанов, грек-рим күресінен Демеу Жадраев (77 келіге дейін) және боксшы Нұрбек Оралбай (80 келіге дейін) Олимпиададан күміспен оралды.

Назым Қызайбай (бокс, 50 ​​келіге дейін), атқыштар Александра Ле мен Ислам Сәтбаев (аралас командалық жарыс) және дзюдошы Ғұсман Қырғызбаев қола жүлде иеленді. Осылайша Қазақстан жеті медаль иегері атанып, 41-орынға жайғасты. 

Жеңімпаздарды Тоқаев құттықтап марапаттады. 

Елдос Сметов І дәрежелі "Барыс" орденімен, Демеу Жадыраев, Нариман Курбанов, Ғұсман Қырғызбаев және Нұрбек Оралбай “Парасат” орденімен, ал Ислам Сәтбаев, Александра Ле және Назым Қызайбай “Құрмет” орденін иеленді. 

ЛГБТ насихатына тыйым салу туралы петиция ішінара мақұлданды

1 тамызда "Қазақстанда ЛГБТ-ны ашық және жасырын түрде насихаттауға қарсымыз!" петициясы бойынша шешім жобасына жария талқылау өтті.

Отырысқа мәдениет және ақпарат министрлігі, ішкі істер министрлігі, оқу-ағарту министрлігі, әділет министрлігі, денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері, парламент депутаттары, сарапшылар мен қоғам қайраткерлері қатысты. 

Талқылауда мемлекеттік органдардың, өтініш берушілердің, сарапшылардың және мүдделі тараптардың ұстанымдары айтылған жұмыс тобының алдыңғы екі отырыс нәтижесі талқыланды.

Петицияны қарау барысында ұлттық және халықаралық нормативтік құқықтық актілерге талдау жүргізілді. 

Нәтижесінде уәкілетті орган "Жасөспірімдер мен балаларды жыныстық қатынастарды насихаттау мен культ қылудан қорғау, алшақтату" талаптарына қатысты петицияны ішінара мақұлдау туралы шешім қабылдады. 

Мәдениет және ақпарат министрлігі бұл шешім елдегі негізгі заңның ережелеріне, халықаралық және ұлттық нормативтік құқықтық құжатқа, отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасында көрсетілген мемлекеттік саясатқа сәйкес келетінін мәлімдеді.

Бұрынғы уақыт белдеуі қайтарылмайтын болды

1 наурыздан бастап еліміз бірыңғай уақыт белдеуіне көшті. Бірақ тұрғындар бұған наразы болып, петиция жариялады. 7 маусымда Қазақстанда уақытты өзгертуден бас тартуды талап еткен петиция 50 мың дауыс жинады. Үкімет біртұтас уақыт белдеуінің қаншалықты орынды екенін қарастыру үшін жұмыс тобын құрды.

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев “Бұрынғы уақыт белдеуін қайтару" петициясы 2 тамызда петиция бойынша шешім шығарып, оны қанағаттандырудан бас тартты. Оның мәлімдеуінше, UTC + 5" уақыт белдеуі – Қазақстан аумағының көп бөлігінде табиғи циклге барынша жақын стандартты уақыт белдеуі.

Қазақстанда АЭС салу бойынша қаулы қабылданды

Қазақстанның түкпір-түкпірінде АЭС құрылысына қатысты қоғамдық талқылаулар өтті. Содан кейін үкімет атом электр станциясын салу бойынша жалпыхалықтық референдум өткізу туралы президенттің жарлығы туралы қаулы қабылдады.

 Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Қазақстанда атом энергетикасының перспективаларын келтіре отырып, одан артық балама жоқ екенін және басқа энергия көзінде болашақ аз екенін мәлімдеді. 

Енді АЭС-ті төрт компанияның бірі салуы мүмкін:

  • HPR1000 реакторы бар қытайлық CNNC компаниясы;
  • APR1000 және APR1400 реакторлары бар кореялық KHNP;
  • VVER-1200 бар ресейлік Росатом;
  • EPR1200 технологиясымен франциялық EDF.

Несиелердің шекті мөлшерлемесі төмендетілді, несие алу үшін жұбайының келісімін алу ережесі бекітілді

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің "Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті мөлшерін айқындау туралы" қаулы жобасы 20 тамызда күшіне енді. Қаулы жобасына сәйкес, несиелер бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі келесідей төмендетіледі: 

  • кепілсіз қарыздар – 46%;
  • кепілді қарыздар – 35%;
  • ипотекалық қарыздар – 25%;
  • микрокредиттер – 46%;

Сондай-ақ жұбайының (зайыбының) келісімі қажет банктік қарыздың немесе микрокредиттің ең төменгі мөлшері бекітілді. 

Егер клиент некеде болса және ол алғысы келетін несие сомасы 1000 АЕК-тен (2024 жылы 3 692 000 теңге) асса, оның жұбайы келісім беруі керек.

Микрокредит шартына қол қоймас бұрын банк немесе микроқаржы ұйымы (МҚҰ) клиенттің тіркелген некеде тұрғанын әділет министрлігі жүйесі арқылы тексеруге міндетті.

Қызылорда облысында сексуалды құлдықта болған 16 жастағы қыз 1000-нан аса клиентке қызмет көрсеткен

Тамызда Қызылорда облысында 16 жастағы оқушы қызды сыныптастары жезөкшелікке мәжбүрлегені туралы ақпарат тарап, көптің жағасын ұстатты. Жәбірленушінің анасының айтуынша, барлығы қызы 10-сыныпта сыныптас құрбысымен жақын араласа бастаған кезде басталған.

Мәлімдеулерінше, қаңтарда олар қыздың телефонын алып, оны жезөкшелерге арналған сайтқа тіркеп, мас және жалаңаш күйінде киім ауыстырып жатқанын видеоға түсіріп алып, бопсалаған. Сондай-ақ есірткі тұтынуға мәжбүрлеген.

“Алғашында қызым олардан қорыққан. Ақпанда қызым үйге келіп, мектепке барып жүрді. Бірақ содан кейін қылмыскерлердің талабы күшейіп, қызым күндіз де, кешке де шыға бастады. Екі күн бойы үзіліссіз жезөкшелікпен айналысуға мәжбүр болған күндері де болыпты. Егер ол ақшаны аударуды бес минутқа кешіктірсе, оны ұрып-соғады екен”, – деді қыздың анасы.

Полиция қызға келген ер адамдардың барлық ақша аударымдарын анықтады. Олардың саны 1000-нан асады. Күдіктілер ай сайын жәбірленушіні пайданалып 3 миллион теңгеге жуық табыс тауып отырған. "НеМолчиKZ" қорының негізін қалаушы Дина Таңсәрі қызды зорлаған алғашқы "клиенттің" ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкері екенін де атап өтті.

Күдіктілердің туыстары қыздың ата-анасын улы газбен уландырамыз деп қорқытқан көрінеді.

"Қазір олардың үйінің жанында үнемі полиция қызметкері тұрады. Алайда ол жәбірленушінің қауіпсіздігіне ғана жауапты. Ал анасын бүкіл қала біледі, ол өз өмірі үшін қорқады", – деді Дина Таңсәрі.

15 тамызда облыстық полиция департаменті іс бойынша кәмелетке толмаған төрт баланың ұсталғанын, олардың үшеуі уақытша ұстау изоляторына қамалып, ал біреуі үйқамаққа алынғанын хабарлаған еді. Ал 24 тамыз күні іс бойынша ұсталған күдіктілер саны сегізге жеткені белігілі болды. 

Қайрат Сатыбалдының жазасы жеңілдетіліп, бас бостандығын шектеуге ауыстырылды

Қайрат Сатыбалды “Сеніп тапсырылғанның мүлкін жымқыру”, ”Ұрлық жасау мақсатынсыз залал келтіру” бойынша кінәлі деп танылып, мүлкі тәркіленіп, 6 жылға бас бостандығынан айырылған еді. 

Кейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қайрат Сатыбалдыұлының 733 миллиард теңгеге жуық мүлкі Қазақстанға қайтарылғанын мәлімдеді. 2022 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Қайрат Сатыбалдыдан мемлекетке заңсыз сатып алынған 732,8 миллиард теңге немесе 1,6 миллиард доллардан астам сомаға мүліктік активтер мен ақшалай қаражат қайтарылды. Бұдан соң Қайрат Сатыбалдыұлының тағы 50 миллиард теңгеге жуық активі мемлекет меншігіне өтті. 

Ол жазаның 1/3 бөлігінен астамын өтеген соң, қалғанын бас бостандығын шектеу түріндегі жаза ретінде өтеу үшін өтінішхат жазды. Сот оның шығынды өтеп, түзету орнында жақсы пікірге ие болғанын ескеріп, өтелмеген 3 жыл 3 ай 7 күнін бас бостандығын шектеуге ауыстырды.

6 айдан астам комада жатқан сарбаз Ербаян Мұхтар ауруханадан шықты, халық оған 280 миллион теңге жинап берді

Бауыржан Момышұлы атындағы 5571 әскери бөлімінің сарбазы Ербаян Мұхтар әлі қалпына келмесе де, ауруханадан шығарылды. Бұған дейін сарбаздың анасы тергеудің әділ өтіп, кінәлілердің жазалануын талап еткені туралы жазған едік. Ішкі істер министрлігі сарбаздың ісін өз қарауына алғанын мәлімдеді. 

Ауруханадан шығарылғаннан кейін сарбаздың туыстары жеке дәрігерлердің ақысын төлей алмай қазақстандықтардан көмек сұрады. 

"Санитарлық авиацияның 25 000 000 теңгеден 60 000 000 теңгеге дейін тұратыны қорқытады. Емдеу қанша айға созылатыны, емхана қанша төлейтіні белгісіз. Адамдар медицинасы дамыған елдерге ұшуға кеңес береді. Ал бұл, тиісінше, біз ойлағаннан әлдеқайда қымбатқа түседі", – дейді блогер.

Қаржы жинау 1 маусымда басталған. Ол кезде Түркияда емделу үшін 30 миллион теңге қажет екені айтылған.

Шотқа 280 миллион теңге жиналды. Сарбаздың жақындары халыққа алғысын жаудырды.

Боксшы Жанқош Тұраров қыз зорлады деген күдікке ілінді

19 тамызда сағат 23.00 шамасында Әуезов ауданына қарасты 5-шағынауданда зорлық болды деген хабар келіп түсті. Оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлері әйелдің Жанқош Тұраров зорлады деген арызын қабылдады. Алғашында спортшы мұны жалған ақпарат деп жоққа шығарғанымен, кейін зорландым деген Әнару Құрманәлі көптің алдына шығып, оқиғасын толық баяндады.

Сөзінше, олар 2018 жылдан бері жақын қарым-қатынаста. Осы уақыт аралығын Тұраров оны алдап, әйелінен ажырасып, оған үйленемін деп уәде берсе керек. Ал соңғы рет 12 тамызда кездескенде боксшы оны күшпен жыныстық қатынасқа түсірген.

Кейін Әнарудің белгілі композитор Қалдыбек Құрманәлінің қызы екені белгілі болды. 

Әлемде не болды?

Маймыл шешегі Африкадан тыс елдерге тарады

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Африкадағы маймыл шешегі індетін халықаралық алаңдаушылық тудыратын төтенше жағдай деп жариялады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша жыл басынан бері Конго Демократиялық Республикасында маймыл шешегінің 14 мыңнан астам жағдайы тіркелді. Салдарынан 524 науқас көз жұмды. Ауру Орталық Африка Республикасында, Кенияда, Руандада тіркелген.

18 тамызда маймыл шешегін жұқтырудың алғашқы жағдайы Швецияда тіркелді. Осыдан кейін елдер алаңдай бастады. Қазақстан шекарадағы бақылауды күшейтті.

Енді ДДСҰ Еуропада ай сайын Mpox вирусын жұқтырудың 100-ге жуық жағдайы тіркеледі деген болжам жасады.

Осыдан кейін Азияда да вирус тіркелді. Таиландқа келген турист ауру жұқтырып келгені анықталды. 

Украина Ресейдің Курск облысына басып кірді

6 тамызда Ресей Украинаның қарулы күштері Сумымен шектесетін Ресей Федерациясының Курск облысының Суджа және Коренев аудандарында шекараны бұзып өткенін хабарлады. Суджа ауданының аумағында Ресей Федерациясы үшін маңызды бірқатар нысандар, Ресей газының Украина арқылы транзитін қамтамасыз ететін Газпромның газ өлшеу станциясы, 330 кВ қосалқы стансасы мен телемұнарасы, сонымен қатар жабдықты жеткізу жолдары бар.

Путин Украинаны айыптап, мұны “арандатушылық” деп атады. Қазір аймақта төтенше жағдай режимі енгізілген және тұрғындар эвакуацияланды. 

Украина әскері 11 елді мекенді басып алды:

  • Николаево-Дарьино (Сум облысы шекарасынан солтүстікке қарай 1,5 шақырым);
  • Дарьино (Сум облысы шекарасынан солтүстікке қарай 3 шақырым);
  • Свердликово (Николаево-Дарьино-Дарьино облысының шығысы)

Сонымен қатар Украина қарулы күштері Любимовка аумағына кіріп, мемлекеттік шекарадан 10 шақырым жерде орналасқан 38К-030 Суджа-Кореново тас жолына өтті.

12 тамызда Украина президенті Владимир Зеленский Ресейдің Курск облысында “арнайы әскери операция" жүргізіп жатқанын мойындады. 

Telegram негізін қалаушы Павел Дуров Францияда қамауға алынды

Дуров Telegram-дағы контентті модерациялаудан бас тартқаны үшін ауыр қылмыстарға қатысы бар деп айыпталып отыр. Олардың ішінде терроризм, есірткі саудасы, ақшаны жылыстату және басқаларын атап отыр.

Сонымен қатар Telegram балалар порнографиясы мен зорлық-зомбылыққа қарсы күресетін екі халықаралық ұйыммен ынтымақтастықтан бас тартқан. Олар – АҚШ-тың жоғалған және қанауға ұшыраған балалар орталығы (NCMEC), екіншісі – Ұлыбританияда орналасқан Интернет бақылау қоры (IWF).

Екі ұйым да Telegram-ға интернеттегі балаларға қарсы қылмыстармен күресуге ұсыныс білдірді, бірақ мессенджер оларға жауап бермепті.

Дуровтың Ресей азаматтығымен қоса француз азаматтығы бар, бірақ ол жақында Еуропадан айналып өтіп жүрген, өйткені ол тұтқындалатынын білді. Десе де 25 тамызда ол бұл елге Әзербайжаннан келген.

Француз бұқаралық ақпарат құралдарының жазуынша, ол Франция азаматы болғандықтан босатылмайды және айырбастауға немесе экстрадициялауға жатпайды. 

Айыптарын саралай, оған 20 жылға бас бостандығынан айыру қаупі төнді. 

28 тамызда ол сот залында қамаудан босатылды. Десе де тергеу жалғасып жатыр. 

Осыдан кейін швейцариялық Ирина Болгар ТДуровтың үстінен шағым түсірді. Ол өзін Павел Дуровтың балаларының анасымын деп таныстырып, Дуровты баласына зәбір көрсетті деп айыптап отыр. Шағым Швейцария сотына 2023 жылдың наурыз айында түскен.

Әйелдің айтуынша, Павел Дуров 2021 мен 2022 жыл арасында 2017 жылы туған баласына 5 рет зәбір көрсеткен. Салдарынан баланың миы шайқалып, ұйқысы бұзылған. 

Ауғанстанда әйелдерге көшеде сөйлеуге тыйым салынады

Ауғанстандағы "Талибан" қозғалысы "жамандықты жоюға" бағытталған жаңа заңдар қабылдады. Соның ішінде енді әйелдерге көпшілік алдында даусын шығаруға, яғни ер адамның көзінше сөйлеуге тыйым салынады.

Заң әйелдердің ерлерді еліктіріп, азғындамасын деген оймен оның сыртқы келбетіне қатысты ережелерді қатаң ұстанады:

  • Әйел денесін толығымен жабуы керек;
  • Ер адамның ойы бұзылмас үшін әйел бетін жабуы қажет;
  • Әйелдің дауысы да "әурет" болып саналады, оны көпшілік естімеу керек;
  • Әйелдер өз үйінде болса да, ән айтпауы керек немесе дауысын қатты шығармау керек, яғни оның дауысы көшеде естілмеуі тиіс;
  • Әйелдердің киімі жұқа, қысқа немесе денеге жабысып тұратындай болмауы керек;
  • Әйелдер бет-жүзін тек туыстығы бар ер адамға және күйеуіне көрсете алады, қалғандарынан жасыруы міндетті.

Ерлерге әйелдің денесіне, бетіне қарауға, әйелдерге де еркектерге қарауға тыйым салынған.

Сондай-ақ ер адамдарға галстук тағуға болмайды.

Заңға сәйкес, такси жүргізушілеріне жалғыз жүрген және хиджаб кимеген әйелдерді көлікке мінгізуге, бір жерге апаруға тыйым салынады. Яғни қыздың жанында әкесі, кәмелетке толған ағасы сияқты жақын туыстары немесе күйеуі ертіп жүруі керек. Ерлер мен әйелдерге көлікте қатар отыруға тыйым салынады.

Жаңа заң тіршілік иелерінің фотоға түсіруге оны жариялауға тыйым салады. Тек адам емес, тіпті құстардың, жануарлардың фотосын жасауға болмайды. Сондай-ақ тірі жандардың мүсінін сатып алуға және сатуға да тыйым салынған.

Заң енді магнитофон мен радиодан музыкаларды алып тастауды талап етеді. Сондай-ақ тірі жандары бар фильмдер алып тасталады.

Талқылау