Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

5 шақырым жолға 790 миллион теңгеге жуық қаржы бөлген Жетісу әкімдігі дауға қалды

Фото: Жаркент қаласы әкімдігі

Жетісу облысы Жаркент қаласындағы екі көшенің күрделі жөндеуіне қатысты басталған инфрақұрылымдық жоба сот ісімен аяқталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Келісімшарт бойынша жөндеу жұмыстарының жалпы құны 787,8 миллион теңгеге тең. Аталған қаржыға мердігер мекеме екі көшені жөндеп, жаңа көпір салуы керек еді. Алайда жауапты компания жұмыстарды уақытында орындамай кеткен. Тұрғындардың айтуынша, бір жылдан бері көшелер қазылып, жөнделмей, сол күйінде қалған.

"Көшені қопарып кеткендеріне бір жыл болды. Жаңбыр жауса — батпақ, бұрын далаға киім жайып қоятын едік, қазір бәрі шаң-тозаң болады. Қайтадан жууға тура келеді. Оған қоса, балаларымыз осы шаңнан ауырып, аллергиялары қозып кетті. Қазір жаз мезгілі, көліктер қатты жүріп, шаңды аспанға көтереді", — дейді Сыпатаев көшесінің тұрғындары.

Әкімдіктің мәліметінше, осыдан екі жыл бұрын жобаға 50 миллион теңге бөлініп, Сыпатаев көшесіне жаяу жүргіншілер жолы салынған. Ал 2024 жылдың сәуірінде қосымша 150 миллион теңге бөлініп, Ходжамьяров көшесінде жаяу жүргіншілер жолы мен негіздемесі бойынша жұмыстар атқарылған. Дегенмен сол жылдың қарашасында асфальт төсеу битум тапшылығына байланысты тоқтатылған.

"Жобаның қалған 587 миллион теңгесі 2025 жылға жоспарланған еді. Бүгін мердігер мекеме өз міндеттемелерін орындамағандықтан, бөлім компанияны сотқа берді. Жетісу облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты 147 миллион теңге көлеміндегі аванстық төлемді өндіріп алу туралы шешім шығарды. Бұған қосымша, 2025 жылғы 7 сәуірде "МАКС дорстройсервис-21" ЖШС-ін жосықсыз мердігер деп тану және негізгі келісімшартты бұзу туралы талап арыз сотқа жолданды. Қазір бұл арыз соттың қарауында", — деп хабарлады Панфилов ауданы әкімдігінің өкілдері.

Алайда жөндеу жұмыстарының нақты қашан аяқталатыны белгісіз. Бұл сұрақ тұрғындар үшін әлі де өзекті. Әкімдік өкілдері де бұл мәселеге нақты жауап бере алмады.

Айым Болатқызы
Дүйсенбі, 05 Мамыр, 2025 15:48
Талқылау