Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

5 жасар қызды қағып өлтірді: Жетісу облысында мас жүргізушіні сот босатып жіберген

Фото: orda.kz

Жетісу облысында 5 жастағы қызды қағып кеткен мас жүргізушіні сот үй қамаққа жіберген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Orda.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Жол апаты 16 мамыр күні кешке Жетісу облысының Алакөл ауданына қарасты Достық станциясында болған. 5 жасар қыз алған жарақаттарынан оқиғадан он күн өткен соң ауруханада көз жұмды.

"Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ-ның 45 жастағы қызметкері Махсат Жақсылықов мас күйде рөлге отырып, жол жиегінде келе жатқан әйел мен оның екі баласын қағып кеткен.

Куәгерлердің айтуынша, әйел балалар арбасында жатқан кішкентай баласын итеріп үлгерген, бірақ бес жастағы Сезім Рүстемқызы көліктің астында қалып қойған. Баланы көліктің астынан шығарып жатқан сәтте, жүргізуші көлігін тастап, оқиға орнынан қашып кеткен.

Оқиға орнына келген Алакөл аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері тек жол ережесінің бұзылғанын тіркеген. Ал ауыр хәлде жатқан қыз бала Достық ауылындағы ауруханаға жеткізілген.

Сот ісі материалдарына сәйкес, күдікті Жақсылықов 17 мамыр күні таңғы сағат 04:30 шамасында өз еркімен полицияға келіп, кінәсін мойындаған.

Өз әрекетін ақтауға тырысқан Жақсылықов "ашулы топтан қорқып кеткенін" айтып, сол себепті оқиға орнынан қашып кеткенін мәлімдеген.

Сол күні-ақ ол аудандық уақытша ұстау изоляторына қамалды. Алайда 18 мамырда күдікті үй қамаққа босатылды.

Судья Элмира Асубаеваның пікірінше, бұл қылмыс "онша ауыр емес" санатқа жатады екен. Айыпталушының тұрақты мекенжайы, жұмысы, сондай-ақ асырауында бес баласы бар. Сонымен қатар оның жасырынуы немесе қылмысты қайталауы мүмкін екені дәлелденбепті.

Қыздары көлік астына түскен ата-ана кінәлі адамды жазалауды ойлап та үлгермеген.

Олар баланы аман алып қалу үшін дәрі-дәрмек пен қан іздеген. Алғашында Сезім Достықтағы ауруханада жатты, кейін Алакөл аудандық орталық ауруханасына ауыстырылды.

Он күн бойы дәрігерлер кішкентай қыздың өмірі үшін күресті. Алайда алған жарақаттарынан 26 мамыр күні Сезім есін жимастан көз жұмды.

"Кеше кездейсоқ білдім, қызымның өліміне себеп болған жүргізуші үй қамақта да болмаған екен. Ол сот шешімінде көрсетілген мекенжайда тұрмаған. Көршілер Жақсылықовтар отбасының жол апатынан кейін бірден Үшаралға көшіп кеткенін айтты. Мен полиция шақыруға мәжбүр болдым, ауыл әкіміне де хабарластым", – дейді марқұм Сезімнің әкесі Рүстем Омаров күйініп.

Көрсетілген мекенжайға келген әкімдік өкілдері мен полиция Жақсылықовтың пәтері жабық екенін және оның ол жерде тұрмайтынын актімен тіркеген.

"Сонда бұл адам осы уақыт бойы сот шешімінде көрсетілген мекенжайда тұрмаған, соттың талабын орындамаған, қашып жүрген. Ал оны қадағалауға міндетті органдар ешқандай шара қолданбаған. Маған оны біреу қорғаштап жатқандай көрінді", – дейді марқұм қыздың әкесі.

Жетісу облыстық полициясы мен прокуратурасы әзірге жағдайға қатысты ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ.

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 02 Маусым, 2025 22:01
Талқылау