Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

93 миллиард теңге қайта бөлінді: МӘМС жүйесіндегі қарыздарға түсініктеме берілді

pixabay медицинаФото: pixabay.com

Денсаулық сақтау министрлігі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін қаржыландыру мәселесіне байланысты түсініктеме берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бұқаралық ақпарат құралдарында МӘМС жүйесінде қаражат жетіспеушілігі байқалып, ауруханалар мен емханаларға қарыз жиналғаны, соның салдарынан медициналық ұйымдар пациенттерді қарызға қабылдап отырғаны жөнінде ақпарат тараған еді.

Қаржы министрлігінің мәліметінше, бұл қарыздар кассалық операциялық алшақтықтың салдарынан пайда болған. Салықтардың біркелкі түспеуі және әлеуметтік салаға бөлінетін шығындардың көптігі осыған себеп болған.

Ал денсаулық сақтау министрлігі, соған қарамастан, азаматтардың сапалы медициналық көмекті дер кезінде әрі кідіріссіз алып отырғанын атап өтті. Қызметтердің қолжетімділігін сақтау үшін денсаулық сақтау жүйесінде медициналық ұйымдардың да, "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының" да ішкі резервтері пайдаланылып жатыр.

Қаржыландыруды күшейту мақсатында министрлік тамыз-қыркүйек айларына арналған сатып алу жоспарын қайта қарап, 93 миллиард теңгеден астам қаржыны бөлді. Оның ішінде 90 миллиарды кепілдендірілген тегін медициналық көмекке, ал 3 миллиарды МӘМС жүйесіне бағытталды.

Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, медициналық көмекті қаржыландыруда мүмкін болатын кідірістерге жол бермеу үшін медициналық ұйымдар мен "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының" ішкі резервтері қолданылады. 

"Бұл халыққа қызмет көрсетудің үздіксіздігі мен қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Жағдай Үкіметтің толық бақылауында. Азаматтардың медициналық көмекке қолжетімділігі шектелмейді, сапасы төмендемейді", – делінген министрлік хабарламасында.


Қазақстандықтар қант диабетімен ауыратындарға тегін медициналық көмек тоқтатылатынына шағымданды: Бұған министрлік не дейді


Қазақстанда мүше трансплантациясын жасатқан науқастар тегін емделу құқығынан айырылмақ


Еске салайық, бұған дейін мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек "СҚ-Фармация" мен МӘМС жүйесіндегі заңбұзушылықтарға назар аударып, фармацевтика саласында анықталған фактілер бойынша құқық қорғау органдарына жүгіну бастамасын көтерген еді.

Айым Атамбаева
Дүйсенбі, 29 Қыркүйек, 2025 10:18
Талқылау