"Үйім де, ақшам да жоқ": Абзал Шынасылдың анасы Шерзат Полаттың отбасына 60 миллион теңге өтемақы төлей алмайтынын айтты
Фото: Видеодан скриншот
Шерзат Полат өлімі бойынша 23 жылға сотталған Абзал Шынасылдың анасы Ақбота Есбергенова "Ел дауысы" бағдарламасына берген сұхбатында баласына шығарылған үкіммен келіспейтінін айтқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Azattyq Rýhy сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Ақбота Есбергенова сотқа қатысамын деп екі ай жұмыссыз қалғанын, 60 млн теңге көлеміндегі өтемақыны төлей алмайтынын айтады.
"Жағдай өте қиын. Балама көп жыл берді. Оған келіспеймін. Өз істегенін айтты, мойындады. Сол ісімен жазалап отыр. "Сотта өз істегенімді айттым, басқа ешнәрсе істеген жоқпын" деді. Қазір менің де жағдайым жоқ. 60 млн теңге сұрап отыр. Өкінішті, қиын болып тұр. Сол жақта жұмыс істеп, өтеп, ақшасын төлесе. 60 млн теңгені төлей алмаймыз. Үйім де жоқ, оны төлейтін жағдайым да жоқ. Осы соттың өзіне де қиналып кеттік, екі ай шапқылап. Екі ай жұмыссыз қалдым", – дейді Абзал Шынасылдың анасы.
Ол ұлын кінәлі деп санағанымен, 23 жыл тым ұзақ мерзім екенін жеткізді.
"Ұлым кінәлі ғой. Өзі де жартылай кінәлімін деп отыр. Кінәсін мойындады. Заңды білмеймін ғой. Бірақ ең болмағанда 15 жыл болуы керек еді. 23 жыл тым көп болып кетті", – дейді Ақбота Есбергенова.
Еске салсақ, 5 маусымда Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында судья Ержан Жанұзақов жасөспірім Шерзат Полатты өлтірді деп айыпталған 9 сотталушыға үкім шығарды.
Сот қаулысымен басты күдікті Абзал Шынасыл 23 жылға бас бостандығынан айырылды. Оған Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі (Адам өлтіру), 293-бабы 3-бөлігі (Бұзақылық), 24-бабы 3-бөлігі (Қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу) бойынша айып тағылды.
2024 жылы 4 қазанға қараған түні Талғарда16 жастағы Шерзат Полат қаза тапқан еді. Оның өлімі қоғамда үлкен резонанс тудырды.

"Қазақ жігіттері эмоциясын көрсете алмайды": Бразилиялықпен көңіл жарастырған қазақстандық аруды сүйіктісінің ұлты да, жасы да алаңдатпаған
