Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Абай облысында Қытайға жаңа теміржол желісінің құрылысы басталды

Абай облысында Қытайға жаңа темір жол салына бастады. Бақты – Аягөз теміржол желісінің құрылысы Қазақстан мен Қытай арасындағы өткізу қабілетін 20 миллион тоннаға арттыратыны атап өтілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Құрылыс аясында Қытаймен үшінші шекаралық Бақты – Шәуешек өткелі ашылмақ. Жаңа желі шекарадағы өткізу қабілетін 28-ден 48 миллион тоннаға дейін ұлғайтады, оңтүстіктегі өткізу бекеттеріндегі кептелістерді жеңілдетеді және қосымша транзит көлемін тартады. Жұмыс 2027 жылы аяқталады деп жоспарлануда.

"Ауқымды жоба жеке инвестордың қатысуымен МЖӘ қағидаты бойынша жүзеге асырылады. Құрылыс барысында 11 станция, 47 көпір, 23 теміржол және 8 автомобиль өткелі, 5 жаяу жүргіншілер көпірі, 16 бақылау құрылыстары салынады. Осы мақсатта отандық өндірушілерден 500 мың бірліктен астам шпал және 36 тонна рельс сатып алу жоспарланған. Жергілікті қамту кем дегенде 85 пайыз болады деп күтіліп отыр", – делінген хабарламада. 

Өткен жылдың қараша айында Достық – Мойынты учаскесінде екінші жолдардың құрылысы басталды. Биылғы жылы Алматы қаласы мен Дарбаза – Мақтаарал желісін айналып өтетін жаңа теміржол құрылысы басталды. Үш жылдың ішінде республикада барлығы 1300 шақырымнан астам теміржол салынады.

Үкімет басшысының айтуынша, тас жол құрылысы 1700-ден астам адамды жұмыспен қамтамасыз етеді. Бұл ретте жүк түсіру пункттерінің ашылуы жаңа жұмыс орындарымен қамтуға ықпал етеді.

"Осының барлығы Абай ауданының ғана емес, бүкіл еліміздің экономикасына оң әсерін тигізеді. Бақты-Аягөз жобасын жүзеге асыру Қазақстанның теміржол желісінің әлемдік көлік жүйесіне интеграциялануын жеделдетеді", – деді Әлихан Смайылов.

"ҚТЖ" ҰК" АҚ басқарма төрағасының орынбасары Қанат Әлмағамбетов атап өткендей, жаңа желі қазақстандық экспорт көлемін, сондай-ақ Ресейден Қытайға және кері бағыттағы жүк транзитін арттыруға мүмкіндік береді.

"Бұл желі арқылы Абай, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарынан және басқа өңірлерден келетін тауарлар өтеді. Екі жолды желі құрылысы – бірден жеткілікті қуаттылыққа ие болуға кепілі. Жалпы бұл транзиттік жүктердің қосымша ағынын ашып, жақын маңдағы аймақтарды дамытуға серпін болмақ",  – деді ол.

Талқылау