Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

50 жыл бұрын өлім жазасына кесілген ер адам 88 жасында ақталып шықты

88 жастағы жапониялық азамат Ивао Хакамада адам өлтіргені үшін өлім жазасына кесіліп, жазаның орындалуын 56 жыл күткен. Жарты ғасыр уақыт өткен соң сот Ивао Хакамадаға қарсы дәлелдер қолдан жасалды деген шешімге келіп, сотталушыны ақтап алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC-ге сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: RTR Japan/Видеодан скрин

Ивао Хакамада бастығының отбасы мүшелерін – бастығын, оның әйелі мен екі қызын өлтіргені үшін 1968 жылы өлім жазасына кесілді.

Ол 1966 жылы жапониялық дәмдеуіш шығаратын зауытта жұмыс істеген. Сол жылы оның бастығының үйі өртеніп, үйден төрт адамның мәйіті шығарылды. Сот-медициналық сараптамадан кейін марқұмдардың алдымен суық қарумен бауыздалғаны белгілі болды. Сөйтіп Хакамада отбасы мүшелерін өлтіргені, үйге өрт қойғаны үшін және 200 мың иен ұрлағаны үшін өлім жазасына кесілді. 

Айыпталушы алғашында қылмыс жасамағанын айтып, кінәсін мойындаған жоқ. Алайда 12 сағатқа созылған жауап алудан, ұрып-соғудан шаршағанын, кінәсін мойындаудан басқа амалы қалмағанын айтып, мәлімдеме жасайды. Сөйтіп ол 1968 жылы өлім жазасына кесілді. 

2014 жылы іс қайта қаралды. Сотталушының адвокаттары қылмыстық істі тергегендер Ивао Хакамадаға қарсы айғақтарды қолдан жасады деген күдіктің барын айтты. 

50 жылдан астам тергелген қылмыстық істің қайта қаралуы жапон халқының арасында резонанс тудырды. Сот айыпталушынының ақталғанын мәлім еткен күні сот ғимаратының алдында 500-ге жуық адам жиналды. 

Алайда Ивао Хакамаданың өзі сот отырысына қатысқан жоқ. Сот айыпталушының психологиялық денсаулығының нашарлауына байланысты кез келген сот отырысына қатысу міндетінен босатты. Жақындарының айтунша, ұзақ жылдар бойы түрмеде жалғыз отыруы, күн сайын өлім жазасына кесілгені туралы есту ер адамның психикасының бұзылуына әкеп соққан. 

Ивао Хакамада 2014 жылы істің қайта қаралуын үйінде, әпкесінің қарауында күтсін деп түрмеден босатылды. 

Талқылау