Қазақстан "Болашақ" гранты бойынша 68 және 70 жастағы студенттерді оқуға жіберген
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек "Болашақ" стипендиясы иегерлерінің жасы жөніндегі сұраққа жауап берді. Министр 78 жастағы бағдарлама қатысушысы әлі күнге дейін грантын өтеу үшін жұмыс істеп жүргенін атап өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: freepik.com
Оның айтуынша, "Болашақ" бағдарламасының екі стипендиаты қазір Варшавада ғылыми тағылымдамадан өтіп жатыр. Бірінің жасы 70-ке жуықтаса, екіншісі 68-де. Сондай-ақ 67-68 жас шамасындағы тағы бір түлек Ресейде, Санкт-Петербург мемлекеттік өнер университетінде тағылымдамадан өткен.
“Бұған дейін бағдарламада 45 жас шектеуі болатын. 2012 жылы біз 40+ санатындағы тәжірибелі мамандарға кәсіби тағылымдамадан өту мүмкіндігін беру үшін бұл шектеуді алып тастадық. Қазір жас шектеулері белгіленді: зейнеткерлік жасқа жетуге кемінде үш жыл қалған жағдайда тағылымдамадан өтуге болады. Яғни, ерлер үшін шекті жас – 61 жас, әйелдер үшін – 57 жас. Бұл өзгерістер биылдан бастап күшіне енеді”, – деді министр.
Сондай-ақ министрлік басшысы бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев сынға алған 78 жастағы зейнеткер туралы айта келе, ол грантын өтеп жатқанын атап өтті.
"Ол адам грантын өтеп жатыр. Бәрі заң аясында", – деді ол.
Айта кетсек, бұған дейін сенат спикері Мәулен Әшімбаев елде дарынды оқушыларды қолдау үшін "Болашақ" бағдарламасына бакалавриат бойыншы білім алу нормасы қайта қосылатынын мәлімдеген еді. Дегенмен грант тек олимпиада жеңімпаздарына берілмек.