59 мың долларынан айырылған ана: Қытайда қылмыскер атанбап едім
Ата жұртын аңсап келіп, шекарада 50 мың доллар ақшасынан айырылып, “контрабандашы” атанған жалғызбасты әйелдің мәселесі 1 аптадан кейін шешілмек. Кеше теларна арқылы арызданған Гүлжан Мәуітханға қатысты сот ісі 17 наурызда өтеді екен. Бүгін осы хабарды естіп көңілі құлазыған жалғызілікті ананың айтар базынасын тілші тыңдап қайтқан еді.
Бұл туралы 31 арна хабарлады.
Астанаға келгелі түйіншектерім жиналмады деп осылай мұңын айтқан Гүлжан Мәуітхан, 2-3 күннен кейін тағы да жолға шығамын дейді. Бас қалаға келіп әділдік іздеп жүрген жалғызбасты анаға бүгін “сотқа келіңіз” деген хабар жетіпті.
“17 күні сотқа шақырып жатыр” дегенде таңертеңнен бері жыладым. “55 жыл өмір өткізгенде, Қытай мемлекетінде жүргенде қылмысты атанбап едім, елім-жұртым деп келгенде қылмысты атанып, сотқа тартылатын болып отырмын” деп бағанадан бері балама да шырылдап жыладым», – дейді Қытайдан оралған қандасымыз Гүлжан Мәуітхан.
“Балама ұрыспағанда қайтем, жан-айқайымды еститін басқа құлақ болмаса” дейді. “Нұр Отаннан” бастап, құзырлы органның бірқатарына арызданып шығыпты. 10 күндей уақыт өтсе де, әлі жағымды жаңалық естімеген. Есесіне, шекарада ұсталған бейнежазбалары мен ақпараттары Қытайдағы әлеуметтік желілерде таралып кетіпті. Оны оқыған арғы беттегі қазақтар жүрексініп отыр екен.
«Ар жақтағы бүкіл ел-жұрт болсын, бәрі “Бұл қалай болады соңы? Қазақстанға барып жатқан елді шекарада тонап жатыр дегеннің бәрі шындық па?” деп осының бәрі үлкен аңыз тудырып отыр. Ол жақтағы ел дүрлігіп жатыр», – дейді Гүлжан Мәуітханның келіні Гүлсара Дәуенхан.
Кеденшілер ақшаны тәркілеу шарасы мемлекеттік тілде өтті деген болатын. Алайда, қазақша дегеннің өзінде Қытайдағы қандастар үшін түсініксіз сөздер көп екен.
«Түсінбейтін сөздеріміз көп. Декларация дейді, біз ондай нәрсені түсінбейміз. Одан кейін “штраф” дегенді. “Пал” дейді бізде. “Пал ақы” дейді “штраф” дегенді», – дейді Мәуітхан.
Айыппұл демекші, Гүлжан Мәуітхан қажет болса айыппұлымды төлеуге дайынмын дейді. Тек, Астанадан пәтер алуға арнаған бар жинағынан айырмаса болғаны деп отыр. Заңды деп өзіне қайтарған 10 мың долларды жолақысы мен пәтерақсысына төлеп, қалғанын адвокатқа дайындап қойған. Ендігісі 17 наурыздағы соттың шешіміне байланысты болмақ.
«Әділ заң болмаса, қайда болса да, әлемге болса да жариялап, осы ақшам үшін жанымды пида қылайын деп отырмын», – деп түйіндеді сөзін ашынған ана.
Жіберіп алмаңыз:
Ақмола облысында заттарын тегін тарататын дүкен ашылды
ОҚО-да 14 жастағы жасөспірімді атып өлтірген күдікті Жамбыл облысы аумағында қолға түсті
Алматы облысында сатушы әйел қару кезенген тонаушының өзіне тап берді (видео)