Жол апатына түсіп жадынан айырылған ер адам тағы да апатқа түсіп, 45 жылдан кейін өткенін есіне түсірді
Фото: ndtv.com
Үндістанның Сирмаур ауданындағы шағын ауылдан шыққан Рикхи Рам 45 жыл бұрын жол апатына түсіп, жадынан айырылған. Сол уақыттан бері ол отбасымен араласпайды. Алайда ол жақында қайтадан апатқа ұшырап, нәтижесінде оның санасында ұмыт қалған естеліктер қайта оралды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
1980 жылы небәрі 16 жастағы Рикхи жұмыс іздеп Нади ауылынан қалаға жолға шыққан. Қонақүйге жұмысқа орналасып, қайтар жолда ауыр жол апатына түсіп, басынан жарақат алған. Осы жарақаттан кейін ол өзінің кім екенін мүлде ұмытып, туған-туыстарынан ажырап қалды. Ата-анасы ұлын таба алмай дүниеден өткен.
Сол кезден бастап Рикхи Мумбай қаласында өмір сүрді. Жергілікті тұрғындар оған жаңа есім мен тегі беріп, ол колледжге түсіп, отбасын құрып, үш баланың әкесі атанды.
Алайда бірнеше ай бұрын тағы бір жол апатына түскеннен кейін оның жадында бала күнгі көріністер қайта орала бастаған. Ол түсінде туған ауылын, үй алдындағы әткеншекті, манго ағаштарын және таудағы соқпақтарды көрді. Басында мән бермегенімен, естеліктер жиілеп, ол бұл туралы әйеліне айтып, өткенін зерттеуге шешім қабылдаған.
Сөйтіп ол туған ауылының ізін тауып, отбасымен араласқан бұрынғы танысқа хабарласқан. Сол адамның көмегімен Рикхи бала күнгі оқиғаларды, тірі туыстарының есімдерін есіне түсіре алды. Қазір ол өзін жас кезінде жоғалтқан отбасының арасына қайта оралды.
Айта кетейік, бұған дейін дәрігер дәрі тағайындағанда үтірді дұрыс қоймауы кесірінен 2 жасар бала көз жұмғаны хабарланған еді.