Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Екінші АЭС, коммуналдық қызмет тарифінің бағасы және салықтың көтерілуі: Тоқаев үкімет отырысында не айтты

28 қаңтарда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен үкімет отырысы өтті. Президент жиын барысында не айтты? Stan.kz ақпарат агенттігі маңыздыларына тоқталып өтті.

Фото: Ақорда баспасөз қызметі 

Тоқаев қосылған құн салығын 20 пайызға дейін көтеру ұсынысын қолдады

Премьер-министр Олжас Бектенов Қосылған құн салығы көтерілетінін айтты. Қазақстан қосылған құн салығын 20 пайызға дейін көтеруді қарастырып жатыр екен.  

Ал премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин қосылған құн салығы бойынша тіркеу шегін 78 миллион теңгеден 15 миллион теңгеге дейін төмендетуді ұсынды. 

"2,3 миллион кәсіпкерлік субъектілерінің тек 6 пайызы, яғни 137,7 мыңы ғана Қосылған құн салығын төлеушілер санатында. Оның 88 мыңы ғана ҚҚС төлейді. Оның бір себебі – ҚҚС бойынша тіркеу шегінің жоғары болуы. Қазір бұл 78 миллион теңге", – деді ол.

Қосылған құн салығы өтелетін салыққа айналады. Қосымша 300 мың жаңа салық төлеуші ​​пайда болады дейді. Сондай-ақ ол әлеуметтік салық пен жұмыс берушілердің зейнетақы жарналары алынып тасталатынын, олардың шығыны бюджет есебінен жабылатынын жеткізді. 

Серік Жұманғариннің сөзінше, банктер мен ойын бизнесі үшін салықтар көтеріледі.

Мемлекет басшысы үкіметтің Қосылған құн салығы мөлшерлемесін көтеру туралы ұсынысын қолдады

"Жалпы, реформа қажет. Бұл бастаманы құптаймын. Бірақ барлығын жан-жақты талқылап, зерделеу керек. 2025 жылы бірінші кезекте салық және бюджет кодекстеріне назар аудару қажет. Бірақ қазір Ұлттық қордан түсетін трансферттерді азайтып, оның жинақтау функциясын күшейту керек. Қорда жинақталған қаражатты ірі инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға пайдалануға болады", – деді Тоқаев. 

Сондай-ақ президент әлеуметтік салық мәселесін ерекше мұқият қарастыру керек дейді. 

Екінші деңгейлі банктерді сынады. 

Мемлекет басшысы елдегі екінші деңгейлі банктердің қызметін сынап, елге көмек көрсететін уақыт келгенін айтты. Сондай-ақ банктердің ақшасын экономикалық айналымға қосу үшін мемлекет қаражатын несие мөлшерлемесін субсидиялауға қарай бағыттау керек деді. 

“Екінші деңгейдегі банктердің ресурстарын үкіметтік бағдарламаларға, атап айтқанда, ірі инфрақұрылымдық жобалардың құрылысы мен жаңғырту жұмысына тартуға болады және тарту керек деген мәселе көп айтылды. Мемлекет бөлетін қаражатты кезең-кезеңімен несие мөлшерлемесін субсидиялауға қарай бағыттау керек. Бұл қаржыландыру көлемін бірнеше есе ұлғайтып, банктердің ақшасын экономикалық айналымға қосуға мүмкіндік береді. 2017 жылдан бастап 2020 жылға дейін бірқатар ірі банкке мемлекет тарапынан, соның ішінде Ұлттық қор есебінен 15 жыл мерзімге қаржылай қолдау көрсетілгенін білесіздер. Бұл көмек банк акционерлері де ортақ жауапкершілікке ие болады деген талаппен берілді”, – деп мәлімдеді президент. 

Тоқаевтың айтуынша, кейбір банктер өз шығынын әлдеқашан өтеген. Бірақ мемлекеттің иелігіндегі қаржыны қайтаруға асықпайды.

“Әкімдер мектебін” құруды ұсынды

Тоқаев үкіметке Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бірлесіп, "Әкімдер мектебі" оқыту жобасын іске қосуды тапсырды. Бұл жағдайда "Аmanat" партиясының тәжірибесін ескерген жөн дейді. 

"Әкімдерді тікелей сайлаудың нәтижесінде мемлекеттік қызметкерлердің жаңа санаты – сайланатын басшылар пайда болды. Бұл – екі жарым мыңнан астам басшы лауазымындағы қызметкер деген сөз. Олардың арасында бұрын мемлекеттік қызметте жұмыс істемеген азаматтар, соның ішінде жастар көп. Сол себепті сайланған әкімдер мен түрлі деңгейдегі басшыларды кешенді дайындықтан өткізу мәселесі өте өзекті болып тұр", – деді Тоқаев. 

Үкіметке екінші АЭС салынатын орынды ұсынуды тапсырды

Тоқаев елде энергия тапшылығы артып келгендіктен, алғашқы АЭС құрылысын тездету керек дейді. 

“Энергия тапшылығы артып келеді. Сондықтан алғашқы Атом электр станциясының құрылысын тездету қажет. Жалпы елімізде ядролық кластер құру ісін қолға алу керек. Бұл – еліміздің болашақта ойдағыдай дамуына қатысты аса маңызды міндет. Үкіметке "Самұрық-Қазына" қорымен бірлесіп, атом саласын дамытудың ұзақ мерзімге арналған жоспарын әзірлеуді тапсырдым. Нақты нәтиже керек. Жан-жақты талдау жүргізіп, атом электр станцияларын салуға барынша қолайлы жерлерді, сондай-ақ заманауи және қауіпсіз технологияларды анықтау қажет. Үкімет пен парламент екінші ядролық станцияны қай аймақта салу қажет екені жөнінде маған ұсыныс беруі керек”, – деді ол.

Мемлекет басшысы елімізге ядролық қуат керек, онсыз Қазақстан келешекте ойдағыдай дами алмайды деп мәлімдеді. 

Туризм экономикасын дамытуды тапсырды

Тоқаев елімізде туризм экономикасы артта қалып, жұмыс мардымсыз жүріп жатқанын айтты.

"Келесі кезек күттірмейтін мәселе. Туризм экономиканың өсуіне жаңаша серпін беретін сала болуы қажет. Бұл бағытта біз артта қалып барамыз, жұмыс мардымсыз жүріп жатыр. Еліміздің әр аймағында көрікті жерлер бар. Шетелден және ел ішінен келген туристер біздің қайталанбас қорықтарымызды аралап көргісі келеді. Бірақ белсенді және ауқымды туризмді дамыту үшін жағдайымыз жеткілікті емес. Сондықтан жеке инвесторларды да тарта отырып, қажет инфрақұрылым салу жұмысын дереу бастау қажет", – деді Тоқаев.

Туризм саласының инвестициялық әлеуетін күшейтуге арналған кез келген бастамаға қарсы шығатын адамдардың жетегінде кетпеу керек деді ел президенті. 

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының тарифтерінің бағасы тым төмен дейді

Тоқаев елімізде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының тарифтері мен отын-энергетикалық ресурстардың бағалары тым төмен деп атап өтті. Оның айтуынша, ТМД елдеріне қарағанда Қазақстанда баға айтарлықтай төмен. 

Оның айтуынша, мұндай жағдай нарықтағы теңгерімсіздікке алып келеді. Қазақстандағы жанар-жағармайдың төмен бағасы оның шетелге шығарылуына себеп болады. Үкімет алдында мұндай жағдайлардың алдын алу міндеті тұр дейді Тоқаев.

"Жылу электр станцияларындағы апаттар елдің беделіне нұқсан келтіріп, оның абыройын түсіреді. Бұл мемлекеттік қызметкерлердің жауапсыздығы мен біліксіздігін көрсетеді. Әкімдіктерде коммуналдық шаруашылықтарды басқаруда профильді мамандар емес, заңгерлер мен басқа да гуманитарлық сала өкілдері отыр. Энергетика мен коммуналдық объектілерді басқарудың жаңа стандарттарына тез арада көшу қажет. Үкіметке жаңа тарифтік саясатты жүзеге асыруды жалғастыру міндеті тұр. Тарифтер нарықтық жағдайларға сәйкес болуы керек. Әйтпесе электр энергиясы, жылу мен су үздіксіз беріле беруі мүмкін емес", – деді президент үкіметтің кеңейтілген отырысында.

Суды тұтынудың әлеуметтік нормаларын енгізуді тапсырды

Тоқаев қоғамда ресурстарды үнемдеп пайдалану мәдениетін қалыптастыру маңызды екенін жеткізді.

“Мұны талай жылдан бері айтып келемін. Бірақ азаматтарға үндеу тастау жеткіліксіз. Бұдан бөлек, ресурстарды тұтынудың әлеуметтік нормаларын енгізу қажет. Үлгі етуге болатын жақсы мысалдар бар. Мысалы, дәл осындай ұстаным ай сайын суды сегіз пайызға жуық үнемдеуге мүмкіндік берді. Бұл – аса маңызды. Себебі Қазақстанда ғана емес, бүкіл Орталық Азияда су тапшылығы күшейіп тұр. Сондықтан суды үнемдейтін технологияларды пайдалану мәселесі өте өзекті”, – дейді президент. 

Сондай-ақ ол Қытай елінде әлемдік деңгейдегі озық технологиялар барын, олар тәжірибесін бөлісуге дайын екенін жеткізді.

“Бірақ біздің жақ – құлықсыз, оның үстіне батыл шешімдер жоқ. Үкіметке осы шаруамен белсенді айналысып, 1 маусымға қарай жұмыс барысы туралы есеп беруді тапсырамын", – деді Тоқаев.

Талқылау