"771 құқық бұзушылық анықталды": Шенеуніктер мектептегі тамақтандыру дұрыс ұйымдастырылмағаны үшін жауапқа тартылмақ
Оқу-ағарту министрлігі мектеп асханасындағы қызметкерлерді іріктеу талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізу мүмкіндігі қарастырылып жатқанын мәлімдеді.
Фото: pexels.com
Оқу-ағарту министрлігі Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп еліміздегі мектеп асханаларының санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкестігіне мониторинг жүргізді. Республикалық мониторингтің қорытындыларын Ғани Бейсембаев баяндады.
“Республикалық мониторинг қорытындысы мектептегі тамақтандыруды ұйымдастыру сапасына қатысты сұрақтардың туындауы атқарушы органдар тарапынан әлі де болса бақылаудың жеткіліксіздігін көрсетті. Сондай-ақ мұны заңнама талаптарының бұзылу фактілерінен де анық аңғаруға болады. Мониторинг тобы заң талаптары бұзылуы бойынша 771 фактіні анықтады”, – деді Ғани Бейсембаев.
Сондай-ақ министрлік мектепте тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша кешенді бағалау жүргізді. Бағалау кезінде тамақтандыру сапасына жүргізілген мониторинг нәтижелері, асханалардың қажет материалдық-техникалық жабдықталуы, 1 оқушыға шаққандағы өңірлердегі тамақтану құны және ата-аналар арасында жүргізілген сауалнама нәтижелері ескерілді. Нәтижесінде Жамбыл, Маңғыстау, Алматы, Атырау облыстарының және Шымкент қаласы әкімдіктерінің тарапынан мектептерде сапалы тамақтануды ұйымдастыруға тиісті деңгейде көңіл бөлінбегені анықталды.
Ғани Бейсембаев министрліктің мектепте тамақтандыру қызметтерін сатып алу кезінде өнім берушілерді іріктеу талаптарын бұзғаны үшін лауазымды тұлғаларға әкімшілік жауапкершілік енгізу мәселесін пысықтап жатқанын айтты.
Бұған дейін қазақстандық мектептерде тамақтандыру сапасына күнделікті тексеріс жүргізілетіні туралы жазған едік.