Маңғыстау облысында нөсер жауыннан бір ауылды су басты
Фото: Сюжет кадрларынан скрин
Маңғыстау облысындағы Шетпе ауылын қатты нөсер жауыннан су тасқыны болды. Нөсер салдарынан жолдар өзенге айналып, оннан аса үйдің ауласын су басып, кейбір тұрғындарды эвакуациялауға тура келген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Қазір төтенше жағдайлар департаменті мен жергілікті әкімдік салдарын жоюмен айналысып жатыр.
Елді-мекенде жаңбыр бірнеше сағат бойы толассыз жауған. Нәтижесінде жиналған су ауыл ішіне тасқын түрінде жайылып, лай массасы жолдарды жапқан. Теміржол өткелі уақытша жабылды. Ресми мәлімет бойынша, 14 үйдің ауласын су басқан. Кей жерлерде қоршаулар мен даладағы әжетханаларды ағызып әкеткен. Ауыр зардаптар тіркелмеген. 9 адам эвакуацияланып, туыстарына уақытша орналастырылды.
Тұрғындардың айтуынша, бұған дейін мұндай табиғат апат болмаған. Жергілікті құтқарушылар мен коммуналдық қызметкерлер жақын маңдағы ауылдардан әріптестерін көмекке шақырды.
"Шетпе ауылындағы арнайы қызмет өкілдерінен бөлек, Жармыш, Оңды, Шайыр, Отпан, Жыңғылды ауылдарынан келген әріптестер де көмектесіп жатыр. Олар суды сорып шығаруға атсалысуда. Қазір 20 мотопомпа жұмыс істеп тұр. Қалпына келтіру жұмыстары Ащыбұлақ шағын ауданында жалғасып жатыр", – деді Шетпе ауылының әкімі Айдос Шамғұлов.

Қостанайда Ресей флотының мерекесі тойланды: Әкімдік шарадан хабарсыз болған
