81 миллион теңге: Ақтауда қымбат киіз үйлерге жарияланған тендер тұрғындардың наразылығынан кейін тоқтатылды
Ақтауда қымбат бағалы киіз үйлерге жарияланған тендер тұрғындардың наразылығынан кейін тоқтатылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Lada.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: depositphotos.com
Маңғыстау облысының тұрғындары әлеуметтік желілерде облыс әкімдігі жариялаған 12 киіз үйді 81 миллион теңгеге сатып алу бойынша тендерге наразылық білдірді. Түрғындар бұл қаражатты жолдар мен тротуарларды жөндеуге, қоқыс шығаруға және ұзақ уақыт бітпей тұрған құрылыс нысандарын аяқтауға жұмсауға болатынын атап өтті.
"Ертең мейрамнан кейін бұл киіз үйлер қоймада шіріп жатады. Қаланың барлық мәселесі шешіліп қойды? Неге тазалыққа, абаттандыруға және жаңа тұрғын үйлердің жобаларға сәйкестігіне көңіл бөлінбейді? Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі қаланың жағдайын бақылауы тиіс, бірақ олар өз міндеттерін орындамайтын сияқты", – дейді әлеуметтік желі қолданушылары.
Ақтау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Жанболат Жақұпов мәселеге қатысты түсініктеме берді. Оның айтуынша, киіз үйлер 2025 жылы Ақтаудың Түркі әлемінің астанасы атануына байланысты іс-шараларды өткізу үшін қажет болған.
"Көршілес елдерден көп қонақ келеді деп күтілуде, сондай-ақ ұйымдастыруға қойылатын талаптар жоғары, өйткені іс-шаралар тек қала немесе Маңғыстау облысы атынан ғана емес, жалпы Қазақстанды таныстыру мақсатында өткізіледі. Сатып алынуы жоспарланған киіз үйлер заманауи талаптарға сай болып, эстетикалық тұрғыдан әдемі көрінуі керек. Алайда әлеуметтік желі қолданушылары ұсынған киіз үйлер белгіленген стандарттарға сәйкес келмейді. Қазіргі уақытта тендерлік рәсім ресми түрде тоқтатылды", – деді Жанболат Жақұпов.