Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"6 жыл қаржы жинап, төмен пайызбен үйлі болдым": Қарағандылық тиімді шартпен үй алудың жолын айтты

отбасы

Соңғы уақытта елімізде тұрғын үйге деген сұраныс артқан. Қазан айының қорытындысы бойынша елдегі 12 аймақта сатылым көбейіпті. Осы орайда баспаналы болуды мақсат еткен жандарға Отбасы банктің тұрғын үй заемы жайлы сөз еткіміз келеді. Бұл – арманыңызды кейінге қалдырмай, тиімді шартпен жүзеге асыруға арналған теңдесі жоқ қаржы құралы. Қарағандылық Сәуле Мубдрахимова Тұрғын үй заемы арқылы үйге қол жеткізген жандардың бірі. Тілшімізге сұхбат берген ол үйлі болуға арналған лайфхактарымен бөлісті.

Сәуле Мубдрахимованың сөзінше, үй алу үшін Отбасы банктен отбасына ортақ бір депозит ашқан. Бұған 6 жыл көлемінде қаржы жинапты.

"Жолдасым екеуміз ауыл шаруашылығымен айналысамыз, мал сатамыз. Басында қатты сенбедік, бірақ сонда да депозит ашып көрейік деп Отбасы банкке ақша құя бастадық. Бастапқыда 4 жылдай депозитке көп қаржы салмағанбыз, тек аз-аздан құйып жүрдік. Оның үстіне мал шаруашылығымен айналысқан соң қомақты қаржы күз немесе қыс кездерінде түседі", – дейді Сәуле Мубдрахимова.

Кейіпкеріміздің айтуынша, Отбасы банк менеджерінің кеңесі бойынша қаржы жинауды тоқтатпай, соңғы екі жылда бар тапқанын депозитке салыпты.

"Күзде мал сатқанда бірден 2-3 миллион теңгеге дейін салып тастайтынбыз. Сөйтіп менеджер біздің қомақты қаржы салғанымызды естіп, керемет кеңесімен бөлісті. Сол кісінің айтуымен жанұямыздың әр мүшесіне депозит ашып, қаржыны бөлетін болдық. Отбасылық пакет деп аталатын қызмет. Солай мемлекеттік сыйлықақыны әр депозитке алып жүрдік. Бұл да баспаналы болу кезінде пайдаланған лайфхак еді", – деп түсіндірді ол.

отбасы

Сәуле Мубдрахимова жиналған қаржыға алдымен жер алып, кейін үйлерінің құрылысын бастапты. Осылайша маңдай термен салған шаңырағына қазан айында көшкен.

"Барлығы 16 миллион теңге жинадық. Бұған дейін несие алып көрмегенбіз, ипотека алғашқы несиеміз болды. 6 жылға рәсімдеп берді, қазір ай сайынғы төлем 257 600 теңге көлемінде. Үйлі боламыз деп мақсат қойғалы тек Отбасы банкке ақша салып, осы банктің тұрғын үй заемымен ипотека алдық. Себебі шарттары өте тиімді, үстінен көп қаржы да қосылмайды. Қазір кішкентай қызымыздың оқуына деп тағы қаржы жинап жатырмыз", – деп түйіндеді ол.

отбасы банк

Тұрғын үй заемы деген не және оны қалай рәсімдейміз?

Тұрғын үй заемы – Отбасы банк ұсынған ипотека түрі. Бұл ипотеканы рәсімдеу үшін жинақ мерзімі кемі үш жыл болуы керек. Несиенің шартына сәйкес сатып алынатын үйді кепілге қою қажет. Ал несиелендіруді 6 жылдан 25 жылға дейін рәсімдеуге болады. Максималды сомасы да үлкен – 100 миллион теңгеге дейін.

Азаматтар тұрғын үй заемын тек пәтер сатып алуға емес, өз баспанасын салуға, жөндеу жұмыстарын рәсімдеуге, бұрын алған ипотекалық несиесін қайта қаржыландыру үшін ала алады. 

Заемды рәсімдеуге қойылатын талаптар көп емес. Бастысы қаржыны Отбасы банктегі депозитте кемі 3 жыл жинау керек. Қажетті соманың 50% жинап, бағалау көрсеткіші (ОП) 16-дан асқанда, қазақстандықтар тиімді шартпен үйлі бола алады. 

Маңызды тұсы, қаржыны депозитте неғұрлым ұзақ жинасаңыз, заемды одан да төменгі мөлшерлемемен рәсімдеуге болады. 

Тұрғын үй заемының қарапайым ипотекадан айырмашылығы қандай?

Тұрғын үй заемының сыйақы мөлшерлемесі төмен, сәйкесінше қарапайым ипотекаға қарағанда үстемесі аз болады. Мәселен, тұрғын үйдің бағасы 35 миллион теңге дейік.

Бастапқы жарна ретінде 50%, яғни 17,5 миллион теңге салдыңыз, ал несие мерзімі 15 жыл. Орташа есеппен сіз ай сайын 125 мың теңге төлейсіз. 15 жыл ішінде артық төлем небәрі 5018000 теңге болады.

Ал сыйақы мөлшерлемесі 14% болатын қарапайым ипотекамен үй алсаңыз, артық төлем 39,1 миллион теңгеден асып кетеді. Ал жалпы төлем 67 миллион теңге болады.

отбасы банк

Қорыта айтқанда, Отбасы банктің тұрғын үй заемымен баспаналы болған азамат үй бағасының үстінен тек 5 миллион теңге төлесе, қарапайым ипотека рәсімдегендер 39,1 миллион теңге немесе 7 есе көп төлейтінін көре аламыз. 

Назархан Уән
Бейсенбі, 04 Желтоқсан, 2025 09:30