Әбенов Көлік вице-министрін әуе компанияларының мүддесін қорғады деп айыптады
Видеодан скрин
Депутат Мұрат Әбенов Көлік вице-министрі Талғат Ластаевты монополист әуе компанияларын қорғады деп айыптап, билет бағасының шектен тыс қымбаттауы мен тасымалдау ережелерінің бұзылуын заңнамалық деңгейде ретке келтіретінін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"Олар авиация мен туризмді тексеруге болмайды деп жазып қойған. Біз бәрін ретке келтіреміз. Неге Талғат Ластаев, Көлік вице-министрі монополистерді қорғайды? Ол халық жағына шығуы керек", – деді Әбенов.
Депутаттың айтуынша, Ластаев әуе компанияларына берілген преференциялар туралы жұртқа толық айтпайды.
"Біз бір кезде оларды барлық тексерістерден босаттық, преференциялар бердік. Неге Ластаев мұны айтпайды? Олар айыппұл төлемейді, рейстерді үнемі кешіктіреді, ұшақтарды ауыстырады, ал қымбат билеттерді одан да қымбаттата береді", – деді Әбенов.
Әбенов лоукостерлерге қатысты да мысал келтірді.
"Шетелде билет 20 доллар тұрады, ал бізде “лоукостер” деп 100 долларға сатады. Билетті кері өткіземін десең, ақшаңды ұстап қалады, ештеңені тікелей қайтармайды. Мұндай жағдай ешбір елде жоқ", – деді ол.
Депутат Ластаевты жеке компаниялардың "қорғаушысына" айналмауға шақырды.
"Егер ол бизнесті қорғағысы келсе, бизнеске барсын. Біздің жұмысымызға араласпасын. Конституция бойынша ол депутаттың қызметіне кедергі келтірмеуі керек және біздің жұмысымызды түсіндіріп, пікір айтуға құқығы жоқ", – деді Әбенов.
Қазақстанда фонограммамен ән айтуға тыйым салынды: Әншілер бұл туралы не ойлайды