Абай облысында көлік қаққан тағы бір баланы санитарлық авиациямен Семейге жеткізді
Фото: Денсаулық сақтау министрлігі
Абай облысында болған жол апатында зардап шеккен тағы бір баланы санитарлық авиациямен Семейге жеткізді. Қазір ол анестезиология, реанимация және интенсивті терапия бөлімінде ем қабылдап жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Абай облысының Үржар ауданына қарасты Бестерек ауылында болған жол-көлік оқиғасында үш бала зардап шекті. Оның ішінде бір бала бүгін санитарлық авиациямен Семей медициналық университетінің госпиталінің балалар бөліміне жеткізілді.
Өңірлік денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бастапқыда баланы облыс орталығына жеткізу өміріне қауіпті болғандықтан мүмкін болмаған. Дәрігерлер тексерулер мен бақылаудан кейін оның жағдайын әуе тасымалына жеткілікті деңгейде тұрақты деп танып, Семейге көшіру туралы шешім қабылдады.
"Алғашқы күннен бастап балаға университет госпиталінің мамандары педиатрия жөніндегі директордың орынбасары, облыстың штаттан тыс бас анестезиологы Дулат Каримов және балалар травматологиясы бөлімінің меңгерушісі, өңірдің штаттан тыс бас нейрохирургы Жасұлан Асетов белсенді түрде көмек көрсетті. Олар науқасты тасымалдау барысында қасында болды", - делінген басқарма жауабында.
"Абай облысының денсаулық сақтау басқармасы мен Семей медициналық университетінің басшылығы тарапынан балаға барлық қажетті көмек көрсетілуде. Қазір ол анестезиология, реанимация және интенсивті терапия бөлімінде ем қабылдап жатыр.
"Баланың жағдайы Абай облысының әкімі Берік Уәлидің жеке бақылауында", – делінген хабарламада.
Абай облысында көлік қағып, қаза тапқан балалар ата-әжесіне қонаққа келген
Еске салайық, бұған дейін Абай облысында көлік бір топ баланы қағып кетіп, үш бүлдіршін мерт болып, тағы үш бала жарақат алған еді. Жол апатында жараланған екі бала санитарлық авиация арқылы Астанаға әкелініп, қаладағы №2 көпбейінді балалар ауруханасына жатқызылды. Денсаулық сақтау министрі ауруханаға барып, балалардың жағдайымен танысты.

Жаңа оқу жылында бір оқушыны мектепке дайындау қанша тұрады: Ата-аналар шығындарымен бөлісті
