"Бара беріңіз, үйге қайтқаныңыз дұрыс дейді": Бетін күйік шалған қазақстандық қыз жұмысқа тұра алмай жүргеніне шағымданды
Әлеуметтік желіде Айша есімді 17 жастағы қыз жүзіндегі тыртықтың кесірінен жұмысқа тұра алмай жүргенін айтып, шағымданды. Айша Stan.kz тілшісіне бетіндегі тыртықтың қалай пайда болғанын айтып, балалық қатенің үлкен күйзеліске әкеп соққанын баяндады. Ол басқалардың өзіне түсіністікпен қарауын сұрап, қоғамның өзіне ұқсас ерекшелігі бар жандарды шеттетуі дұрыс емес екенін айтады.
Фото: tiktok.com/@biwwika/Видеодан скрин
“Сіріңкемен ойнап жүріп күйдіріп алдым”
17 жастағы Айша Бергенова – Павлодар қаласының тумасы. Ол әлеуметтік желіде белсенді, өзінің блогын жүргізеді. Блогер қыздың жүзіндегі ерекшелікті көп оқырмандары біледі. Айша ажарындағы жараның орны 4 жасынан барын айтады.
“Бетім күйіп қалғанда 4 жаста едім. Жер үйде тұратын едік. Анам суға кетіп, мен үйде жалғыз қалған екенмін. Үйде тұрған сіріңкені алып, ойнап жүріп бетімді, мойнымды, қолымды және денемнің кей тұстарын күйдіріп алдым. Болған жағдайдан кейін кішкентай болғандықтан жүзімдегі тыртыққа қатты мән берген жоқпын. Бірақ есейе келе бетімдегі тыртықты көп ойлайтын болдым. Күйзеліске, апатияға жиі түсетінмін. Алайда психолог маманға жүгініп көрмеппін. Өзімді қабылдау қиынға соқты, десе де қазір бәрі оңалып келеді”, – деді Айша бастан өткен оқиғасы туралы айтып.
“Кореяда пластикалық ота жасату үшін анам несие алды”
Айша денесін күйік шалғалы бері Павлодар, Астана қалаларында ем алған. Тіпті Оңтүстік Кореядан бір адамның тегін емделе алатыны туралы және олардың өзін таңдағаны жайлы сүйінші хабар алған.
“Сөйтіп Кореяға екі рет барып келдік. Алайда ешқандай ота жасаған жоқ. Ота тегін жасалғанымен, жүріп-тұруға ақша керек деп анам бірнеше рет несие алды. Кейін сол несиелерді төлеу керек болғандықтан қайта бара алмадық. Бірақ осы қыркүйек айының соңына қарай тағы да Кореяға шақыртып жатыр. Дайындалып жатырмыз. Денемнің бірнеше жеріне ота жасалуы керек. Алайда отаның қалай, қашан болатынын нақты айту да қиын болып тұр. Пластикалық отадан көп нәрсе күтпеймін. Ота жасалса да, жасалмаса да, қазір маған бәрібір”, – дейді кейіпкер.
“Үнсіз құтылады немесе мүлдем естімеген кейіп танытады”
Айша желіде жариялаған видеосында бетіндегі тыртығына байланысты көп жер жұмысқа алмайтынын айтып, наразылығын білдірген еді.
“Мені ешкім жұмысқа алмайды. Не себепті екені түсінікті шығар. Мүмкін болса, қоғамдық тамақтану орындарында жұмыс істеп, раннер (даяшының көмекшісі) немесе даяшы болып жұмысқа тұрмақ едім. Алайда еш жер алмай қойды. Бірде мен жұмысқа тұру үшін хабарласқанда оларға бетімді күйік шалғанын, тыртық іздері барын ескерттім. Олар не болса да келуімді айтты. Таңертең барғанымда “Бара беріңіз, үйге қайтқаныңыз дұрыс” деп шығарып салды. Сондай-ақ “Не себепті жұмысқа алмайсыз?” деген сұрағымнан үнсіз құтылады немесе мүлдем естімеген кейіп танытады. Әрине, қандай жұмыс болсын, қызметкердің сымбатты болуы керек екенін білемін және түсінемін. Бірақ адамдарды бұлай шеттету дұрыс емес деп ойлаймын”, – дейді желі қолданушысы.
Ару еріксіз “Сонда мен не істеуім керек?” деген сауал қойды. Айтуынша, ол мұндай жағдайды бірнеше рет басынан өткерген.
“Қазіргі заманда күйік іздері, тыртығы бар адамдарға жұмыс табу қиын. Қоғамдық тамақтанатын орындарда адам көп болатынын және онда түрлі адам жүретінін түсінемін. Бірақ адамдар адамгершілікке салып, бір-бірінің жағдайын түсінуі керек деп ойлаймын. Бетімдегі тыртықтарда тұрған ештеңе жоқ деп санаймын. Менің қол-аяғым сау, жұмыс істей аламын, сөйлеймін, естимін”, – дейді ашынған желі қолданушысы.
“Әлеуметтік желіде буллингке тап болдым”
Айша жүзіндегі тыртықтың кесірінен буллинге ұшырағанын да жасырмайды. Әсіресе, әлеуметтік желіде көріне бастағанда хейт жазатындардың қарасы көбейген.
“Ия, TikTok, ВКонтакте желілеріне тіркелгенде желі қолданушыларының буллингіне тап болдым. Бірақ мен оған аса мән бермедім. Кей кездерде өзімді басқа адамдардың арасында жайсыз сезінемін, адамдар маған басқаша қарайтын сияқты болады. Тіпті өзімді бұл өмірде артық жандай сезінген кездерім болды. Қазір де оңай деп айтпаймын, бірақ мұны да қабылдап келемін. Кейбір жасөспірімдер біреуді шеттетуді, кемсітуді мықтылық деп санайды. Мен де кішкентай кезімде басқа балалармен бірге араласып, ойнағым келетін. Бірақ мені жақтырмайтын, менімен ойнағысы келмейтін. Иә, оған да себеп бетімдегі тыртық болар. Мені қорғансыз деп ойлап, кемсітетін. Қазір де кішкентай балалар маған біртүрлі қарайды. Көшеде кетіп бара жатсам, қолымен нұсқап көрсетеді. Жарайды, балаларды қойшы, мені көргенде аңтарыла қарайтын ересектер де бар. Сол себепті айтарым, адамдар, бір-біріңе мейірімді болыңдаршы”, – дейді Айша Бергенова.
Кейіпкеріміз қазір жұмыс іздеуді тоқтатқан. Айтуынша, жұмыстың оқуына кедергі болғанын қаламайды. Сондай-ақ қыркүйектің соңына қарай Кореяда отаға баруды жоспарлап жүргендіктен жұмыс істеуді кейінге қалдырған.
@biwwika а вы как считаете 🤨
♬ оригинальный звук - бибика