Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Талай рет асылып өлмекші болдым": Алты жасында зорлық көрген отандық заңгер педофилдерге өлім жазасын сұрайды

Белгілі заңгер Ләззат Рақышева саналы өмірін зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге көмек көрсетуге арнап келе жатыр. Басты себеп - 6 жасында көршісінен зорлық көруі. Оған бұл туралы айту әлі күнге дейін қиын. Соңғы уақытта еліміздегі педофилдердің көбеюі оны алаңдатады. Заңгер балғын балалықтың тұнығын лайлайтын арамзаларды өлім жазасына кесуді сұрайды. Stan.kz тілшісі Ләззатпен тілдесіп, оқиғасын тыңдады. 

Ләззат

Бүгінгі таңда төрт баланың анасы, аяулы жар Ләззат Рақышева -  "Human Rights Lawyers" қорының президенті. Қор зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балалар мен әйелдерді қорғау мақсатында жұмыс істейді. Қазіргі істеп жатқан жұмысына 6 жасында көрген қорлығы бірден бір себепші. 

Басынан өткен оқиғасы туралы Ләззат әлі күнге дейін қинала еске алады. Оған бұл оқиға туралы айту оңай емес. 

"Мен алты жасымда жыныстық зорлық көргенмін. 18 жастағы көрші жігіт далада доп қуып жүрген мені аңдып, өз үйімде зорлап кетті. Ол кезде әкем іс-сапарда еді. Туған анамнан ерте айырылғанмын, ал екінші анам туысымыздың үйіне қонаққа кеткен. Өзімнен алты жас үлкен ағам  екеуміз үйде қалдық. Далада ойнап келіп, үйде жатып қалдым. Тысырлаған дыбысты естідім. Үйге кіріп келе жатқан ағам мен достары екен деп, сырттан шыққан дыбысқа мән бермедім. Аяғымнан шап беріп ұстағанда не болып жатқанын түсіне алмадым. Іш киімді шешіп, жастықпен бетімді жапты. Сол аралықта жанталасып жүріп, көзіне көзім түскенде көрші жігіт екенін таныдым", - дейді сол азапты күн туралы Ләззат.  

Сұхбатты подкаст түрінде тыңдай аласыздар.

 

Оқиғадан кейін орнынан тұра алмай жатып қалған ол үйіндегілерге болған жайт туралы тіс жарып ештеңе айтпаған. Туыстары мінезінің неге қатты өзгергенін, неден қорқатынын сұрамаған көрінеді. Анамның сіңілісі өз үйіне алып кетіп, емдеткені жанымды алып қалғандай болды дейді. 

"Нағашы әпкем мені бес жылға жуық уақыт дәрігерлерге көрсетіп, емдетті. Менің бүкіл ауыртпалығымды көтерген сол кісі. Зорланғаннан кейін түнімен шошып оянып, 7-сыныпқа дейін бұтыма жіберіп қоятын болдым. Көп ауырдым. Бірақ олар менің зорланғанымды білген жоқ, саған не болды деп те сұраған жоқ. Менің мінезім тұйық болатын. Зорлаған адам үнемі түсіме кіріп жүрді. Түнімен айқайлап жылап шығатынмын. Туыстарым шошынып оянып, мазасыздануыма анамнан ерте айырылуым себеп деп ойлады. Одан емес, түсімде зорлаған адам келіп, төбемнен қарап тұратын. Содан шошып, қорқып жылайтынмын", - деген ол өзіне талай рет қол жұмсамақшы да болғанын айтып қалды.



Ләззат көпке дейін ер адамдардан, олардың дауыстарынан қорыққанын айтады. 13 жасында асылып өлмекші болғанын, кейде сірке суын ішіп бұл өмірмен қоштасқысы келген екен. 

"Психологиялық тұрғыдан қатты соққы алғаннан шығар 13 жасымда талай рет асылып өлмекші болдым. Болған оқиғаны әлі күнге дейін ұмыта алмаймын. Бәрі көз алдымда. Күн сайын жаңалықта зорланған балаларды айтып жатады. Соны көргенде жүрегім шаншиды. Көз алдыма бәрі келіп, қайталана береді. Маған бұл тақырыпты қайта-қайта еске түсіре берген қиын", - дегенде көмейіне өксік тығылып, ауыр күрсінгенін байқадық.

Оның сөзіне сенсек, жыл басынан бері жарты жыл ішінде 197 бала зорлық көрген екен. Ләззат Рақышева жыл сайын педофилдер көбейіп, қылмыс саны артып бара жатыр деп дабыл қағады. Баланың балғын шағын, тұнығын лайлайтын арамзаларға тек өлім жазасы лайық дейді. 

"Президентіміз осы жолы үндеуінде бала зорлаған педофилдердің заң жүзінде жазалануын қатаңдату туралы айтты. Өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасына кескен соң педофиля тоқтауы мүмкін, бірақ күдік басым. Сәтпаевтағы орын алған оқиға - өте қорқынышты жағдай. Ешкім өз баласын зорлатқызып қойып отырмайды. Шыдамның шегі бар. Ашынған ата-ана бір күні қылмыскерді өзі өлтіреді. Педофилдерді тоқтатудың жалғыз жолы - өлім жазасы. Осы тұста "қазір біздің заң, сот жүйесі осал, жазықсыздарды өлімге кесіп жіберсе қайтеміз" деген сұрақ болуы мүмкін. Менің айтарым, қылмыскер баланы зорлап жатқан жерінен ұсталған болса, ойланбастан өлім жазасына кесу керек. Сәтпаевтағы оқиғадан соң бала зорлағыштарға өлім жазасын  сұрап желіде жазба қалдырдым. Сонда 5 мың пікір келді. Соның 90%-ы өлім жазасын қолдады", - дейді Ләззат. 

Оның ойынша, бүлдіршіндерге арам ойын жасағысы келтіндер ауру емес, қылмыскер. Педофилдің нысанына бірінші жағдайы төмен, қорғаушысы жоқ балалар ілігеді дейді Ләззат Рақышева. 

"Педофилизм ауру емес, қасақана жасалған қылмыс. Ауру болса бәрін неге зорламайды? Неге аңдып жүріп тек кішкентайларды зорлайды? Көбінесе әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балаларын аңдып, ойындағысын іске асырады. Менің де үйде жалғыз қалғанымды біліп зорлады. Зорлық көрсеткен қылмыскер сол кезде жазаға тартылған жоқ. Кейіннен оның ащы суға салынғанын естідім. Әйел алғанда да бірінші қызды ұрлап, кейін оған да зорлық көрсетіп, сотталып кетпес үшін сол қызға үйленді. Оны жүзбе-жүз көрдім ...  Қазір ол бұл өмірде жоқ. Арам суға сылқия тойып, жардан құлап мерт болды. Өз жазасын алды деп ойлаймын", - дейді заңгер.

Оқиғадан кейін анасының сіңілісі өз үйіне алып кетіп емдемегенде, қазір жағдай басқаша болар ма еді дейді Ләззат. Өйткені әлгі жігіт жымысқы ойын тағы да қайталап, менің сол үйден өлігім шығуы бек мүмкін дегенді айтып қалды. 

Ләззат Рақышева басынан өткерген сол жағдай туралы кітап жазған. Іштегі жараны сыртқа шығарудың бір жолы еді дейді. Бірақ кітап жарық көрген соң автор тарапына жағымсыз пікірлер де айтылған көрінеді. 

"Бір қызығы, кітап шыққан соң оқырмандар "қырық жыл өткен соң айтуға ұялмай ма, ақша үшін не істемейді" деген пікір қалдырды. Ол кітапты сатып ақша жасайын деген ойым болған жоқ. Елімізде осындай оқиғалар бар деп көрсеткім келді. Қоғамда болып жатқан жағдайларды жасырмау керек. Кітап шыққан соң түрлі конференциялар өткізіп, қыздармен ой-талқы жасадық. Содан кейін көп қыздар келіп ішіндегі құсасын айтатын еді. Бірін туған ағасы, кейбірін туған әкесі зорлаған қыздармен сөйлестім. Олар өмір сүргім келмейді деп жылайды. 

Менің арманым - Қазақстандағы педофилизм түбімен жоғалса екен деймін. Болашақ балаларымыз өз елінде емін-еркін жүруі керек. Ол үшін тек ата-ананы кінәлау дұрыс емес. Педофилизмге жалғыз ата-ана емес, қоғам кінәлі. Қоғам болып күресуіміз керек. Мектептерде ашық сабақтар өткізілуі керек. Ұялмай секстің не екенін жас ерекшеліктеріне қарай түсіндіру керек. Балаларға денеңді ешкімге ұстатуға болмайды деп ескерту керек. Ата-анадан бастап, мектептегі ұстаз бен психологтар да баламен белсенді жұмыс істеуі керек", - деп түйді ойын Ләззат Рақышева.  

Педофилдерді тек өлім жазасы тоқтатады деген Ләззат Рақышева шет елдік тәжірибені сынап көруді ұсынады. Педофилдің суретін мектептерге және өзі тұрған үйдің ауласына ілсе,  маңдайына өмірбақи басылған таңба болады дегенді алға тартады. Заңгер тынымсыз өмір ағысында тұрмыстың күйімен кетпей, балалардың үніне назар аударудың маңызы зор екенін еске салды. 

 

Дайындаған: Жанна МӘЛІК

Талқылау