Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Абонементтен біртұтас жүйеге: 1Fit медициналық чекаптарды не үшін енгізді

1fit

Жаттығу залына бару енді – мақсат емес, денсаулықты сақтаудың бір жолы. Қазақстанда бұл өзгерісті ерте сезініп, соған сай дамып келе жатқан платформалардың бірі – 1Fit. Кейінгі айларда сервис фитнес шеңберінен шығып, медициналық чекаптар мен платформа ішіндегі қарым-қатынас жүйесін белсенді дамыта бастады. 

Фитнес вакуумда өмір сүрмейді

1Fit-тегі бұл бетбұрыс кездейсоқ шешім емес. Компания командасы пайдаланушылардан келген ұсынысты ескеріп, кері байланысты жүйелі түрде жинап келеді. Бұл қазақстандық стартапты дамытуға, кемшіліктерін уақытылы жоюға мүмкіндік береді.

"Біз үнемі пайдаланушыларымызбен байланыстамыз, келіп түскен ұсыныстарды талдаймыз. Егер бұрын біздің басты фокусымыз масштабтау мен географияны кеңейту болса, қазір бар нарықты сапалы дамытуға назар аударып отырмыз", – деп атап өтті 1Fit командасының өкілі Абзал Төремұратұлы.

Оның айтуынша, қазір фитнесті жеке алып қарау жаңсақ пікір.

"Фитнес вакуумда өмір сүрмейді. Ол ұйқы, тамақтану, стресс деңгейі және жалпы денсаулықпен тығыз байланысты. Сондықтан біз адамның өзіне кешенді түрде қарауына көмектесетін қызметтерді енгізе бастадық", – деп хабарлады ол.

Медициналық чекап: жаттығудан бұрын ағзаға не керегін түсіну

Осы логиканың жалғасы ретінде 1Fit экожүйесіне медициналық чекаптар енгізілді. Чекап – ауру белгілерін күтпей, ағзаның негізгі көрсеткіштерін алдын ала бағалауға мүмкіндік беретін кешенді тексеру. Ал сараптамалар Invitro зертханалар желісінде жүргізіледі. Компания өкілдерінің сөзінше, серіктес таңдау ұзақ уақыт алған. Себебі клиенттер нәтижемен қатар толыққанды кеңес алып, өз сұрағына жауап табуы керек. 

1fit

1Fit бұл қызметті бөлек медициналық өнім ретінде емес, денсаулықты бақылауда ұстаудың бір бөлігі ретінде қарастырады дейді 1Fit компаниясының өкілі Абзал Төремұратұлы.

"Біз фитнестің айналасында және атлетке нақты пайда әкелетін барлық сервисті тестілеуді стратегиямыздың бір бөлігі деп санаймыз. Чекаптар – экожүйеге қарай жасалған маңызды қадам. Болашақта абонемент денсаулықты басқару әлеміне арналған “билетке” айналады".

Чекаптарды қосымшаға енгізер алдында команда гипотезамен шектелмей, нақты тест жүргізген.

"Біз кеңседе InBody тестілеуінен 100-ден астам адамды өткіздік, олардың тәжірибесін талдадық. Нәтижесінде пайдаланушы үшін қосымша ішінен чекап сатып алу кәдімгі жаттығуға жазылудан еш айырмашылығы жоқ екенін көрдік. Бұл қарапайым әрі кез келген адамға түсінікті, оның үстіне кедергілерді жояды".

Медицинаны қарапайым тілмен түсіндіру

1fit

Чекаптардың тағы бір ерекшелігі – интерфейс тілі. 1Fit командасы күрделі медициналық терминдерден әдейі бас тартқан.

"Бізде медициналық терминдерді қарапайым етіп жазатын редактор жұмыс істейді. Мысалы, липидтер деп жазбаймыз, “майлар” дейміз, гемостаздың орнына “қанның ұюы” деп көрсетеміз. Медицина онсыз да өміріміздің бір бөлігі, оны терминдермен күрделендірудің қажеті жоқ".

Бұл тәсіл медициналық қызметті қолданушыларға түсінікті етеді және чекаптарды "қорқынышты" емес, күнделікті тәжірибеге айналдыруға көмектеседі. 

Қазір 1Fit үш түрлі чекапты ұсынады. Ал бағасы әртүрлі: 

  • Базалық чекап (17 990 ₸): ағзаның жалпы күйін бағалау. Құрамына қанды клиникалық тұрғыдан талдау, қалқанша безінің жұмысын бақылауға арналған ТТГ, ферритин, креатинин және бауыр көрсеткіштері (АлАТ) кіреді.
  • Жүрек саулығы (21 990 ₸): Жүрек-қантамыр төзімділігіне бағытталған. Пакетке липидтік профиль (холестериннің барлық фракциялары), глюкоза, С-реактивті ақуыз және қан тамырлары қаупінің негізгі маркері саналатын гомоцистеин кіреді.
  • 40 жасқа дейінгі денсаулық (29 990 ₸): Зат алмасуды барынша толық тексеруге арналған кеңейтілген скрининг. Құрамына ақуыз алмасуының көрсеткіштері, билирубин, триглицеридтер және кеңейтілген биохимиялық талдау кіреді.

1Fit үшін медициналық чекаптар уақытша эксперимент емес, ұзақмерзімді стратегияның бір бөлігі.

"Біз денсаулыққа қатысты барлық бағытты тестілеуді жалғастырамыз: дәрігер консультациялары, нутрициологтар, арнайы жаттығу жоспарлары мен диеталар. Мақсатымыз – 1Fit-тің адамның салауатты өмір салтына қатысты барлық қажетін жабатын платформаға айналуы".

Қарым-қатынас платформасы: нәтиже диалогтан басталады

1Fit-тің екінші маңызды бағыты – платформа ішіндегі қарым-қатынас жүйесі. Қазірдің өзінде қолданушылар чекаптан өткендерін жазып, бір-бірімен тәжірибесін бөлісіп жатыр. 

Команда фитнес нәтижесі тек жаттығу жоспарына емес, кері байланыс пен қолдауға тікелей байланысты екенін айтады.

"Қолдау қызметіне жаңа, күтпеген сұрақтардың мүлде болмауы біз үшін жақсы белгі. Біз алдын ала анализ тапсырғаннан кейін дәрігермен байланысу мүмкіндігін қостық. Пайдаланушы барлық сұрағын профильді маманға тікелей қоя алады".

Бұл тәсіл пайдаланушыны тек сервистің тұтынушысы емес, саналы қатысушысына айналдырады.

Технология мен медицинаның тоғысуы – Қазақстанда жаңа денсаулық мәдениетін қалыптастыру жолы

Қарым-қатынас платформасында 1Fit контент пен пікірлерді қатаң модерациялайды.

"Егер теріс мінез-құлықты байқасақ, жазбаларды жасырамыз, ал қайталанса, қолжетімділікті шектейміз. Біздің мақсат – адамдар бір-бірін қолдайтын, бос бәсекеге емес, дамуға бағытталған орта қалыптастыру".

Айта кетері, 1Fit спорт пен белсенді өмір салтын ұстанатындар арасында қарым-қатынасты нығайтуға да өз үлесін қосып келеді. Қолданушылар жаңалықтар лентасына өз жетістігін бөлісе алады. Ал өзгелер пікір қалдырып, “лүпіл” басады. Бұл желі ішінде коммуникацияны жетілдіріп, жаңа таныстықтар орнатуға жол ашады.

Осылайша 1Fit спортты қолға алғандар арасында бір-біріне қолдау білдіріп, жаттығуды жарты жолдан тастап кету мәселесін шешуге тырысқан.

Өзге әлеуметтік желіде мінсіз көрініс пен әдемі кадрлар бағаланса, 1Fit лентасында басты құндылық – нақты нәтиже. Мұндағы "лайк" өзіңе жұмсаған күш-жігердің символдық валютасына айналады.

Лента ішінде қызығушылықтар бойынша шағын қауымдастықтар қалыптасады: таңғы жүзуді ұнататындардан бастап, тұрақты жаттығуға әуес жандарға дейін. Пайдаланушылар өз прогресін бөліседі, студиялар ұсынады және бірге жаттығатын серіктестер табады. Нәтижесінде фитнестегі көшпенділік пікірлес адамдар ортасындағы саналы әрі жүйелі жолға айналады. Сонымен қатар 1Fit қазақстандықтар үшін спорт мен медициналық тексерісті тоғыстыратын “толыққанды” денсаулық картасы болмақ. 

Жұмаділлә Нұрила
Сәрсенбі, 14 Қаңтар, 2026 18:00