9 жасар алматылық қыз «Дүниежүзі аруы» байқауының жеңімпазы атанды
9 жасар алматылық Эльгиза Қаражанова Грузияда өткен халықаралық сұлулар және дарындылар байқауының тәжін иеленді.
Cуреттер: vk.com
Бұл туралы 31 арна хабарлайды.
Байқау Грузияның Тбилиси қаласында өтті. 20 елден келген кішкентай қыздар көрерменді талантымен тәнті етті. Оларға алдын ала видео түрінде таныстыру, ән айту, бейнебаян түсіріп, бастысы қайырымдылық шарасын ұйымдастыру міндеттелген болатын. Эльгиза мен оның ата-анасы қарттар үйі мен жетімдер үйіне барып, концерт қойып, сыйлық тарту еткен.
Ұлттық киім көрсетілімінде әділқазыдар алқасы бірауыздан Эльгизаның көйлегіне жоғары балл берген.
Эльгиза өз жеңісіне бірден сене қоймады. Байқаудың жеңімпазын атағанда ол анасын жұбатып тұрғандықтан естімей қалған.
«Мен осы жолы жеңе алмасам келесі байқауға дайындалып, жеңімпаз атанатынымды айтып анамды жұбатып тұрғанмын», – дейді Эльгиза.
«Кіші дүниежүзі аруы» атанған Эльгиза Голливудты бағындырғысы келеді.