Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Абай облысында әскери қызметкерді пышақтап кеткен: Жақындары тергеудің әділ жүргізілмегеніне наразы

Абай облысы Үржар ауданында көз жұмған 23 жастағы жігіттің туыстары тергеудің әділ жүргізілмегеніне наразы. Рахат Райбектің жақындары қылмыстық іс жан-жақты зерттелмегенін айтады. Сөздерінше, күдіктілердің барлығы қамалмаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Видеодан скриншот

Қаңтарда Рахат Райбек Үржар аудандық қорғаныс істер жөніндегі бөлімге жұмысқа орналасқан. Он күннен кейін 23 жастағы әскери қызметкер әріптестерімен туған күн тойлауға кеткен. Сол түні ауылдағы дүкеннің маңынан оның мәйіті табылған.

Айыптау актісіне сәйкес, әскери комисариаттың қызметкері пышақ жарақатынан мерт болған. 

“Оқиға негізі военкомат ғимаратында басталған. Бауырымды сол қызметкерлер туған күнге шақырып алады. Военкомат ғимаратында отырыс болған. Сол отырыстан кейін бауырым қайтқан жоқ. Яғни сол военкомат ғимаратынан қайтпады, өлігі ғана келді”, – деді марқұмның әпкесі Шолпан Мұхамеджанова.

Марқұмның әпкесі інісін аса қатыгездікпен пышақтап өлтіргендердің барлығы қамауға алынбады деп отыр. Оған қоса, тергеудің жан-жақты жүргізілмегеніне сенімді. Сот-медициналық сараптамасының қорытындысымен де келіспей, қылмыстық істің бабын ауыстыруды талап етеді.

“Еңгезердей жігітке бір адам 22 жерден пышақ салуы мүмкін емес. Екіншіден, осы қылмысты жасырып отырған бірнеше тұлғалар бар. Олар да істі жай куә ретінде жүргізіп отыр. Оларды күдіктілер қатарына өткізу керек. Іс 99-баптың 1-тармағы бойынша қарастырылып жатыр. Оны 2-тармаққа, яғни “Аса қатігездікпен өлтіру” деп ауыстыруды талап етеміз”, – деді марқұмның әпкесі.

Қазір атышулы істе жалғыз айыпталушы бар, ол – әскери комисариаттың жүргізушісі.

Алматы аграрлық университінде оқыған Рахат Райбек үйленбеген. Отбасының жалғыз баласы болған. Қорғаныс саласында жұмыс істеп, әскери қызметкер болуды армандаған көрінеді.

Талқылау