"Адаммен емес, оның идеологиясымен күресеміз": Қазақстандық психолог экстремистік ағымнан шыққандармен қандай күресу шаралары жүргізілетінін айтты

Былтыр Ақтау мен Алматы облысында теракт ұйымдастырмақ болған екі топтың жолы кесілді. 2025 жылы терроризм мен экстермизмге қатысы бар 60-тан астам адам сотталған. Радикалды идеологияның таралуына не себеп, оларды түзу бағытқа түсіруде қандай жұмыс жүргізіліп жатыр? Редакция осы мәселенің тереңіне үңілу үшін ұлттық қауіпсіздік комитетінің практик-психологы Ақмарал Абдукеевамен сұхбаттасып, экстремизмге қарсы кұрес жұмыстары туралы сұрап білді.
2024 жылғы мамырда елімізде діни-экстремистік ағымдарға қатысы бар деген күдікпен он екі адамға үкім шықты. Олар ел ішінде іріткі салып, радикалды идеологияны белсене насихаттап, өздеріне жаңа "жақтастар" тартқан. Сот бұл топты жай жібере салған жоқ, әрқайсысы тоғыз жылдан он сегіз жылға дейін темір торға тоғытылды. Ең сорақысы, олардың көбі бұған дейін де ауыр қылмыстармен ұсталып, түрмеде отырып шыққандар.
Өткен жылы құқық қорғау органдары экстремизмге қатысты сексен бес қылмысты тіркеп, қырық төрт адамды қылмыстық жауапқа тартты. Оған қоса, ұрлық, тонау, бопсалау сияқты қарақшылық әрекеттерге қатысы бар 131 діни радикал сот алдына тартылған. Полицейлер 18 ұйымдасқан қылмыстық топты құрықтап, олардың қолынан елу шақты атыс қаруы мен он келіден аса есірткі затын тәркілеген. Бұдан бөлек, тыйым салынған діни материал таратқаны үшін 390 адамға айыппұл салынып, әкімшілік жауапқа тартылды. Ел аумағында 10 мыңға жуық нысан тексеріліп, ескерту берілді. Бұдан бөлек мыңнан аса хаттама толтырылды.
2025 жылдың басынан бастап терроризм мен экстремизмге байланысты алпысқа жуық адам сотталған. Олардың ішінде үш шетелдік те бар. Мысалы, Шымкент тұрғыны интернет арқылы терроризмді насихаттағаны үшін 7,5 жылға түрмеге жабылса, Астанадағы бір шетел азаматы экстремистік топтарға адам тартқаны үшін 8 жылға бас бостандығынан айырылды.
Елімізде экстремизмнің алдын алуға бағытталған қырық мыңнан аса түсіндіру шарасы өткізіліпті. Бұл кездесулерге 1,5 миллионнан көп адам қатысқан. Интернет кеңістігінде де жұмыс қарқынды жүріп жатыр, 17 мыңнан аса ақпараттық материал әзірленіп, 2,5 мыңдай мақала газет-журналдар мен сайттарда жарық көрді. Әлеуметтік желілерде алпыс мыңнан аса жазба таратылып, он мыңнан көп күмәнді контент анықталды. Соның ішінде үш мыңнан аса жазба біржола бұғатталған.
2025 жылы діни саладағы заңдар өзгеріп, жаңа алдын ала ескерту жүйесі енгізілді. Енді бұзушылықтар үшін салынатын айыппұл екі есеге қысқарды, ал діни әдебиеттерді тарату тәртібі айтарлықтай жеңілдетілді. Бұдан бөлек, мемлекет пен діни бірлестіктер арасындағы өзара қарым-қатынасты, конфессияаралық тұрақтылықты бағалайтын ұлттық көрсеткіштер де қабылданды.
Осы жылы елімізге кірмек болған үш жарым мыңға жуық шетелдік азамат шекарадан кері қайтарылды. Олардың ішінде терроризммен байланысы бар деген күдікке ілінген екі жүз қырықтан аса адам бар. Сондай-ақ іздеуде жүрген он алты адам ұсталып, тиісті шаралар қабылданды. Радикалды көзқарастағы 800-ге жуық мигрант ел аумағында анықталып, оларды елден шығару бойынша жұмыс басталып кетті.
Осы ретте кейінгі екі жылда Қазақстанда экстремизм мен терроризмге қарсы күрес бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өту керек. Мәселен, ұлттық қауіпсіздік комитеті мен ішкі істер министрлігінің деректеріне сенсек, тек бір жылда ондаған адам жауапқа тартылып, мыңдаған алдын алу шарасы өткізілген.
Практик-психолог Ақмарал Абдукееваның айтуынша, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің терроризм және экстремизммен кұресу орталығына радикалдану деңгейі әртүрлі азамат жүгінеді немесе құзырлы органдар арқылы жеткізіледі. Бұған қоса, террористік немесе экстремистік қылмыстар үшін сотталып, жазасын өтеп шыққан азаматтармен де оңалту шаралатынын жүргізетінін атап өтті.
"Бұдан бөлек деструктивті діни ағымдардың ықпалына түскендер (мысалы, "такфирлік", "хизбут" бағыттары), шетелдегі қарулы қақтығыс аймақтарында (Сирия сияқты) болған және елге оралғандар, экстремизмге бейімділігі анықталған, профилактикалық есепте тұрған тұлғалар жеткізіледі. Идеологиялық ықпалға ұшыраған жастар, әсіресе, интернет арқылы радикалданғандармен де психо-терапиялық жұмыстар істелінеді. Бұл санаттағы азаматтармен жұмыс әрқайсысының жеке ерекшелігіне сай әзірленген арнайы бағдарлама арқылы жүргізіледі. Оңалту процесіне теолог, психолог, әлеуметтік қызметкер, қажет жағдайда заңгер де тартылады. Жұмыстың басты мақсаты – адамның көзқарасын өзгертіп қана қоймай, оны қоғамға бейімдеп, толыққанды өмірге қайта оралуына көмектесу. Бұл ретте адамның психологиялық, әлеуметтік жағдайы, рухани ахуалы мен отбасылық ортасы жан-жақты ескеріледі", – деп түсіндірді Ақмарал Абдукеева.
Ақмарал Абдукеева оңалту процесі қанша уақытқа созылатынын және ол кезең-кезеңімен қалай ұйымдастырылғанын айтып берді.
"Оңалту – бұл ұзақ әрі жүйелі процесс. Ол шартты түрде 3 негізгі кезеңнен тұрады:
Біріншіден, диагностикалық кезең 2-4 аптаға дейін созылады. Мұнда:
• Радикалдану деңгейі анықталады;
• Теологиялық сауаттылығы мен сенім жүйесі зерттеледі;
• Психологиялық тестілеу, мінез-құлықтық диагностика жүргізіледі;
• Әлеуметтік жағдайы мен ортасы бағаланады.
Жеке оңалту кезеңіне 3 айдан 6 айға дейін жалғасады, кейде одан ұзақ мерзімге созылып кетеді. Қауіп төндірмейтініне көз жеткізу үшін профилактикалық кездесулер өткізіліп, қажет болған жағдайда оның тұрғылықты жеріне барып тексеру жүргізіледі. Сонымен қатар адамның қоғамдық өмірге араласуы үшін әлеуметтік жобаларға, түрлі бастамаларға қатысуына жағдай жасалады", – деді психолог.
Фото: Ақмарал Абдукееваның жеке архивінен
Маманның айтуынша, оңалту мерзімі нақты шектелмейді. Кейбір азаматтар үшін бірнеше ай жеткілікті болса, кейбір жағдайларда бұл бірнеше жылға созылуы мүмкін.
"Ең бастысы, бұл процеске адамның өзі де саналы түрде қатысып, өзгеруге ниетті болуға тиіс. Олармен теологиялық түсіндіру жұмысы жүргізіліп, бұрын ұстанған ағымының діни негізсіздігі дәлелмен түсіндіріледі. Оған қоса әлеуметтік қолдау бағытында азаматтың құжаттарын қалпына келтіру, оны жұмысқа орналастыру, отбасы мүшелерімен қайта байланыс орнату жұмыстары ұйымдастырылады. Үшіншіден, психологиялық түзету шаралары болады. Онда қорқыныш, агрессия, жабықтық сияқты ішкі күйзелістермен жұмыс істелінеді", – дейді Ақмарал Абдукеева.
ҰҚК аға оқытушысы, практик-психологтың айтуынша, радикалды көзқараста болған адамның сенімін өзгерту оңалтудың маңызды әрі күрделі бөлігі. Бұл бағытта бірнеше психологиялық тәсіл қолданылады екен.
"Ең әуелі, когнитивті-дәрісу терапиясы арқылы жалған діни сенімдер мен теріс ойлар талданып, логикалық негізде жоққа шығарылады. Мотивациялық сұхбат адамның ішкі қозғаушы күшін анықтауға, жаңа мақсат қоюына көмектеседі. Ал эмпатиялық әңгіме барысында психолог оны айыптамай, керісінше, сенімді қарым-қатынас орнатады. Бұл әдіс адамның өз ойын ашық айтуына жағдай жасайды. Сонымен қатар өзін өзі тануға арналған жаттығулар арқылы адам өз мінез-құлқы мен шешімдерінің салдарын түсіне бастайды. Кей жағдайларда отбасымен психотерапия жүргізіледі. Бұл әсіресе отбасы байланысы үзілген адамдар үшін маңызды. Бұдан бөлек, мотивациялық тренингтер мен семинарлар өткізіледі", – деді маман.
Ақмарал Абдукееваның пікірінше, басты мақсат – жай ғана сенімді өзгерту емес, адамның өмірлік құндылықтарын қайта қалыптастырып, қоғаммен үйлесімді байланыс орнатуына жол ашу. Радикалданған азаматты оңалту тек оның жеке өзімен шектелмейді, мұндай процесте оның отбасы мүшелері де маңызды рөл атқарады. Әсіресе әйелдер мен балаларға кешенді көмек беру қарастырылады.
Фото: Ақмарал Абдукееваның жеке архивінен
"Психологиялық қолдау шеңберінде травмалық жағдайдан кейінгі терапия ұйымдастырылады. Мұнда, әсіресе, шетелден оралған отбасылар үшін өте маңызды. Құқықтық көмек азаматтық мәртебені қалпына келтіруге, қажетті құжаттарды рәсімдеуге бағытталған. Білім беру саласында да балаларын мектепке бейімдеу, қосымша сабақтар ұйымдастырылады. Әлеуметтік көмек ретінде жәрдемақы алу, баспана, медициналық көмек секілді мәселелер бойынша қолдау көрсетіледі. Сонымен қатар әйелдерге кәсіптік бағдар беру бағытында тігін, аспаздық секілді қысқа мерзімді курстар мен шағын бизнесті бастауға арналған гранттар бойынша кеңестер беріледі", – деп түсіндірді практик-психолог Ақмарал Абдукеева.
Маманның пікірінше, оңалту шаралары бүкіл отбасыны қамтығанда ғана бұл жұмыс нәтижелі әрі тұрақты болады. Ақмарал Абдукеева оңалтудан кейін де бақылау жалғасатынын атап өтті. Жергілікті учаскелік полиция қызметкері жиі бақылып, оңалту орталығы мамандарымен тұрақты кездесулер өткізіледі екен.
"Қажет болған жағдайда кибербақылау (қажет жағдайда әлеуметтік желідегі белсенділігі қадағаланады), төтенше жағдай кезінде уақытша бақылауда ұстау немесе психологиялық қайта тексерістен өтеді. Мұндай сатыдағы адамдарды жазалау емес, қауіпсіздікті қамтамасыз ете отырып, адамды толық қоғам мүшесіне айналдыру екенін ұмытпаған жөн", – деді практик-психолог Ақмарал Абдукеева.
Осы ретте кейінгі екі жылда Қазақстанда экстремизм мен терроризмге қарсы күрес бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өту керек. Мәселен, ұлттық қауіпсіздік комитеті мен ішкі істер министрлігінің деректеріне сенсек, тек бір жылда ондаған адам жауапқа тартылып, мыңдаған алдын алу шарасы өткізілген.
"Дәрінің құны 1,5 миллиард теңге": Бұлшықеті әлсіз қазақстандық бүлдіршінге денсаулық сақтау министрлігі көмек көрсетуден бас тартқан