"Аты адам болғанмен әрекеті адамдықтан ада ": Депутат Талғардағы жасөспірімнің өліміне қатысты әділ тергеу жүргізуді талап етті
Мәжіліс депутаты, журналист Нартай Аралбайұлы Алматы облысында пышақ жарақатынан көз жұмған 16 жастағы жасөспірімнің өліміне кінәлілерді жазалауды талап етті. Сонымен қатар қоғамдық орындарда жасөспірімдердің қылмысқа бару мәселесін де көтерді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: parlam.kz
Нартай Сәрсенғалиев өз депутаттық сауалында жасөспірімнің өліміне қатысты тергеу процесінің тезірек жүргізілуін талап етті.
“Осындайда біздің қоғам қауіпсіз бе өзі, заң кімнің жағында деген сұрақ туады. Себебі Шерзаттың әкесі тергеудің тұралап тұрғанын, аудандағы құзырлы орын өкілдерінің істі созбаққа салып жатқанын, қылмыскерді қойып баласынан айрылған отбасын түнде тергеуге шақырып алып өктем сөйлегенін айтып бейнеүндеу жасады. Ел өре түрегелді, артынша "істі ІІМ-і өз бақылауына алды" деген ақпарат тарады. Қоғамды қорқытатыны осы, қылмыскерді жазалау үшін, әділдікке жету үшін бейнеүндеу жасап әр істі бір министрдің бақылауға алғанын күтіп отыру керек пе? Неге жергілікті жердегі құқық қорғау орындары дереу істің ақ-қарасын анықтап әділ тергеу өткізбейді?” – дейді мәжілісмен.
Депутаттың сөзінше, қылмыс орын алғанда құқық қорғау органдары бірден әрекет етуі керек. Әйтпесе, жапа шеккен отбасының мүшелері ашуға бой алдырып, қылмыскерді жазалауға өздері бекінуі мүмкін дейді. Бұдан кейін ол елде жасөспірімдерге қатысты орын алған қылмыстарды да атап өтті.
“Осы жылдың қыркүйегінде Ақтөбе облысында 14 жасар Сыдық Нұржанды жоғарғы сыныпта оқитын он шақты оқушы жабылып сабаған, салдарынан бала көз жұмды. Ол кезде де марқұмның әпкесі әлеуметтік желіге шығып әділдік іздеп құзырлы органдарға жүгінді. Қылмыскерлер жазасыз қалмайтынына сенсе жұрт бұлай шарқ ұрмас еді. Сол Алматы облысының Талғар ауданында қыркүйек айының соңында бір тәрбиесіз бұзақының кішкентай баланы аяусыз сабағаны түсірілген бейнежазба тараған еді. Ол кезде Алматы облысының полицейлері істі бақылауға алдық деді. Алайда арада апта өткенде сол Талғарда 16 жасар ұлды бір топ қылмыскер өлтіріп кеткенін естіп-біліп отырмыз”, – деп қосты Нартай Аралбайұлы.
Сондай-ақ депутат соңғы айда Павлодар облысы мен Ақтауда орын алған жасөспірімдер арасындағы қылмыстық деректерді санамалап өткен.
“Жасөспірімдер жапа шеккен жағдайларды тізсем таңды таңға ұруға тура келеді: қыркүйекте Павлодар облысының Кенжекөл ауылында бір топ бұзақы бір жасөспірімді аяусыз сабап тастады. Ақтауда жасөпірімдердің жаппай төбелесі түсірілген видео тарады осы аптада, ол жерде топ-топқа бөлінген балалар бір-бірін аяусыз сабап жатыр. Артынша сол Ақтауда бірнеше қыздың бір қызды ұрып қорлап жатқаны түсірілген бейнежазба желіні кезіп кетті. Бұл тек соңғы айдағы жайттар”, – деді ол.
Өз сауалында Нартай Сәрсенғалиев Талғар ауданында көз жұмған 16 жастағы жасөспірімді өлтіріп, жақындарын аяусыз сабаған қылмыскерлер қамауға алып, оларға заңға сәйкес әділ жаза берілуі тиіс екенін атап өтті.
“Аталған іс бойынша барлық құқық қорғау органдары тізе қосып, оқиғаның заңды құқықтық бағасын тез арада беруі қажет. Үшіншіден, білім беру ұйымдарында "Құқық негіздері" атты пән бар. Бірақ оның сапасына қатысты сын көп. Аталған пәннің бағдарламасын қайта жасап, балалар өмірде бетпе-бет келетін жайттар мен өмірден алынған нақты кейстерге сүйеніп оқыту керек”, – дейді ол.