Соңғы ЖАҢАЛЫҚТАР
БАРЛЫҚ ЖАҢАЛЫҚТАР

"Адастым": 14 жасынан бастап есірткіге әуестенген ер адам тәуелділіктен қалай арылғанын айтып берді

Елімізде маскүнемдікке салынып, есірткіге тәуелді болып қалған азаматтардың саны 20 мыңнан асқан. Бұл тек ресми дерек. Бұдан бөлек жыл өткен сайын нашаға еліріп, спирттік ішімдіктерге әуес жастардың қатары көбейіп бара жатыр. Мұны нарколог мағандар растап отыр. 

Есірткінің дәмін 14 жасында татқан азамат өз оқиғасын айтып берді. Әуелі марихуана, әрі қарай саты-сатысымен ауырына елітіп кете берген. Бұл күнде өзінің проблемасынан қашпай, тура қарай білген ол«камераға жүзін көрсетуден еш қысылмаймын» дейді. Керісінше, жыл өткен сайын есірткімен күрестің жолына түскен, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Еуразия бірінші арнасына" сілтеме жасап.

«Алғашқы уақытта өзімді тәуелдімін деп есептеген жоқпын. Мен үшін жеңіл есірткі ойын сияқты көрінетін. Кейін героин және басқа да ауыр нашаға көштім. Кейін әскерге барып ес жиып келемін бе деп едім, алмады. Солай біраз жыл адастым. Кейін Алматыда оңалту орталығына барып, ем қабылдай бастағанда көзім ашылды», - дейді оңалту орталығының емделушісі.

Нұрлан Тұрсынбеков науқастарды емдеумен біраз жылдан бері айналысып келеді. Арнайы бағдарлама жасақтап, нашаға әуес болғандардың бетін бері қаратуда. Орталықтың байланыс нөміріне күнделікті 15-тен астам хабарлама түседі екен. Шағымданушылардың дені нашақорлардың туған-туыстары. Қазір синтетикалық есірткінің кеңінен таралып жатқаны өз алдына үлкен проблема болып тұр, дейді ол. 

«Біздің республикаға жан-жақтан жолын тауып түседі. Кейін әлеуметтік желі арқылы оған қол жеткізу оңай болады. Оның бағасы да қатты қымбат емес. Сол үшін оқушылар, студенттердің оны алуға мүмкіншілігі жетеді. Қала берді, бүгінгі күні ата-аналар көп көңіл бөлмейді, мән бермейді», - дейді Нұрлан Тұрсынбеков.

Нашаға әуес жастар көбейді деп отырмыз. Алкогольге әуестенгендердің де қарасы мол көрінеді. Әлемдік денсаулық сақтау ұйымының есебі бойынша ішімдікті ең көп тұтынатын елдердің ондығына кіріппіз. Сүйінші сұрап, бөрікті аспанға атып бөлісетін жаңалық емес әрине. Бірақ, бұл статистикаларға қарап-ақ, уақытында сабақ алуымыз қажет сияқты. 

«Осы қарқынмен кете беретін болса, бізде Ресейдің жағдайы болуы мүмкін. Яғни эффектісі. Ресейде қазір демографиялық өсім жоқ қой. Табиғи өсім төмен деуге келмейді, ол кері қарай кетіп бара жатыр. Оның барлығы алкогольді тұтыну, тағы басқа себепті. Бізде әзірге демографиялық проблема жоқ. Аз қарқынмен болса да өсіп жатыр. Бірақ мына әлеуметтік мәселені шешіп, демография мәселесіне жеткізбей алдын алу шараларын қолдану керекпіз», - дейді әлеуметтанушы Исатай Минуаров.

Мамандардың айтуынша есірткі қабылдап, ішімдік ішуге және құмар ойынға адам көбіне екі жағдайда барады. Бірі асып-тасып жүргенде иә болмаса тарыққанда. Ауру адам өзінің жағдайына толық баға бермей, оны емдеу қиынға соғады екен. 

Ем-домға шамамен 1 жыл уақыт кетеді. Оның өзі аздық етуі мүмкін. Себебі аталған дерт тұмау емес, дәрі ішкен соң бірден жазылып кете алмайсың. Мамандар балаңыз кіммен, қайда, не істеп жүргенін біліп, өмірінен хабардар болып жүруге кеңес береді. Теріс жолға бір түссе, кейін бетін бері қарату қиынға соғады екен.

Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр