Абай облысында 50 жұмысшы мінген автобус аударылып қалды

31 қаңтар күні Абай облысындағы Семей – Қайнар автожолында вахталық жұмысшыларды тасымалдаған автобус апатқа ұшырады. Көлікте 50 адам болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Абай облысында Семей – Қайнар тасжолында, Знаменка ауылының маңында 50 вахталық жұмысшысы бар автобус жолдан шығып, аударылып қалды. Алдын ала мәлімет бойынша жүргізуші көлікті басқару барысында жол жиегіне шығып кеткен. Кадрлардан автобустың жолдан шығып, жол жиегінде бүйірімен аударылып жатқанын көруге болады. Абай облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жол апаты 31 қаңтар күні Семей – Қайнар автожолының 62-шақырымында болған.
"52 жастағы жүргізуші басқарған SETRA маркалы жолаушылар автобусы кюветке түсіп, бүйірімен аударылған. Автобус ішінде вахталық жұмысқа бет алған 50 жолаушы болған", – деп хабарлады полиция.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, зардап шеккендер өміріне қауіп төндірмейтін түрлі дене жарақаттарын алған. Барлығына қажетті медициналық көмек көрсетілген.
Аталған факті бойынша тексеру басталды. Қазіргі уақытта жол апатының барлық мән-жайы мен себептері анықталып жатыр. Полиция қызметкерлері жүргізушілерді қысқы кезеңде қала сыртындағы жолдарда жылдамдық режимін қатаң сақтауға, жол және ауа райы жағдайын ескеруге, сондай-ақ барынша сақ болуға шақырды.
Еске салайық, бұған дейін Шымкентте жүргізуші куәлігін алу үшін емтихан тапсырған қыз көлікті аударып тастағанын жазған едік. Емтихан кезіндегі жол апаты 19 қаңтар күні “Асар-2” шағынауданындағы мамандандырылған ХҚКО-лардың бірінің автодромында болған. Оның видеосы әлеуметтік желіде тарады. Белгілі болғандай, практикалық емтихан тапсырып жатқан жүргізуші көлікті басқара алмай, аударып алған. Көлік тізгінінде қыз бала отырған.
"3 ай бұрын шай төктің, ақысын төле деді": Ақтауда бойжеткенді кафеде ұрып-соғып, сүйреп шығарып жіберген (видео)