Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бестеректегі балалар өлімі: Эпилепсиямен ауыратын жүргізуші тоғыз жылға сотталды

Видеодан скрин

Абай облысында Бестерек ауылында 6 баланы қағып кеткен жүргізушіге қатысты сот үкімі шықты. Жол апаты салдарынан жасы 2 мен 7 аралығындағы төрт бала қаза тапқан еді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды

Сот 55 жастағы жүргізушіні "Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне себеп болған жол жүру ережелерін бұзу" бабы бойынша кінәлі деп таныды. Айыпталушыға 9 жылға бас бостандығынан айыру, сондай-ақ 7 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айыру жазасы тағайындалды.

“Сотталушының кінәсі сотта толық көлемде дәлелденді. Жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде оның кәмелетке толмаған баласының бар екені және кінәсін толық мойындауы ескерілді. Ал ауырлататын мән-жай – қылмыстың кәмелетке толмаған балаларға қатысты жасалуы”, – деді судья.

Абай облысында 4 бала қаза тапқан жол апаты: Сотта эпилепсиясы бар жүргізушіні тексеруі керек болған дәрігерден жауап алынды

"Үш қызымнан айырылып қалдым": Бестеректегі балалар өлімі бойынша эпилепсиясы бар адамға жүргізуші куәлігін бергендерді жазалау талап етілді


Сонымен қатар сот сотталушыны жәбірленушілерге моральдық және материалдық шығынды өтеуге міндеттеді.

Жол апаты салдарынан екі жасар ұлынан айырылған Ернар Бұланбаев пен оның жұбайына сот әрқайсысына 10 миллион теңгеден моральдық өтемақы тағайындады.

Ал жол апатында үш бірдей баласынан айырылған Таңшолпан Каримова мен оның жұбайына әрқайсысына 15 миллион теңгеден моральдық шығын, сондай-ақ 336 мың теңге материалдық шығын және әрқайсысына 200 мың теңгеден өкілдік шығын өтеу белгіленді.

Еске салайық, бұған дейін Абай облысында көлік бір топ баланы қағып кетіп, үш бүлдіршін мерт болып, тағы үш бала жарақат алған еді. Жол апатынан кейін комаға түскен қыз бір айдан соң көз жұмып, қаза тапқандар саны 4 балаға жетті. Аталмыш іске қатысты сот отырысында қаза тапқан балалардың ата-аналары мен жүргізуші сөз сөйлеген еді.

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 30 Желтоқсан, 2025 18:26