Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Адамның көз жұмғаны жайлы үш дәрігердің шешімі керек: Мәйіттік донорлық жайлы дініміз не дейді

"Қайтыс болғаннан кейін ағзаңды алуға рұқсатыңды бересің бе? «Иә» болса емханаға келіп, келісіміңді заңды түрде тіркеп кет!" Қазір әлеуметтік желіде осындай ақпар тарап жатыр. Ұлт саулығына жауапты шенеуніктер жыл соңына дейін қазақстандықтардың қаншасы ағзаларын тегін өткізетінін санауға кіріскен көрінеді.

Алайда қызығы бұл емес. Мәлімет тарап үлгергенімен, ақхалаттылар оны қарап үлгермеген сыңайлы. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Евразия арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Шұғыл! Шұғыл! Шұғыл! 2019 жылдың соңына дейін әр қазақстандық өзі қарайтын емханаға барып мәйіттік донорлыққа қарсы, я қарсы еместігін білдірсін! Бұл заңмен міндеттеліп отыр. Бір апта болды әлеуметтік желіде осындай ақпар өріп жүр. Оны бәрі көріп жүр.

Иә, келісіміңді бересің, сосын аяқ-асты ажалың жақындап кететін сияқты ғой! 

Бірі қарсы пікір білдірсе, енді екіншісі көніп жүр.

"Онда тұрған не бар? Жақсылық жасайсың, біреудің өмірін құтқарасың!" дейді.

Алайда пікірлердің бірең-сараңынан ғана позитивтің лебі ескенімен, дені мұны қып-қызыл бизнеске балап жатыр. 

"Не бопты? Жаңа бизнес! Донорлардың базасы байқамай әлеуметтік желіге түсіп кетсе ше? Нағыз қызық сонда басталады!". 

Ақыры, даурыққан жұрттың дауысы денсаулық сақтау министрлігіндегілердің де құлағына жеткен соң, пікірлерін бізде біліп қалайық дедік. Сөйтсек, олар "ойбай ондайды айтқан жоқпыз" деп отыр. Бұл жай ғана дақпырт көрінеді.

"Қазіргі таңда әлеуметтік желілерде әрбір Қазақстан азаматы емханаға барып, өзінің тірі кезінде қайтыс болғаннан кейін донорлыққа келісетіндігін я келіспейтіндігі туралы ақпарат алғаны бәрімізге мәлім. Алайда, Қазақстан Республикасы Денсаулық министрлігінің атынан ол ақпараттың шындыққа жанаспайтындығын хабарлағымыз келеді", - деді ҚР денсаулық сақтау министрлігінің бас сарапшысы Қайсар Әбдалиев. 

Шенеуніктердің мәліметінше біздің елде мәйіттік донорлыққа қатысты келісім презумпциясы заңмен бекіген. Жайдақ тілмен айтқанда адам қайтыс болғанға дейін ағзасын беруге қарсылық білдіріп, қолхат жазып қалдырмаса дәрігерлер оның органдарын алуға құқылы. Алайда көп жағдайда бұл тетік жұмыс істемейді, дейді мамандар. Өйткені...

"Қабылданды. Бірақ, жұмыс істемейді. Біріншіден трансплантологияны бәрі бірдей қабылдай алмайды. Екіншіден ақ халаттыларға деген сенім төмен. Үшіншіден көп жағдайда марқұмның туыстары мұндай нәрсеге келіспейді. Осы себепті, дәрігерлер көбіне қайтыс болған азаматтың органдарын алуға қорқады", - деді "Аман-саулық" қоғамдық қорының президенті Бақыт Түменова. 

Ал әсілінде бұл қорқатындай дүние емес еді дейді дін өкілдері. Егер бірнеше шарттарды қатаң ұстансаңыз: әуелі, жақсылық жасадың ба ақысын сұрама. Яки ағзаңды пұлдама. Пұлдадың ба, сауабын күтпе! 

"Одан кейін ол толық тек қана жаңағыдай мидың емес, мидың өлімі бар медицинада толық мидың сосын жүректің толық өліп одан кейін денеден жаны шыққан кезде ғана, толық қайтыс болған кезде ғана адамның ағзалары алыну керек. Ең азы үш мемлекеттік дәрігердің сол денеден жаны шыққандығы туралы толық өлім болғандығы туралы шешімі керек", - деді "Әзірет сұлтан" мешітінң наиб-имамы Бақытжан Өткелбаев. 

Алайда бұл сауаптың бәрін айналып келгенде бір түсінік құртатын көрінеді! Адам о дүниеге 12 мүшесі бүтін болып аттануы тиіс деген. Имамдар дін бұған қарсы емес, таразыға тән емес жан түседі дегенімен, бәрінің басында бұл барьердің бары анық.  

Талқылау