
5 ақпаннан бастап еліміздің барлық кинотеатрларында режиссер Думан Еркімбек пен продюсер Жалын Тілеубергеннің "Ғашықпын саған" атты жаңа фильмі көрерменге жол тартты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оқиға желісі бойынша, арман қуып Алматыға келген Еңлік тезірек табысқа жетіп, ауылдағы анасы мен інісін қалаға алдыруды көздейді. Әкесіз өскен ол оқуын жалғастырып жүріп, қатарынан жұмыс істеп, өмірдің түрлі қиындықтарына қарсы тұруға мәжбүр болады. Алайда үлкен қала өз тәртібі мен күтпеген сынақтарын алға тартады. Тағдырлар тоғысқан мегаполисте Еңлік әнші болуды армандайтын Арман есімді жігітпен кездейсоқ танысады. Осы таныстық олардың өмірін түбегейлі өзгертеді. Нәтижесінде Еңлік маңызды таңдау алдында қалады: отбасының жағдайын жақсарту үшін өз арманы мен сезімінен бас тартып, байлық жолын таңдау немесе өз бақыты үшін күресіп, махаббатты таңдау.
Фильмде басты рөлдерді қазақ киносының жас әрі танымал актерлері – Шұғыла Ешен мен Жасұлан Көпберген сомдайды. Бұл актерлік дуэт бұған дейін де көрерменге кеңінен танылған Qaitadan фильмінде бірге ойнаған. Сонымен қатар Шұғыла Ешен SHEKER. Соңғы мүмкіндік фильмі үшін 2025 жылы "Сыншылар таңдауы" сыйлығының "Екінші пландағы үздік әйел рөлі" номинациясында жеңімпаз атанған. Картинада сондай-ақ Әбілмансұр Серіков, Сағызбай Қарабалин, Аделина Ералиева және Ерболат Тоғызақов секілді актерлер екінші пландағы рөлдерді орындайды.
Режиссер Думан Еркімбектің айтуынша, фильм идеясы жұбайымен бірге жеті жыл бұрын пайда болған. Оның сөзінше, қазіргі уақытта Қазақстанда кино өндірісі қарқынды дамып келе жатқанымен, махаббат тақырыбындағы фильмдер әлі де аз түсіріледі. Сондықтан олар дәл осы тақырыпқа тоқталған. Режиссердің пікірінше, "Ғашықпын саған" – тек бір кейіпкердің емес, Алматыда танысып, тағдыр тоғыстырған мыңдаған, тіпті миллиондаған жастардың ортақ оқиғасы.
Продюсер Жалын Тілеуберген фильмде Алматының көрікті және көпшілік біле бермейтін ерекше орындары кеңінен көрсетілетінін атап өтті. Айтуынша, бастапқыда картинаның атауы "Алматының біз білмейтін көшелері" деп жоспарланған. Сонымен қатар продюсер мен режиссердің өткен жылғы Qaitadan фильмі прокатта үлкен жетістікке жетіп, 2025 жылдың қорытындысы бойынша бір миллиард теңгеден астам табыс жинаған.
Фильмнің музыкалық сүйемелдеуі де ерекше орын алады. Картинаға композиторлар Олжас Далелхан мен Сұлтан Тұрсынбеков музыка жазған. Сонымен бірге мелодрамада ARShAT орындауындағы жастар арасында кеңінен танылған "Қатігездеу Алматы" әні және dudeontheguitar-мен бірге жазылған Gashyqpyn sagan композициясы естіледі.
Осылайша, Ғашықпын саған мелодрамасы 5 ақпаннан бастап еліміздің барлық кинотеатрларында көрсетіле бастайды.