Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Адал азамат" бағдарламасы және "Ұстаз" онлайн платформасы іске қосылады: 2025-2026 оқу жылында қандай өзгерістер болады

2025-2026 жаңа оқу жылында қандай өзгерістер болады/Фото: Unsplash.comФото: Unsplash.com

2025-2026 жаңа оқу жылының басталуына орай оқушылар, ата-аналар, мұғалімдер мен білім беру мекемелері дайындықты бастап кетті. Жаңа оқу жылы нендей жаңалықтармен ерекшеленеді? Мұғалімдер мен оқушылар қандай өзгерістерге тап болады? Осы сұрақтардың жауабын Stan.kz тілшісі Оқу-ағарту министрлігінің Орта білім беру комитетімен бірлесе отырып іздеді.

Оқу-ағарту министрлігінің хабарлауынша, 2025-2026 оқу жылында мектеп бағдарламасына күрт өзгерістер енгізілмейді. Алайда маңызды бірқатар бастамалар қолға алынады. Соның ішінде мектептерге қосымша мазмұн енгізу, жаңа цифрлық платформаны іске қосу сияқты жаңалықтар бар. 

"Адал азамат" біртұтас тәрбие бағдарламасы енгізілмек

Адал азамат" деп аталатын жаңа тәрбие бағдарламасы биылғы 1 қыркүйектен бастап барлық мектептерде енгізіледі. Бұл жоба жастардың бойында ұлттық сана мен мәдениетке құрмет, азаматтық ұстаным, отансүйгіштік сезім қалыптастыруды көздейді.

Сонымен қатар, Президент тапсырмасымен "Қазақстан балалары" атты кешенді құжат әзірленіп жатыр. Бұл бағдарлама мектептен бастап барлық білім деңгейіне арналмақ. Бағдарлама аясында балалардың құқығын қорғау, инклюзияны дамыту, қауіпсіз білім беру ортасын құру сияқты мәселелер қамтылған.

Ең басты жаңалықтың бірі – осы тәрбие жүйесі енді жекеменшік мектептер үшін де міндетті болмақ. Бұл өзгеріс тәрбие жұмыстарын бүкіл ел бойынша біртұтас жүйеге келтіруді мақсат етеді. Осыған байланысты мектептердің ішкі және сыртқы келбетіне бірыңғай стандарттар – брендбук енгізу қарастырылуда.

Бұл мектеп ортасын ұлттық құндылықтармен үйлестіріп, тәрбиелік мәні жоғары кеңістікке айналдыру үшін жасалып отыр. Тәрбиелік процестер барлық жауапты тараптардың – ата-аналар, мектеп ұжымы, жергілікті органдар мен құқық қорғау саласы өкілдерінің бірлесіп жұмыс істеуін талап етеді. Жыл бойы әр айда белгілі бір құндылыққа арналған тақырыптар белгіленіп, олар оқу және сыныптан тыс іс-шараларға енгізіледі. Мәселен, адалдық, еңбекқорлық, әділеттілік, отансүйгіштік сияқты ұғымдар кеңінен қамтылатын болады.

Педагогтерге арналған "Ұстаз" онлайн платформасы іске қосылды

Сондай-ақ, мұғалімдердің кәсіби дамуын қолдау мақсатында "Ұстаз" атты жаңа онлайн платформа іске қосылды. Бұл портал арқылы педагогтер әдістемелік материалдар, цифрлық құралдар мен оқыту курстарына еркін қол жеткізе алады. Платформаның басты артықшылығы – мұғалімдер аттестацияға қажет құжаттарды бір жерге жүктей алады. Бұл олардың жұмысын жеңілдетіп, уақытты үнемдеуге және кәсіби даму мақсатына толықтай көңіл бөлуге мүмкіндік береді

Жұмысшы мамандықтарының жылы: оқушыларды еңбекке баулу жұмысы күшейеді

Жаңа оқу жылында еліміздің мектептерінде "2025 — Жұмысшы мамандықтарының жылы" аясында оқушыларды еңбекке баулу және кәсіптік бағдарлау бойынша тың бастамалар іске қосылмақ. Жалпы білім беретін мектептерде бұл бағыттағы жұмыстар заманауи форматта жүргізіледі деп күтілуде.

Сонымен қатар, бастауыш және негізгі орта білім сапасын арттыру мақсатында Оқу-ағарту министрлігі мен Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы бірлесіп жаңа Мемлекеттік міндетті стандарт (ММС) дайындады. Бұл құжат 2025 жылдың 23 қаңтарында министрдің №12 бұйрығымен бекітіліп, 2026 жылдың 1 қыркүйегінен бастап қолданысқа енбек.

Министрліктің мәлімдеуінше, жаңа стандарт білім мазмұнын тиімді етуге, жалпыадамзаттық әрі ұлттық құндылықтарды ұштастыруға, сондай-ақ оқыту сапасын арттыруға бағытталған. Ондағы талаптар оқушының жан-жақты дамуымен қатар, болашақтағы жаһандық өзгерістерге икемделуіне де мүмкіндік бермек.

Айта кетейік, жаңа оқу жылының басты бағыттары мен білім саласындағы стратегиялық мақсаттар жыл сайын өтетін Республикалық тамыз конференциясында жан-жақты талқыланады. Биылғы тамызда да бұл жиын білім беру жүйесіне енгізілетін бастамалардың нақты бағыттарын айқындайтын маңызды алаң болмақ.

Еңлік Сақтан
Бейсенбі, 17 Шілде, 2025 17:31
Талқылау
`