Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Абай облысында жүргізуші аулада ойнап отырған бір топ баланы қағып кетті: Үш бүлдіршін мерт болды

Фото: Ru.freepik.com

19 тамыз күні сағат 16:00 шамасында Абай облысы Бестерек ауылында Toyota автокөлігін тізгіндеген жүргізуші үйдің қақпасының жанында, жол жиегінен 10 метр қашықта тұрған бір топ баланы қағып кетті. Қатты соққы салдарынан үш бала көз жұмды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

55 жастағы көлік жүргізушісі рөлге ие бола алмай қалған. Жол апаты салдарынан екі оқиға орнында бала көз жұмған. Тағы біреуі ауруханаға бара жатқан жолда жан тапсырды. Үш бала түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді.

Балаларды қағып кеткен жүргізуші ұсталып, қамауға алынды. Медициналық сараптама оның жол-көлік оқиғасы кезінде мас болмағанын көрсетті.

“Оқиға орнында полиция қызметкерлері жұмыс істеп жатыр. Қайғылы жағдайдың себептері мен мән-жайын анықтау үшін барлық қажет тергеу амалдары жүргізіліп жатыр”, – деп мәлімдеді Үржар аудандық полиция департаменті.

Президенттің тапсырмасымен Абай облысына Қорғаныс министрлігінің ұшағы аттанды. Ұшақ бортында реаниматолог, нейрохирург және травматолог дәрігерлер бар. Денсаулық сақтау министрлігі зардап шеккен балаларға медициналық көмек көрсету үшін Үржар ауданына дәрігерлер мінген С-295 әскери ұшағының қонғанын хабарлады.

Абай облысының әкімі Берік Уәли қаза тапқан балалардың отбасыларына қажет көмек пен қолдау көрсетуді тапсырды.

“Әкімнің тапсырмасы бойынша қаза болғандардың отбасыларына жерлеу рәсімін ұйымдастыруда барлық қажет қолдау, сондай-ақ психологиялық және материалдық көмек көрсетіледі”, – делінген хабарламада.

Қазір оқиға орнында облыс әкімінің орынбасарының үйлестіруімен арнайы топ жұмыс істеп жатыр. Әкімдік жағдайдың ерекше бақылауда екенін айтты.

Айым Болатқызы
Сәрсенбі, 20 Тамыз, 2025 08:26
Талқылау