Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Абай облысындағы 3 баланың өлімі: Көлік жүргізушісі 10 жылдан аса уақыт бойы "эпилепсия" диагнозымен есепте тұрған

жүргізушінің диагнозы болғанФото: Видеодан скрин

Абай облысында болған қайғылы жол апатынан кейін 55 жастағы жүргізушінің 10 жылдан астам уақыт бойы "эпилепсия" диагнозымен медициналық есепте тұрғаны белгілі болды. Қазір оның жүргізуші куәлігі уақытша тоқтатылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Жетінші арнаға сілтеме жасап хабарлайды. 

Оқиғаның мән-жайы

19 тамыз күні Бестерек ауылында Toyota көлігін тізгіндеген ер адам жол жиегінен небәрі он метр қашықтықта, үйдің қақпасының алдында ойнап жүрген 6 баланы қағып кеткен. Оқиға салдарынан үш бала қаза тапты. Екеуі оқиға орнында, біреуі ауруханаға бара жатқан жолда көз жұмды. Тағы үш бала ауыр жарақат алды.

Екі бала санитарлық авиация арқылы Астана қаласына жеткізілді. Алты жасар ұл бала жедел шок жағдайында ауруханаға түскен. Дәрігерлер оның жағдайын тұрақтандырып, бір күн бұрын жансақтау бөлімінен жалпы палатаға ауыстырған. Тоғыз жасар қыздың жағдайы өте ауыр. Алайда дәрігерлер оның жағдайы сәл де болса жақсарғанын айтты. Үшінші жарақат алған қыз бала Үржар аудандық ауруханасында жергілікті дәрігерлердің бақылауында ем алып жатыр.


Абай облысында көлік қағып, қаза тапқан балалардың денесі жер қойнына тапсырылды


Абай облысындағы 3 баланың өліміне әкелген жол апаты: Жүргізуші эпилепсия диагнозына байланысты куәлігінен айырылды


Күдікті туралы не белгілі?

Тергеу барысында жүргізушінің 2013 жылдан бері эпилепсия диагнозымен медициналық есепте тұрғаны анықталған. Жол апатынан кейін полиция департаментінен Үржар аудандық сотына өтініш келіп түсті. Сот шешімімен жүргізушінің көлік басқару құқығы уақытша тоқтатылды.

Мұндай диагнозы бола тұра ер адамның жүргізуші куәлігін қалай алғаны және оны неге қайтарып алмағаны  белгісіз. Бұл жағдай қоғамда үлкен резонанс тудырды.

Жол апатынан кейін күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалған. Сараптама оның оқиға кезінде ішімдік ішпегенін растады. Қазір оған қатысты қылмыстық іс қозғалып, екі айға қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Істі Ішкі істер министрлігі бақылауына алды.

Еске салсақ, бұған дейін Абай облысында көлік бір топ баланы қағып кетіп, үш бүлдіршін мерт болып, тағы үш бала жарақат алған еді. Жол апатында жараланған екі бала санитарлық авиация арқылы Астанаға әкелініп, қаладағы №2 көпбейінді балалар ауруханасына жатқызылды. Денсаулық сақтау министрі ауруханаға барып, балалардың жағдайымен танысты.

Жұмаділлә Нұрила
Сенбі, 23 Тамыз, 2025 11:25
Талқылау