Абай облысында көлік қағып, қаза тапқан балалар ата-әжесіне қонаққа келген
Фото: pixabay.com
Абай облысы Бестерек ауылында көлік бір топ баланы қағып кеткен қайғылы оқиғаға қатысты жаңа мәліметтер айтылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мәліметке сәйкес, апат салдарынан 2 мен 7 жас аралығындағы үш бала көз жұмды. Ал 6 мен 9 жас аралығындағы үш бала жарақат алып, қазір дәрігерлердің бақылауында. Оларға қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр.
“Алдын ала мәлімет бойынша, қаза тапқандар екі отбасының балалары. Марқұмдардың екеуі Жарма ауданы Жаңғызтөбе ауылының тұрғындары, Үржарға атасы мен әжесіне қонаққа келген. Ал бір бала Үржар ауданының тұрғыны болып шықты. Зардап шеккен үш баланың екеуі Үржар ауданынан, біреуі Жармадан”, – делінген Абай облысы әкімдігінің хабарламасында.
Ресми деректерге сәйкес, облыс әкімдігі марқұмдардың отбасына жерлеу рәсімін ұйымдастыру үшін қажет көмекті көрсетіп жатыр. Психологиялық және материалдық қолдау да көрсетіледі дейді.
"Оқиға орнында облыс әкімі орынбасарының келісімімен арнайы жұмыс тобы құрылды. Жағдай облыс басшылығының ерекше бақылауында", – делінген хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін 19 тамызда Абай облысы, Бестерек ауылында 55 жастағы жүргізуші Toyota көлігімен бір топ баланы қағып кетті. Жол апаты салдарынан үш бала қаза тауып, тағы үшеуі ауыр жарақат алды. Жүргізуші ұсталды, ол мас болмаған. Қайтыс болған балалардың отбасыларына жерлеу рәсімін ұйымдастыруда материалдық және психологиялық көмек көрсетіледі. Президенттің тапсырмасымен Үржар ауданына дәрігерлер мінген әскери ұшақ жіберілді. Қазір оқиғаның мән-жайын анықтау үшін тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, жағдай облыс әкімдігінің ерекше бақылауында.

Екі қыз анасыз қалды: Атырауда ер адам әйелін ұрып өлтірді деген күдікке ілінді
