Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Абай облысында көлік қағып, қаза тапқан балалардың денесі жер қойнына тапсырылды

үш бала жерлендіФото: Видеодан скрин

Абай облысы Үржар ауданындағы жол апатынан қаза болған үш бала жерленді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Жетінші арнаға сілтеме жасап хабарлайды. 

Мәліметке сәйкес, бір үйдің екі қызын Жарма ауданының Жалғызтөбе ауылында жер қойына тапсырды. Ал екі жарым жастағы ұл баланы Елтай ауылында жерледі.

Жерлеу рәсіміне марқұмдардың туған-туыс, ауылдастары және әкімдік өкілдері қатысқан. Бірақ дәл осы сәтте анасы кенжесімен қоштаса алмай қалған. Себебі қайғы жұтқан ана, көлік апатынан аман қалған екі баласының қасында, яғни Астана қаласында. Олардың жағдайы қалыпты деп бағалағанымен, жансақтау бөлімінде жатыр.


Абай облысындағы 3 баланың өліміне әкелген жол апаты: Жүргізуші эпилепсия диагнозына байланысты куәлігінен айырылды


Абай облысында көлік қағып кеткен балалардың қазіргі жағдайы белгілі болды


Ал туған қарындастарынан айырылған тағы бір тоғыз жастағы бала аудандық ауруханада жатыр. Дәрігерлер оның жағдайы әзірге еш өзгеріссіз дейді. 

"Бас миына трепанация отасы жасалды. Қазір жағдайы тұрақты ауыр. Әлі ешқандай өзгеріс жоқ, бірқалыпты. Жасанды тыныс алу аппаратында жатыр. Қазір күтуден басқа амал жоқ. Ешқандай болжам айта алмаймыз", – деді аудандық аурухана басшысының орынбасары Мадина Ноғайбаева.

Ал күдікті қамауға алынған. Оның ұлы әкесінің денсаулығы нашар екенін айтады.

"Әкемді әлі көрген жоқпын. Денсаулығы нашар, бірақ қамауда. Адам танымайды. Өйткені жүрек талмасы ұстаған. Оқыс жағдай қас-қағым сәтте болған. Өте қайғылы жағдай болып жатыр. Көңіл айттық, олардан кешірім сұраймыз", – деді көлік жүргізушісінің ұлы.

Еске салсақ, бұған дейін Абай облысында көлік бір топ баланы қағып кетіп, үш бүлдіршін мерт болып, тағы үш бала жарақат алған еді. Жол апатында жараланған екі бала санитарлық авиация арқылы Астанаға әкелініп, қаладағы №2 көпбейінді балалар ауруханасына жатқызылды. Денсаулық сақтау министрі ауруханаға барып, балалардың жағдайымен танысты.

Жұмаділлә Нұрила
Жұма, 22 Тамыз, 2025 17:33
Талқылау