5,8 млн теңге: Елімізде жануарларға қатыгездік көрсеткендерге салынатын айыппұл ұлғайтылмақ
Қазақстанда жануарларға қатыгездік көрсеткені үшін айыппұлды 2000 АЕК-ке дейін арттыру ұсынылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі былтырғы желтоқсан айында "Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" заң жобасын ҚР парламенті мәжілісінің қарауына енгізді.
Құжатта жануарларға жауапкершілікті қалыптастыруға және оларға адамгершілікпен қарауды бағытталған нормалар бар.
Министрліктің мәліметтері бойынша, заң жобасы қабылданғаннан кейін жануарларды мәдени, ойын-сауық, демонстрациялық, сондай-ақ ғылыми зерттеулер, биологиялық тестілеу, оқу процесі және медициналық мақсаттарда пайдаланылатын эксперименттік жануарларды күтіп-бағу мен өсіруге қойылатын талаптар күшейтіледі.
Бұдан басқа, қолданыстағы заңнамаға жануарларға дене жарақаттарын салуға, өлтіруге, төбелестіруге, сондай-ақ оларға қатыгездікпен қарауға насихаттайтын баспа, аудио-видео өнімдерін көрсетуге, таратуға тыйым салу жөніндегі нормаларды қосу туралы қосымша ұсыныс енгізу жоспарланып отыр.
"Мүдделі мемлекеттік органдар жануарларға қатыгездік көрсеткені үшін айыппұлды 2 000 АЕК-ке дейін ұлғайтуды немесе екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу түрінде жаза тағайындауды ұсынады. Ол үшін Қылмыстық кодекстің 316-бабына өзгерістер енгізу талап етіледі", - деп нақтылады ведомствода.
Сонымен қатар, экология министрлігі ауыл шаруашылығы жануарларын жаю ережелерін, иттер мен мысықтарды ұстау және серуендету ережелерін, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою ережелерін бұзғаны үшін Әкімшілік кодекстің 408-бабын қатаңдату, айыппұлды 20 АЕК-ке дейін ұлғайту ұсынылғанын атап өтті.