Абай облыстық көші-қон қызметінің бұрынғы басшысы сотталды
Семейде Абай облыстық көші-қон қызметінің бұрынғы қызметкерлеріне қатысты сот аяқталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: freepik.com
Айыпталушы Абай облыстық көші-қон қызметінің бұрынғы басшысына “пара алу” бабы бойынша айып тағылған.
Сонымен қатар осы іске қатысты “пара алуға делдалдық жасау” бабымен көші-қон қызметі басқармасының экс-инспекторы мен “пара беру” бабы бойынша Әуезов аудандық ПБ-нің бұрынғы қызметкері де айыпталған.
"Сот барысында сотталушы көші-қон қызметі басқармасының бастығы қызметін атқара отырып, делдал – көші-қон қызметі департаментінің инспекторы арқылы қызмет бабын пайдаланып, полицияның бұрынғы инспекторынан ақшалай сыйақы алғаны белгілі болды. Пара көлемі 1000 долларды құрады, бұл 476 890 теңгеге тең. Нәтижесінде көші-қон қызметі басқармасының бұрынғы басшысы Н.-ның Әуезов аудандық ПБ-нен көші-қон қызметіне ауысуына жағдай жасаған", – делінген Абай облыстық сотының хабарламасында.
Соттың мәліметінше, сотталғандардың кінәсі куәлардың айғақтарымен, жедел-іздестіру іс-шараларының материалдарымен, жасырын тергеу әрекеттерімен, сотталушыдан тәркіленген қаражаттармен және істің басқа материалдарымен дәлелденген.
"Үкім шығарған кезде сот С. мен Н.-ның жас балалармен болуын ескерді, бұл жеңілдететін мән-жай деп бағаланды. Жазаны ауырлататын мән-жай ретінде құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қабылдаған антын бұзуы ескеріледі. Сот үкімімен көші-қон қызметінің бұрынғы басшысы Д, жеңілдететін мән-жайлардың жоқтығы ескеріліп, кінәлі деп танылып, мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырыла отырып, төрт жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды", – делінген хабарламада.
Көші-қон қызметі басқармасының бұрынғы инспекторы С, кінәлі деп танылып, сот оны полиция подполковнигі шенінен айырып, өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, үш жыл алты ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындады.
Пара берген бұрынғы полиция қызметкері кінәлі деп танылып, оған полиция майоры атағынан айыра отырып, өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, үш жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Еске салсақ, бұған дейін Қаңтар оқиғасына қатысты айыпталған экс-министр Ерлан Тұрғымбаевтың шартты жазамен құтылып кеткені туралы жазған едік.