Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Абай облысында бюджет қаржысы шенеуніктердің мерейтойына жұмсалған

Фото: ЖИ

Абай облысында прокуратура Бородулиха ауданында бюджет қаражатының заңсыз жұмсалғанын анықтап, оның жолын кесті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Прокуратура мәліметінше, жергілікті атқарушы органдар бюджет қаражатын үнемдеп, соның есебінен қызметкерлерге мерейтойларына байланысты 1 миллион теңгеден астам материалдық көмек төлеген. Алайда мұндай төлемдер қолданыстағы талаптарға қайшы келген.

Сондай-ақ тексеріс барысында ұжымдық шарттарда заңға сәйкес келмейтін нормалар болғаны анықталды. Атап айтқанда, олар 247 қызметкердің Еңбек кодексінде қарастырылған қысқа мерзімді демалыс алу, жалақының сақталуы және басқа да кепілдіктерге құқықтарын шектеген.

Прокуратура араласқаннан кейін шарттар заң талаптарына сәйкестендіріліп, ауылдық округ әкімінің өкімі жойылды. Заңсыз төленген қаражат бюджетке қайтарылды.

Тексеру қорытындысы бойынша экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің жауапты қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылды.


Алматы әкімдігі 700 милллион теңгеге жаңа автокөліктер сатып алып, кейін оларды өзіне өзі жалға берген

30 миллиард теңге артық: Депутаттар мектептегі тегін тамаққа негізсіз қаражат бөлінген деп дабыл қақты


Айта кетейік, бұған дейін Ақтөбеде шенеуніктер осал топтағы адамдарға баспана үшін бөлінген ақшаны жымқырғаны хабарланған еді.  Прокуратураның мәліметінше, аудандық мәслихат төрағасы, депутат және әкімдік қызметкері бірігіп, мемлекетке көпқабатты толық үйдің орнына жатақхана сатып жіберген. Яғни, мемлекет жақсы, толыққанды тұрғын үйге ақша бөлген. Бірақ оның орнына сапасы төмен, арзандау жатақхана салынған. Соның салдарынан мемлекетке 672 миллион теңге шығын келген.

Ақтөбе қаласының №2 соты шенеуніктерге үкім шығарды. Кінәлі тұлғалардың мүлкі тәркіленіп, әрқайсысы әртүрлі бас бостандығынан айыру жазасына сотталды. Жазаны орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейтін болады. Ал келтірілген залал өндірілді. 

Балнұр Рахматуллақызы
Жұма, 03 Сәуір, 2026 16:22