Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Оқу мен лагерьдің ақысын жымқырған: Астанада халықаралық мектептің басшылары қамауға алынды

КоллажФото: коллаж

Астана қаласы әкімдігіне қарасты "№81 Astana English School халықаралық мектебі" КММ-нің лауазымды тұлғалары бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

"Астана қаласы бойынша ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменті қызметкерлерімен бірлесіп, бұрынғы директор мен бас бухгалтердің 900 млн теңгеден астам қаражатты жымқырғаны анықталды", – делінген Қаржы мониторингі агенттігі таратқан хабарламада.

Ведомство дерегінше, бұл соманың бір бөлігі – ата-аналардан балаларды дайындық сыныптарына оқыту және жазғы лагерьге қатыстыру үшін қолма-қол алынған.

"Алайда бұл қаражат мекеме шоттарына түспей, ұрланған", – делінген хабарламада.

Сондай-ақ шамамен 16 млн теңге іс жүзінде ұйымда жұмыс істемейтін жалған қызметкерлер атына аударылған. Олардың қатарында күдіктілердің жалған түрде рәсімделген туыстары да бар.

Күдіктілер қылмыстық жолмен алынған табыстарға жалпы құны 382 млн теңге болатын мүлік сатып алған: коттедж, елордада екі пәтер және автокөлік.

Сот санкциясымен бұл мүлікке тыйым салынып, күдіктілер қамауға алынған.

Аида Тақабаева
Сейсенбі, 01 Шілде, 2025 11:30
Талқылау