Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Адам емес, шошқалар": Сайрандағы демалушылар 19 мың теңгеден айыппұл арқалады

сайран мусор

Фото: Видеодан скрин

Алматыдағы Сайран су қоймасы қайта жаңғыртудан кейін ресми түрде әлі ашылмаса да, демалушылардың саны күннен күнге көбейіп жатыр. Сол себепті онда шомылуға тыйым салынған. Полиция қызметкерлері түсіндіру жұмыстарын жүргізгенімен, шомылғаны үшін айыппұл сала алмайды. Ал демалыс аймағын ластағаны үшін айыппұл көзделген. Қазірдің өзінде 20 адам жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Сайран көлі ресми түрде әлі ашылған жоқ, бірақ жағалау қазірдің өзінде қоқысқа толып қалған. Құмда шеге қағылған тақтайлар, бөтелкелер мен тамақтың қаптамалары шашылып жатыр. Қалдықтар тіпті судың ішінде қалқып жүр. Соған қарамастан көлге күн сайын 4 мыңға дейін адам келеді. Суда ересектер мен балалар еш алаңсыз шомылып жүр. Парк аумағында әзірге бірде-бір әжетхана жұмыс істемейді.

Өскеменнен балаларымен келген Каролина Думиника демалыс аймағының күйін көріп енді онда аяқ баспаймын деп отыр.

“Біз бұл саябаққа енді ғана келдік, осында серуендеп жүрміз. Бірақ серуендеп жүргенде айналаның ластанып кеткені көзге оттай басылады. Бұл жағымсыз әсер қалдырады. Әсіресе, біз сияқты қонақтарында қаланың тазалығына байланысты жайсыз пікір қалыптасады”, – дейді Каролина Думиника.

Кұдайберген Сабыр көлдің қарсы бетінде тұрады. Ол да күн сайын демалыс аймағына демалуға емес, тазалауға келеді. Достарымен бірге қолғап, күрек, қоқыс салатын пакеттер алып келеді. Сондай-ақ бұл сұмдық көріністі видеоға түсіріп, интернетке жүктейді. Айтуынша, осылайша қала тұрғындарына өздерінен кейін қоқысты жинау керегін жеткізгісі келеді.

“Бұл – әлі жабық аумақ, әлі үлкен қоқыс жәшіктерін қойып үлгермеді. Ал халық кіріп алған. Қоқыстарын шашып жүр, тіпті арнайы жәшікке тастауды білмейді. Қалай болса, солай лақтырады. Бұл адам емес, шошқалар. Не болса да, жағымсыз. Бәріне бірдей "арттарыңнан жинаңдар" деп түсіндіре алмайсың”, – дейді Құдайберген Сабыр.

Сайран көлінің айналасындағы тазалық мәселесін қала әкімі де назарға алды. Дархан Сатыбалды тазалық жұмыстары дұрыс жүргізілмегені үшін қалалық қызметтерге сөгіс берді. Ол қоқысты қысқа мерзімде шығаруды тапсырды.

“Сайран аумағына қосымша шамамен 130 қоқыс жәшігін орнату туралы тапсырма берілді. Полиция бекеттері күн сайын таңертеңнен түнгі 2-ге дейін рейд жүргізеді”, – деді Алматы қаласының Қоғамдық кеңістікті дамыту басқармасының баспасөз хатшысы Маханбет Көкімов.

Полиция қызметкерлері рейдке шықты. Алғашында олар түсіндіру жұмыстарын жүргізсе, енді қоқыс үшін айыппұл сала бастады. 20 адам айыппұл арқалады. Олардың әрқайсысы 19 жарым мың теңгеден төлеуге міндетті.

Айым Болатқызы
Бейсенбі, 26 Маусым, 2025 09:48
Талқылау