6 айлық сынақ мерзімінен өту керек: Астанадағы LRT қашан іске қосылады
Премьер-министр Олжас Бектеновке елорданың LRT құрылысы бойынша негізгі көлік жобаларының бірін іске асыру барысы туралы 112-станса алаңында есеп берілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Үкімет
Өткен жылдың қорытындысы бойынша эстакада, аспалы көпір және барлық стансалардың темірбетон конструкцияларының құрылысы аяқталды. Жобаның қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін Астанада шпалдар өндірісі іске қосылды. Оларды дайындау үшін Б-55 маркалы бетон қолданылады, арматураның алдын-ала кернеу технологиясы қолданылады, бұл тасымалдау кезінде құрылымдардың жарылып кетуіне жол бермейді және аязға төзімділігін арттырады. Бүгінде 35 мыңнан астам шпал дайындалды. Ал жобаға барлығы 87,6 мың бірлік шпал қажет.
“Қазір нысанда рельстер төселіп жатыр. Ұзындығы 2 шақырым болатын учаскеде, сондай-ақ оптикалық талшықта жұмыс аяқталды. Биыл жұмысқа 2 мыңға жуық адам жұмылдырылып, жаз мезгілінде нысанға 5 мыңға жуық маман тартылады”, – деп мәлімдеді үкімет.
“CTS" ЖШС басқарма төрағасы Асылбек Дүйсебаев қыркүйек айында LRT-ны тестілік режимде іске қосу, яғни жолаушысыз пойыздарды сынақтан өткізу жоспарланып отырғанын айтты. Астанадағы жеңіл рельсті көлік жобасы озық GoA4 стандартына сәйкес жүзеге асырылып жатыр, бұл 6 айлық сынақ мерзімін талап етеді.
Премьер-министрLRT бойындағы аумақты абаттандыру жобасымен танысты. Әуежайдан Рысқұлов көшесіне дейін ірі ағаштар мен көпжылдық бұталар отырғызылып, автоматты суару жүйесін орнату жоспарланған. Қабанбай батыр даңғылы бойымен Сығанақ көшесіне дейінгі аумақ балалар және спорт алаңдары, жаяу жүргіншілер жолдары қоғамдық кеңістіктерге бөлінген. Әрі қарай жолаушылар ағыны белсенді 2-теміржол вокзалына дейін кең автотұрақтар, велосипедке арналған жолдар жасалып, көгалдандыру қарастырылған.
Бұған дейін LRT ісі бойынша мемлекетке құны бір миллиард теңгеге жуық нысандар мен жер телімдері қайтарылатыны туралы жазған едік.