Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Адамдардың суреттеріне жан бітіруге бола ма: ҚМДБ бірнеше пәтуә шығарды

Адамдардың суреттеріне жан бітіруге бола ма: ҚМДБ дипфейкке қатысты пәтуә шығардыФото: ҚМДБ

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Deepfake технологиясын қолдану мәселесіне қатысты пәтуә шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Дипфейк – жасанды интеллектті қолдану арқылы жалған бейнежазбалар жасау технологиясы.

“Ислам діні ғылым мен технологияның дамуына, жаңалық ашуға тыйым салмайды. Алайда бұл даму адамзат игілігіне, әділдікке, адамгершілікке негізделіп, шариғаттың аясында жүзеге асуға тиіс. Сондықтан кез келген технология игі мақсатта қолданылса, рұқсат. Ал жамандыққа, зиян мақсатта қолданылса тыйым салынады”, – деп мәлімдеді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы.

Мүфтияттың мәлімдеуінше, Deepfake технологиясы арқылы адамның шын мәнінде айтпаған сөздерін айтқандай немесе істемеген іс-әрекеттерін істегендей етіп жасау, сондай-ақ жалған ақпарат тарату шариғат бойынша қатаң тыйым салынған.

Діни басқарма Deepfake әдетте өзгеге зиян келтіру мақсатында пайдаланылатынын атап өтті.

“Сонымен қатар мұндай контент адамдарды қорқытып, өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Ал ислам діні адам өмірінің қауіпсіздігін ең маңызды мақсаттарының бірі ретінде қарастырады. Тіпті қалжың түріндегі қорқытуға да шариғатта қатаң тыйым салынған”, – делінген хабарламада.

Сондай-ақ ҚМДБ қайтыс болған адамдардың суреттеріне “жан бітіретін” Deep Nostalgia технологиясының қолданылуына түсініктеме берді. Бұл технология белгілі бір жағдайда ғана рұқсат етіледі:

  • Қайтыс болған адамның бейнесі қорланбауы керек, мазақ етілмеуге тиіс;

  • Сурет туыстарының жанын ауыртып, қайғыға қайғы қоспауы керек;

  • Туыстардың келісімі қажет;

  • Адамдарды адастырмауға тиіс.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы сондай-ақ адамдарды биотокпен емдеу туралы пәтуә айтты. Басқарманың мәліметінше, биотокпен емдеуге байланысты ғалымдардың арасында екі түрлі көзқарас бар. 

“Биоток арқылы емдеуге тыйым салынады. Бұл Уаһбәту әз-Зухәйли, Нәдир әс-Сәнуси сынды ғалымдардың көзқарасы. Өйткені биотокпен емдеуде Исламның сеніміне қайшы келетін нәрселер бар. Тіпті мұндай емдеуде Аллаға серік қосуға апаратын сөздер мен әрекеттер болмаса да, оның шариғатқа сай болуы үшін діни дәлелге немесе нақты ғылыми негізге сүйенуі қажет. Ал биотокпен емдеу тәсілі шариғат бекіткен ем түріне жатпайды әрі ғылыми тұрғыдан дәлелденбеген”, – делінген хабарламада.

Діни басқарма емдеудің бұл тәсілінде алдамшылық, кісі ақысын жеу қамтылғанын атап өтті. Оған қоса жынның көмегіне немесе сиқырға сүйеніп жүзеге асырылуы да мүмкін деген болжам да бар. Сондықтан биотокпен емдеуге шариғат тұрғысынан рұқсат етілмейді деген.

“Биотокпен емдеуге рұқсат етіледі. Кейбір ғалымдар бұл әдісті "руқияға" (дем салуға) салыстырып әрі "әрбір нәрсенің негізі рұқсат" деген қағидаға сүйеніп, биотокпен емдеуге рұқсат етеді”, – деп мәлімдеді ҚМДБ.

Алайда рұқсат болуы үшін келесі шарттар сақталуға тиіс:

  • Емдеу барысында Аллаға серік қосуға апаратын ешқандай сөздер мен әрекеттер болмауы;
  • Сиқыр, бал ашу, жын-шайтанның көмегіне жүгінбеуі;
  • Науқасқа нақты зиян келтірмеуі;
  • Ем ақысы әділ әрі шектен тыс болмауы; Яғни адамдардың мұқтаждығын пайдаланып бағаны өсірмеуі тиіс;
  • Шариғаттың толықтай басқа да талаптары сақталуға тиіс.
Айым Болатқызы
Дүйсенбі, 12 Қаңтар, 2026 15:04